Негізгі бет  /  мақалалар  /  ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ҚЫТАЙ...

ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ҚЫТАЙ...

Жомарт Молдахметұлы
930
ТАНЫС ТА БЕЙТАНЫС ҚЫТАЙ... Қазақстанның ежелгі көршісі Қытай мемлекеті бүгінде дамудың жаңа сатысына көтеріліп, тұрғындардың әл-ауқаты анағұрлым жақсарыпты.

Бұған біз таяуда осы елдің Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы аймағына іссапармен барғанда айқын көз жеткіздік. Бүгін көрші елден көрген-түйгендерімізді оқырмандарға жеткізуді жөн санадық.

Алматының халықаралық әуе­жайынан «Эйр Астана» әуе ком­па­ния­сының «Эмбраер» ұшағымен ұш­қан біз небәрі 1 сағат 25 минутта ШҰАР бас қаласы Үрімжіге табан тіре­дік. Ұшақтан түсіп, кедендік рә­сімдеуден өткен соң бізді осы ел­дің ғылым академиясының жауап­ты қызметкері, селекционер-ға­лым Сейілхан күтіп алды. Сейіл­хан алдымызда, біз соңында сыртқа беттеп келеміз. Әуежайдың қалаға шы­ғатын есігінен аттап далаға шық­қанымыз сол-ақ екен, құдды Ал­матыдағыдай топырлаған жүр­гізушілер қытай және ұйғыр тіл­дерінде «қайда барасыздар, көлік дайын, қиналмай жеткіземіз» деп ал­дымызды кес-кестеп орайды. Ал мен болсам, бұл елге алғаш кел­ген­дік­тен әдеттегідей жан-жағыма жіті көз тастаймын. Ондағы ойым қан­дай да бір ерекшеліктерді байқап қалу. Сонда байқағаным, әуежайдың ауласында тұрған, ары-бері жүйт­кі­ген көліктердің мемлекеттік нө­ме­рі­нің көк түсті екендігі болды. Бұ­ған айрықша назар аударғаным, Қа­зақстанда көк түсті мемлекеттік нө­мір әдетте, полиция көліктеріне бе­ріледі. Сондықтан мұны өз ба­сым, ә дегенде «полицейлердің кө­лігі неліктен көп» деп қабылдап, «Үрімжінің халықаралық әуе­жайын­да әлдеқандай оқиға болып, соған келген полиция көліктері бо­лар...» деп іштей ой түйгем. Со­дан көзге шалынған осы бір кө­рі­ністі жол бастаушымыз Сейіл­хан­нан сұрағанымда: – Аға, мұның бар­лығы жергілікті тұрғындардың же­кеменшік көліктері. Мұнда же­ке­меншік көліктердің нөмірі осын­дай көк түсті болып келеді, – деп мәселенің мән-жайын түсіндірді. Мезгіл түн ортасына әлдеқашан ауған. Үрім­жі қаласының көше жарық­тары самаладай жарқырайды. Көк ас­панмен таласқан көпқабатты зәулім үйлер де әр жерден мен мұн­да­лайды. Біз мінген көлік сымдай тар­тылған асфальт жолмен Үрімжі қа­ласының оңтүстік-шығысына қа­рай зырлап келеді. Шамамен жар­ты сағаттан астам уақыт жүрген соң бір жерге келіп тоқтадық. Сырт­та қытай тілінде дабыр-дұбыр сөйлеген полицейлер. Сөйтсек, бұл жер Үрімжі және Санжы қала­ла­ры­ның арасындағы тексеру-өткізу бе­кеті екен. Белгіленген ереже бойын­ша жүргізуші жігіт көліктің бар­лық терезесінің шынысын тө­мен түсіріп, жүк салғышты ашып по­лицейлердің тексеруіне мүм­кіндік берді. Көліктің артқы орын­дығында отырған бізге полицейлер жарық түсіріп көріп, алдыңғы есік­тің жақтауындағы қалташа­лар­ды жіті тексеріп болған соң «Бәрі дұ­рыс екен, жүре беріңіздер» дегендей белгі берді де, біз ілгері жылжыдық. Со­дан Санжы қаласындағы бізді ша­қырған компанияның мей­ман­ханасына орналастық. Біздің көр­ші­лес Қытай еліне осы сапа­ры­мыз­ды ұйымдастырған – Алматыдағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Серік Кенен­баев. Серік Барманбекұлы басқара­тын аталмыш институт осы Санжы қаласындағы жүгері тұқымының са­пасын жетілдіру бағытында жұ­мыс жүргізетін қазақшалағанда «То­ғыз дән» деп аталатын ком­паниямен соңғы бір жылдың ішінде тығыз қарым-қатынас орнатқан. Екі елдің селекционер ғалымдары­ның ғылыми байланысы туралы біз ілгері-кейінді жазғанбыз.
