Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шымкенттің әкімін «шаршатқан кім?»

Шымкенттің әкімін «шаршатқан кім?»

Айқын-ақпарат
970
Шымкенттің әкімін «шаршатқан кім?» Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бір топ белсенді жастармен «Мотор» ойын-сауық орталығында жүздесіп, әңгімелескен көрінеді. Еркін диалогта өткен отырыстағы әңгімені «Рейтинг» газеті жариялаған.

- Жақында мені іздеп, бір ел ағасы келді. Жанында ұлы бар. «Баламды қызметке тұрғыз» дейді. Баласы оқуды енді аяқтаған студент болса мейлі, түсінер едім. Жоқ, қырықты алқымдап қалған жігіт ағасы еді. Сосын мен құрдасыма «әкеңді араға салуға ұялмайсың ба? Намысың жоқ па?» деп, ақыры, жұмысқа қабылдамадым. «Дайын асқа тік қасықтарды» жақтырмаймын. Кейін әкесі бұған ренжіп, «енді сені тойыма шақырмаймын, көрмегенім сен болсын» деп есікті тарс жауып, ат құйрығын үзісті. Жалпы, мен той-томалақтан аулақ жүргім келеді. Онда барсаң, көптеген адамдар жеке басына қатысты мәселесін айтып, шешіп алуға тырысады. Мен мұндайға қарсымын.

Кезінде  жұмысқа ақшасыз, конкурс арқылы қабылдандым. Содан бері өз міндетімді абыроймен атқарып келемін. Мысалы, қазір мен қала әкімімін. Бірақ, мұнда мәңгі отырмаймын ғой. Ертең басқа жаққа кетсем, артымнан мен туралы жақсы әңгімелер айтылса екен деймін. Сол үшін бұқара мұқтажын тыңдап, қолдан келгенше, яғни үлгергенімше, талап-тілектерін орындауға тырысамын.

Жұмыс істегенді жақсы көремін. Бір сәт қарап отыра алмаймын. «Қатып қалған», яғни ұзаққа созылатын ресми жиналысты жақтырмаймын. Үнемі костюм-шалбар кигім, галстук таққым келмейді. Еркін жүргенді қалаймын. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен Германияда білім алдым. Сонда байқағаным, қала мэрлері жұмысқа қарапайым джинсы шалбар киіп келе береді. Көбіне қоғамдық көлікпен, велосипедпен қатынайды. Осылайша олар халықпен етене араласады. Әкім кім, қарапайым қала тұрғыны кім, ажырату қиын. Еуропада бұл қалыпты жағдай. Ешкім «әкім осылай істепті» деп сөз қылмайды.

Салауатты өмір салтын ұстанғанды құп көремін. Кейде жұмысқа велосипедпен барамын. Қаланы өзі де, терезесі де қап-қара «Мерседеспен» аралаған бір бөлек, велосипедпен аралаған басқа әсер сыйлайды. Сонда көшедегі кемшін тұстарды, жолдағы ой-шұқырларды байқаймын. Сосын дереу осыған жауаптыларды шақыртып алып, олқылықты тез арада жоюға тапсырма беремін. Әрі ұмыт қалдырмай, қадағалап отырамын.

Қаладан талантты жастар орталығын ашқым келеді. Мұнда олар бір-бірімен пікір алмасады, идеялар айтады. Бойындағы «потенциалды» ашады. Маңызы зор тың жобалар осындай ортада дүниеге келеді. Сондықтан, алдағы күнде осыны терең зерттеп, жан-жақты ойластырып барып іске асырмақ ойым бар.

Қазір Шымкенттік талантты жастар Алматыда, Астана жұмыс істеп жүр. «Соларға материалдық жағдай жасап, неге өзімізге қайтармасқа» деген сөздер жиі көтеріледі. Әрине, бұл ойларыңызбен келісемін. Дегенмен, мен оларды Шымкентке қайтарғым келмейді. Себебі, мұнда олар «провинциал», яғни, жергілікті деңгейде қалып қояды. Бұл – талантқа жасалған қиянат. Адам өсу керек. Ол үшін адам өзін түрлі ортада сынап көргені маңызды.

Жергілікті таланттар Шымкентті бағындырып, Астанаға кетем десе, еш қарсы емеспін. Керісінше, қуанамын. Астана оған «тар» болса, Лондон, Нью-Йорк, Голливудқа барсын. Осылайша, ол тәжірибе жинап, шыңдалады. Түрлі мәдениеттермен бетпе-бет келгесін өмірге көзқарасы өзгереді. Мысалы, әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетов өзіміздің Атырауда дүниеге келген. Тынбай еңбек етіп, әлемдік деңгейге шықты. Мен де біздің таланттарды осындай биіктен көргім келеді. Кейін өте бай тәжірибесімен Шымкентке қайта оралып, жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Шымкент – тарихы тым тереңде жатқан қала. Бізге осыны жаңғыртып, кеңінен насихаттау керек. Мен әлі-ақ Шымкент Қазақстандағы туризм орталығы болады деп сенемін. Сол себепті, осыған әрбір қала тұрғыны атсалысса, мәдениетті болса деймін. Ең маңыздысы, жұрт менталитет тұрғысынан өзгеру керек. Бұрынғы «көке, жәке» іздейтін, тамыр-таныстықтан арылып, жастар тек өзіне сенсе деймін. Заманауи болатын кез жетті!