Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өзбектер Астанаға келіп арманын айтты

Өзбектер Астанаға келіп арманын айтты

Айқын-ақпарат
1133
Өзбектер Астанаға келіп арманын айтты Өзбектер Самарқан мен Бұхараны ЭКСПО-2017 көрмесінің қонақтарына арналған турпакетке қосуды ұсынды.

Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукулов ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылыс алаңында болып, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есімовпен кездесті.

Улугбек Розукуловтың назарына көрменің және оған іргелес орналасқан архитектуралық ансамблі ұсынылды. Делегация өкілдері осы айдың аяғында халықаралық қатысушы мемлекеттерге ұсынылатын халықаралық павильондарды аралап шықты. Бүгінгі таңда 105 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындығын ресми түрде растады.

  • Құрылыстың ауқымы мен сапасы таң қалдырады. Қазірдің өзінде көрменің шын мәнінде сәтті өтетіндігіне күмән жоқ. Өз тарапымыздан, ЭКСПО-2017 аясында Самарқанд пен Бұхараға арнайы туристік тур ұйымдастыруға дайынбыз, - деді Улугбек Розукулов.

Қазіргі таңда, шетелдік туристер үшін Қазақстанның барлық өңірін қамтитын 73 маршрут әзірленген. Келесі жылы ЭКСПО-2017 көрмесіне 5 миллионнан астам турист келеді деп жоспарланып отыр.

Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін ынтымақтастықты кеңірек нығайтуды қолына алған ресми  Ташкент енді сыртқы саясатта өзгеріс қалайтынын аңғартқандай. Өйткені президенттік сайлауға түсіп жатқан Шавкат Мирзиеев қазірдің өзінде халықтың көңілінен шығатын реформалар жасай бастады. Атап айтар болсақ, Мирзиеев қысқа уақыт ішінде елде біршама өзгеріс енгізді. Мәселен, Үкіметте, аймақтық әкім­шіліктерде кадрлық өзгерістер жасады. Кәрімовтің билігі кезінде сахнаға шығуға рұқсат етілмеген елге белгілі әртістер қайтадан  сахнаха  оралды. Кез келген Өзбекстан азаматы өзін толғандырып жүрген көкейкесті мәселелер жөнінде айта алатын болды, әр жерден қоғамдық қабылдау орны ашылды. Әлеуметтік желілерде премьер-министр және парламенттің арнайы беттері пайда болды. Кәсіпкерлерге де біршама жеңілдіктер жасалды. Басқа да қордаланған жайттар шешіліп, президенттің міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеев  қордаланып қалған мәселелерді  біртіндеп шешіп жатыр. Бұрын Ташкент тарапынан ресми делегациядар президенттік деңгейде ғана басқа мемлекеттерге сапар шегетін.  Ал қазір ынтымақтастықты нығайту үшін премьер-министрдің орынбасарлары да іссапарға шығатын болды. Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары Улугбек Розукулов Астанаға арнайы сапарлап келіп, біздің үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың кездесуінде де сыр бар. «ЭКСПО-2017»-нің жобасымен танысып, салынып жатқан құрылыстарды мақтап тұрып, олар осы жолы байқатпай «өзбектік мүддесін» қозғап кетті. «Өз тарапымыздан, ЭКСПО-2017 аясында Самарқанд пен Бұхараға арнайы туристік турды ұйымдастыруға дайынбыз», - деді Улугбек Розукулов.

 ЭКСПО-дан Бұхара мен Самарқандқа қарай турист ағылса, өзбек қазынасына ақша түседі. Мұның барлығын ресми Ташкент іштей сезіп,  біліп отыр. «Тиын болса да, өзіміздің қазынаға түссін» деген тілек, бұл.

...Қазақтың орыстілді атқамергерлеріне бәрібір, ертең бір маршрут етіп, турпакетке Самарқанд пен Бұхараны қоса салуы да ғажап емес. Біздікі «келетін 5 миллион туристің ең болмағанда, 1-2 миллионы Қазақстанның көрікті жерлерін аралап шықса»... деген қазақы арман ғой.  Ақша өзімізге түссе деген ниет.