Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өнертапқыш қондырғы жасап шығарды

Өнертапқыш қондырғы жасап шығарды

Айқын-ақпарат
1685
Өнертапқыш қондырғы жасап шығарды Атыраулық өнертапқыш Ержан Нұрединов үш жерден энергия өндіретін қондырғы жасап шығарды. Жас энтузиаст ғалымның идеясы «ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясы өткізіп жатқан конкурста бақ сынайды.

Атырауда  жуырда өткен нвестициялық форум кезінде  жас ғалымдардың жобалары кеңінен таныстырылып, қолдауға ие болды. Соның бірі әрі көптің қызығушылығын тудырған жоба-үш жерден энергия алатын қондырғы болды.

– Менің қондырғым Саманея ағашына ұқсатылып жасалады. Энергия үш жерден алынады: жер астынан, күннен және желден. Геотермалды қондырғы жер астынан жылу шығарып қыста орындықтарды жылытады. Қондырғының бұтақтарында күн батареялары орналастырылады. Батареялардың астында жел энергиясын алатын спираль тектес модульді турбиналар болады. Алынған энергиямен жақын маңдағы тұрғын үйлерді жарықтандыруға мүмкіндік бар. Талда орналасқан шамдар тал түбіндегі орындықтарға жарық түсіріп тұрады, – дейді энтуазиаст өнертапқыш Ержан Нұрединов.

Ержанның айтуынша, қала көшелеріне қойылатын қондырғыда  тұрғындарға пайдалы өзге де функциялар болады. Нақты айтқанда, жел жылдамдығын, ауа температурасын, ауадағы ылғалдылықты өлшейтін аппараттар орналастырылады. Сонымен қатар, Wi-Fi модем, дисплей, дыбыс шығарғыштар қойылмақ.

Энтуазиаст өнертапқыш Ержанның арманы, қондырғысын өндіріске қойып, жаңа жұмыс орындарын ашуды, ел экономикасын дамытуға үлес қосу. Ол өзінің қондырғысын патенттеп те үлгерген.

Аймақ басшысы  Нұрлан Ноғаев жас өнертапқыштың жобасына қызығушылық танытып отыр. Бұл  туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. Экономикалық аймаққа аса қажетті қондырғы  «ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясы өткізіп жатқан конкурста  жүлделі болмаса да оның тиімділігін аймақта пайдалану үшін жол ашылады деп үміттеміз. 

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА

Атырау облысы