Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өзбекстандағы «жылымық» айы ғұмырлы ма?

Өзбекстандағы «жылымық» айы ғұмырлы ма?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
1086
Өзбекстандағы  «жылымық» айы ғұмырлы ма? Өзбекстанда «жылымық» басталды деуге болады. Осылай демеске амал жоқ.

Өйткені 27 жыл Ислам Кәрімовтің қас-қабағын бағып үйреніп қалған өзбек халқы, уақытша болса да президенттің қызметін атқарып отырған Шавкат Мирзиеев тарапынан жан жылытар жаңалықтарды ести бастады. Нақ­тылайтын болсақ, Мирзиеев қысқа уақыт ішінде елде біршама өзгерістер енгізді. Мәселен, Үкіметте, аймақтық әкім­шіліктерде кадрлық өзгерістер жасады. Сондай-ақ Кәрімовтің билігі кезінде сахнаға шығуға тыйым салынған белгілі артистер сахна төріне оралды. Кез келген Өзбекстан азаматы өзін толғандырған мәселе жөнінде жауап ала алатын қоғамдық қабылдау орындарын ашты. Әлеуметтік желілерде премьер-министр және парламенттің арнайы беттері пайда болды. Кәсіпкерлерге де біршама жеңілдіктер жасалды. Өзге де қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Мұндай игі қадамдар алда да жалғаса бере ме, жоқ па? Әзірге белгісіз. Бірақ бір белгілі дүние – Шавкат Мирзиеев президенттікке кандидат һәм уақытша президент қызметін атқарушы, бұдан тыс премьер-министр. Қолында үлкен билік бар адам. Кәрімов қайтыс болған соң кезектен тыс президенттік сайлау алдағы желтоқсан айының 4 жұлдызына белгіленген. Кәрімовтен қалған таққа отыруға үміткерлер бірнешеу болғанмен, олардың арасында Мирзиеевтің аты күні бұрын озып тұрғанын көруге болады. Демек, Шавкат өзбек билігін тұтастай қолына жинақтағанша халыққа бетін бұрып, қолынан келгенше жұрттың көңілінен шығатын тірліктер жасап бағары хақ. Парламент алдында сөз сөйлеген ол Өзбекстан экономика саласында үлкен секірістер жасау үшін елге жедел түрде реформа керек, ол үшін Батыс елдерінің озық технологиясы мен инвестициясы қажет екенін айтты. Әрі осы салада батыл қадамдар жасайтынын да жеткізді. Шавкат Мирзиеев әзірге ішкі мәселемен ғана айналысып жатқан жоқ. Сыртқы саясатқа да көңіл бөле бастады. Ең бастысы, көршілермен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынаста болуға бет бұруы. Мәселен, қырғыз бен өзбек арасындағы Үңгір тау (Үңкүр-Тоо қырғыз тілінде) дөңесінде орналасқан теле-радио хабарларын тарататын мұнараға байланысты тартыс та тез шешілді. Тіпті қырғыз елінің вице-премьері Мұхамметқали Абулғазиев бастаған топ Әндіжан қаласына келіп жылы шырайлы келіссөз жүргізді. Өзбек билігі олардың айтқанын хош көрді. Кәрімовтің кезіндегідей кеудеден итерген жоқ. Жақында Қазақстанның бірінші вице-премьері Асқар Мамин Өзбекстанға арнайы барып Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Кездесуде шекара және ауылшаруашылық өнімдерін өткізу мәселелері тілге тиек етілді. Мирзиеев кекиген жоқ, қайта қазақстандық тарап айтқан мәселе көңілге қонатынын, алдағы уақытта сауда-саттықты бірнеше есеге арттыруға мүдделі екендігін танытты. Бұдан кейін Мирзиеевтің тапсырмасымен өзбек Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Тәжікстанға барып, мемлекет басшысы Эмомали Рахмонмен кездесті. Онда саяси, экономикалық мәселелер қаралғаны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Мирзиеев билігі ішкі-сыртқы саясатта үлкен реформалар жасауға күш сала бастады десек қателеспейміз. Әрине, алдағы желтоқсан айында өтетін пре­зиденттік сайлау додасының құлагері де қазірдің өзінде шешіліп қойды деуге болады. Ол – Шавкат Мирзиеев. Өйткені Өзбекстанда қазіргі кезде болып жатқан өзгерістер, халықтың көңілінен шығатын игі тірліктердің бәрі тек Мирзиеевпен байланыстырылуда.