Негізгі бет  /  мақалалар  /  Отандық тауарға «іздеу» салды

Отандық тауарға «іздеу» салды

Айхан ШӘРІП
821
Отандық тауарға «іздеу» салды Көрші Ресейдің Мемлекеттік Думасы сайлауына байқаушы болып қатысқан қазақстандық сенатор бір нәрседен көңілі қайтып оралыпты.

 Бұл туралы Жоғарғы палата депутатының өзі айтып берді. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сенаттың жалпы отырысы өтті. Онда ел Парламенті биылғы республикалық бюджетті қайта қарап, оған Үкімет енгізген түзетулерді қабылдады.

Талқылау барысында отандық бизнестің шетелге экспортын қолдау мәселесін қау­заған сенатор Мұрат Бақтиярұлы одақ­тасымыз Беларусьтің бір ізгі тәжірибесін үлгі етті:
– Елбасы бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, осының арқа­сында ел алдынан 160 миллиондық үлкен нарық ашылды. Бірақ біздің экспорт­тың кемуіне не себеп? Мен жақында сол­түстік көршіміздің Новосібір қаласында болып қайттым. Ресейдегі Мемлекеттік Дума сайлауына байқаушы болып қатыстым. Новосібір – халқының саны жөнінен Мәскеу мен Санкт-Петербордан кейінгі үшінші ірі өңір. Белоруссияның Сыртқы істер министрлігінің бір өкілі сол қалада тұрақты түрде жұмыс істейді екен, міндеті – беларусьтік тауарлардың та­ралуына ықпал ету. Осы ірі қала дүкен­дерінің сөрелерінде бұл ел тауарларынан көз сүрінеді. Ал керісінше, қазақстандық тауарларды таппадым! – деп қынжылды сенатор М.Бақтиярұлы.
Ел экспортының құлдырағанын Үкімет мүшелері де мойындайды. Бірақ олардың айтуынша, көрсеткіштердің төмендеуінің бір себебі, ұлттық валютаның құнсыздануы: бұрын шартты түрде алғанда 155, кейін 198 теңгеге сатылған отандық өнім 1 АҚШ долларын беретін, енді сол 1 долларлық экспортты құрау үшін өнім 340 теңгеге сатылуы қажет. Оның үстіне валютаның қымбаттауы кесірінен көрші Ресей де көптеген өнімдерді сырттан, соның ішінде Қазақстаннан тасуды қойып, «импорт алмастыруға» көшкен.  
Айта кету керек, сенаторлар «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға өзгерістер мен толық­тыру­ларды еш қарсылықсыз, бірауыздан құп­тады.  
Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, жаңа болжам бойынша республикалық бюджеттің кірістері 2016 жыл қорытындысында 4 триллион 200,2 миллиард теңге болады деп күтілуде және бұл бұрын болжанғаннан 834,9 миллиард теңгеге көп. 
Республикалық бюджет шығыстары да 379,9 миллиард теңгеге өсіп, 8 триллион 646,7 миллиард теңге сомасында көзделіп отыр. Бұл ретте экономикалық өсуді ынталандыру шараларын іске асыруға – 283,4 миллиард теңге, еліміздің қауіпсіздік деңгейін кө­теруге – 70,2 миллиард теңге және түрлі жо­балар бойынша мін­деттемелерді орын­дауға 136,4 миллиард теңге бюджеттен қосымша бөлінетін болады. 
Әрине, бұларға бюджеттің кірісі жетпейді. Сондықтан Үкімет жетіспейтін қаражатты Ұлттық қордан алады. Осы орайда сенаторлар «ҚР Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілден­дірілген трансферт туралы» қолданыстағы заңға да өзгеріс енгізді. Рас, ел Үкіметі «мұнай қорынан» бұрын жоспарлағандай, 2 триллион 880 миллиард теңге емес, енді тек 2 триллион 479,7 миллиард қана алмақ. 
– Бүгінгі қабылданған заңдар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді, –  деді талқылауды қорытқан Сенат төрағасы Қ.Тоқаев. –  Үкімет алдағы уақытта заңдарға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тиісті шараларды орындайды және депутаттар айтқан ұсыныстарды ескереді деп сенеміз.
Отырыс барысында сенатор С.Ақылбай салық және кеден ор­гандарының төменгі құрылымдарындағы қыз­меткерлердің еңбекақысына байланысты мәселелер бойынша Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.