Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мейлінше жоғары пайдамен сату

Мейлінше жоғары пайдамен сату

Айқын-ақпарат
880
Мейлінше жоғары пайдамен сату «Самұрық-Энерго» АҚ өзінің жекешелендіруге жататын еншілес кәсіпорындарына шетелдік инвесторлардың қызығушылық танытуына сүйенеді.

«Компанияның инфрақұры­лым­дық активтері оның кепілді өткізу нарығы бар, болжауға бо­латын бизнес екенін білдіреді. Бұл – үлкен артықшылық» деп санай­ды «Самұрық-Энерго» АҚ эконо­ми­ка және қаржы жөніндегі бас­қарушы директоры Қайрат Мақ­сұтов. 
«Біздің тауарлар қашан да сұ­ранысқа ие. Жылудың да, жарық­тың да қай кезде де түпкілікті тұ­ты­нушысы бар. Кепілді өткізу – ең тартымды сәттердің бірі. Бұған қоса оны реттеудің оң тұстары да бар – бұл тауарлардың құны мен тарифтік сметасы қай кезде де мықты инвестициялық бағдарла­маларға байланысты болады. Яғни бес жылдық кезеңде (әдетте та­риф­тер бес жылға бел­гіленеді) ау­қымды инвестициялық бағдарлама жасап, компанияның дамуына жаңа ты­ныс беруге бо­лады. Оның үстіне бұл компания­лардың қашан да белгілі бір тиім­ділік нормасы бар. Бұдан бөлек, егер меншік иесі активті тиімді басқаратын болса, онда ол шы­ғыстарды оңтайлан­дыру ар­қылы қо­сымша пайда ала алады. Сон­дықтан біз активтер сұ­ра­ныста бо­лады деп есептейміз, оның үс­тіне жалпы халықаралық бенчмар­кинг инфрақұрылымдық активтердің тұрақты сұранысқа ие екенін көр­сетеді» дейді Қайрат Мақсұтов. 
Жекешелендіруді жүргізу үшін халықаралық консультант­тар тар­тылған, олар халықаралық стан­дарт­тардың транспаренттілігі мен қолданылуын қамтамасыз етеді. «Самұрық-Энерго» хол­дингінің 2017-2020 жылдар ішінде бәсе­келес ортаға беруге жататын жеті кәсіпорны қазіргі кезде сату ал­дындағы дайындық үстінде – диагностика жасалып, активтерді бағалау жүргізілуде, сату стра­тегиясы мен рәсімдері анықталуда, мүмкін болатын сату мерзімдері талқылануда. 
Инвесторларға сату үшін мыналар ұсынылады: Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Тегіс­Мұнай» ЖШС, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ, Ақтаудағы «МЭБК» АҚ, Шы­ғыс Қазақстандағы «ШҚ АЭК» АҚ «Шығысэнерготрейд» өткізу компаниясымен бірге. Алматыда – «АлЭС» АҚ, оған 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, СЭС каскады және Қапшағай ГЭС-і , «Алатау жарық компаниясы» АҚ пен «Ал­ма­тыЭнергоСбыт» ЖШС кіреді.
Холдингтің басқарушы дирек­торының айтуынша, сату алды дайын­дығы аясында бірқатар ак­тивтерді оңтайландыру ұсы­ны­лады. Басқа активтерді алсақ, олар бойынша объектінің құнын көтеру үшін инвестициялық бағдарла­маны іске асырудың мәні бар. Ал үшіншілері бойынша өтелімділікті қамтамасыз ететін тариф немесе ақылға қонатындай тиімділікке қол жеткізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу ұсынылды.
«Біз қазір қай активтерді сатуға болатынын, ал қай активтермен айналысу қажет екенін қарап жа­тырмыз. Жекешелендіру үдерісінің өзі бес жылға жоспарлануының өзі жайдан-жай емес, бұл кезең ішінде активтердің құнын барынша көтеру үшін кешенді іс-шаралар өткізуге болады» дейді Қайрат Мақсұтов. 
2015-2016 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ-тың бірінші кезектегі кәсіпорындары жекешелендірілді. «Шелек-28» ЖШС-ның 70%, «Кара­гандагипрошахт и К» ЖШС-ның 90%-ға жуық, «Т.Батуро­ватындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-тың 50% мөлшеріндегі қатысу үлестері сатылды. 
Серік ӘЛІМБАЕВ, 
Астана