Біз ертесінде жергілікті жұрт Шон­жы деп атайтын, ал ресми түр­де Читай деп аталатын қалаға жол тарттық. Бұл ШҰАР-дың құра­мын­дағы Шыңжаң дүнген автономиялы округінің орталығы екен. Қала Үрімжіден 260 шақырым қашық­тық­қа орналасқан екен. Мұнда бір­неше ұлттың өкілдері өмір сүру­де екен. Олардың арасында қазақ, қы­тай, ұйғыр, дүнген және басқа да бірқатар аз санды ұлттар тұрады. Аудан орталығы Шонжы айрықша дамып, бүгінгі күні осы заманғы қа­лалардың қа­тарына енуге ұм­тылу­да екен. Мұнда Қытайдағы ең ірі алуан түрлі салалық компа­ниялар, қаржылық басқару орта­лықтары, тіпті бірнеше жо­ғары оқу орны және бес жұл­дыз­ды, төрт жұл­дызды қонақүйлері жет­кілікті екен. Бір сөзбен айтқан­да, жаңа ға­сыр талабына сай жан-жақ­ты өркениетті дамыған аудан орталығы екен. Мұнда қазіргі күні 300 мыңға жете қабыл тұрғын қо­ныс­танған. Дегенмен, аршынды қадаммен дамыған Шонжы, яғни Читайға әлі күнге қала мәртебесі берілмепті. Өйткені бұл елдің заңы бойынша қала мәртебесін алу үшін барлығы (тұр­ғынның саны т.б.) үкімет бел­гілеген талап-ережелерге сәйкес келуі тиіс. Мұны бізге Шың­жаң дүн­ген автономиялы округі мен округ­тік ауыл шаруа­шы­лығы бас­қармасының басшылары егжей-тег­жейлі айтып берді. 
Санжы қаласынан Читайға барар жолда біздің байқағанымыз, біріншіден, мұнда жол, оның ішінде ай­налма жолдарды халықаралық стандарт бойынша салуға айрықша назар аударылады екен. Сондық­тан мұнда үш қабатты былай қой­ғанда, бес және алты қабатты ай­нал­ма жолдар жеткілікті. Осы­ның нәти­же­­сінде, көліктер еш кеп­теліссіз қоз­ғалуда. Кептеліс тек үл­кен қа­лаларда, оның өзінде ел жұ­мысқа барар және қайтар кезде ғана. Екіншіден, мұнда жол бойына қойылатын алуан түрлі белгілер жүргізушінің көзіне алыстан көрі­не­тіндей белгілі бір көлемде үл­кей­тіліп қойылады екен. Бұл – кө­лік жүргізушілерінің қай-қай­сысына болса да өте қолайлы. Сондай-ақ бұл жол-көлік апатының орын алуы­на жол бермеу үшін де өте тиім­ді екен. Үшінші бір байқа­ға­ны­мыз, өте маңызды шешім – бұл ел­де күре жолдан өзге жолдардың бір жағына (суретте) күз айларын­дағы жиын-терім кезінде қажет бол­ған жағдайда жүгері, бидай тә­різ­ді өнімдерді жайып, оларды сол жерде кептіріп алуға ел үкіметі тара­пынан арнайы рұқсат берілген екен. Мұны біз өз көзімізбен көріп, таң қалдық. Үкіметтің мұндай ше­шімі диқандардың ала жаздай ең­бек­пен еккен астығын шығынсыз жи­нап алуын ескеруден туған қам­қорлық деуге болады.
