Негізгі бет  /  мақалалар  /  Табақты және саусақты жалап қою ұят па?

Табақты және саусақты жалап қою ұят па?

Айқын-ақпарат
914
Табақты және саусақты жалап қою ұят па? Қазір көптеген құндылықтар қолданыстан қалып, ұмыт болып жатқаны мәлім.

Соның ішінде сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да керемет сүннеттері де күн тәртібінен түсіп, ескіліктің қалдығы ретінде естен шығып жатқан сыңайлы. Сондай маңызды сүннеттердің бірі – тамақ жеп болған соң, табақты және ас жеген саусақтарды тазалап, жалап қою.

Жасыратыны жоқ, бүгін бір адам дастархан басында ас ішкен табағын қолымен немесе бір үзім нанмен тазалап отырса, саусақтарын жалап жатса, қасындағылар оны теріс түсінетін сияқты. Тіпті, кейде үй иелері осылай жасап отырған қонағына: «Тағы да құйып әкелейік те, тамақ бар» деп бәйек болып жатқанын да көріп қаламыз. Ал керісінше,  табақтың түбінде тамақ қалдырып, саусақтарды майлықпен немесе арнайы қағазбен сүртуге көзіміз үйреніп қалғандай.

Ал енді осы бір кішкентай ғана ісіміз бізді Алланың берекесінен айыруы мүмкін екенін білетін бе едіңіз? Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл хадистерінің бірінде (астан кейін) табақты және саусақтарды жалап қоюды бұйырып: «Анығында, оның қай жерінде береке барын сендер білмейсіңдер ғой» деген өсиетін қалдырған (Сахих Мүслим).

Олай болса, ыдыстағы немесе саусақтағы ас қалдығын жалау – жиіркенішті іс те емес, ұят та емес. Мәдениетсіздік пен дөрекілікке де жатпайды.

Табақта ас қалдыру болса,  ысыраптың үлкен бір бастауы, берекеден ажыраудың бастамасы, сүннетті жасамай сауаптан мақұрым қалу, басқа да келеңсіз жағдайларға себеп. Сондықтан, осы бір сүннетке жеңіл қарамайық, ағайын!

islam.kz