Бұл елде жол қауіпсіздігін сақ­тау бағытындағы тағы бір іс-шара күре жолдың бойында жүк көлі­гінің, жеңіл көлік пен мотоциклдің жылдамдықты қандай мөлшерден асырмауы қажеттігі тайға таңба басқандай әрбір жарты шақырым сайын белгіленіп қойылған. Мы­салы, мотоциклге сағатына – 60, жүк көлігіне – 80, ал жеңіл көлікке сағатына 100 – 120 шақырым жыл­дамдықпен жүру «соқырға таяқ ұстатқандай» барынша көрнекі белгіленген. Барлық белгі көлік жүр­гізушісінің көзіне анадайдан ша­лынады. Төртіншіден, мұнда біз­дің елдегідей ауылдық жер­лерде, қалада, тіпті күре жолдың бойын­да (далада) нәпақа табуды көз­деген МАИ қызметкерін кез­дес­тірмейсіз. Егер жолда әлдеқандай жол-көлік оқиғасы бола қалса, арнайы тап­сырма алмайынша МАИ қызмет­керінің онда ешқандай шатағы жоқ. Тіпті жол бойында кетіп бара жатса да бұрылмайды. Се­­бебі сол, мұнда қалада да, далада да жол ережесін ба­қылау бейне­бақылау камералары­ның еншісіне беріліпті. Мұнда ең бастысы, жем­қорлық атаулыға жол бермеу басты қағида екен күре жолмен келе жатқан біздің кө­лік жүргізушісі бірде үлкен көпірге жақындап қалғанда тарамыстай тартылған жолдан «ауытқып» дереу оңға бұрылды да, басқа жолмен айналып келіп, күре жолға қайтадан қосылды. Мұны байқап қалған біз жол бастаушымыз Сейілханнан «Мынау неге тақтайдай жолдан айныды? Бұрылып кетіп қайта жол­ға түсуінде қандай себеп, бар?» деп сұрадық. Сөйтсек, Қы­тайда күре жолдың бойына арнайы жылдам­дық өлшеуіш қойылған екен. Мы­салы, бірінші бейнекамера мен екінші камераның арасындағы жолды жүргізуші белгілі бір уақыт аралығында рұқсат етілген жыл­дам­дықпен жүріп өтуі тиіс. Ал егер әлгі уақыттан ерте келіп қойсаңыз, онда жылдамдықты асырғаны. Мұның барлығы бейнебақылау камера­сын­да тіркеулі. Демек, айыппұл тө­леу­ден қашып құтыла алмайсың!
Аптаға жуық Үрімжі аймағын аралағанда тағы бір байқағанымыз, мұн­да барлық жерде адамның қауіп­сіздігі мен ақпараттық қауіп­сіз­дік өте жоғары деңгейде қорғал­ған. Бұған мысал, мейлі базар бол­сын, мейлі орталық дүкен болсын, тіпті ойын-сауық сау­да орталығы болсын мұның бар­лығын кәдуілгі полиция күзетеді. Бар­лық жерде кірген кезде бақай­шағыңызға дейін тексереді. Құдды темір жол вокзалы немесе халық­аралық әуежай­да­ғыдай. Мұның мә­нісін бізге осын­да­ғы бір сақшы «басты мақсатымыз – адамның, яғни тұр­ғындар мен саяхатшы­лар­дың құ­қын қорғау» деп түсіндірді. Сон­дай-ақ мұнда алуан түрлі ақ­парат таратын шетелдік же­лілерді айтпа­ғанның өзінде өзі­міз күнде­лікті тұр­мыста еркін қолда­нып жүр­ген ватсап, скайп секілді байла­ныс түр­леріне үзілді-кесілді тыйым салын­ған. Мұнда ел бойын­ша жеке байла­ныс жүйесі ғана жұ­мыс iс­тейдi. Сайып келгенде, мұ­ның бар­лығы жеке адам мен ақ­параттық қауіп­сіз­дік­ті қолдану мақ­сатында қабыл­данған бірегей шара көрінеді. 
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, Ұлы Жібек жолы бойы арқы­лы Қазақстанмен шектесетін алып империя – Қытай елі қай жағынан алсақ та көш ілгері дамып кетіпті. Біз осыны көріп, осыны түйсініп қайттық.