Басты  /  мақалалар  /  Бас прокурор «көкесі жоқ» төрт азаматты жұмысқа алды

Бас прокурор «көкесі жоқ» төрт азаматты жұмысқа алды

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1705
Бас прокурор  «көкесі жоқ» төрт азаматты жұмысқа алды Жаңашыл бастамаларымен халықтың көзіне түсе бастаған еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінің студенттерімен кездесті.

 Кездесуде  Бас прокурор Ақтөбеге сапары барысында жұмысқа жаңадан қабылданатын 4 үміткермен жүздескендігін айтты. Бұл туралы прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. 
- Өткен аптада конкурстан өтіп ең жоғары балл жинаған 4 жаспен кездестім. Олардың жігеріне тәнті болдым. Бір лауазымға 81 адам таласты. 4-уі өздерінің күшімен барлық сынақтан өтті. Осындай азаматтарды жұмысқа қабылдаймыз,  - деді Ж.Асанов.
Естеріңізге сала кетсек, шілде айында Астанадағы Назарбаев Университетінде еліміздің Бас прокуроры «Прокуратураға - үздік мамандар» жобасын таныстырған болатын. Араға бір жарым ай салып, тамыз айының ортасында республика бойынша прокуратура саласына жаңа қызметкерлер қабылдау конкурсы өтті.
Ақтөбе қаласы бойынша 1 орынға 81 адам таласқанын айта кету керек. Кейін, заңнаманы білу талабынан 23 азамат еш кедергісіз өтіп, оның тек 4-уі ғана ең үздік деп танылды. 
Конкурс барысында үміткерлерге талап қатаң болды. Әсіресе, беймәлім тақырыпқа эссе жазуға аса мән берілді. Шығармаларды Назарбаев Университетінен келген сарапшы мамандар тексеріп, бағасын берді. Ең үздік деп танылған түлектер барлық талаптар мен сынақтан сүрінбей өтіп, 4-тен жоғары балл жинады.
Олар: Өтенова Асел Шалытайқызы (Қ. Жұбанов атындағы Актөбе өңірлік мемлекеттік университеті), Толыбеков Мақсат Мұратұлы (Қазақ гуманитарлық  заң университеті), Тайланова Ләззат Хамитқызы (Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті), Өмірсеріков Азамат Жалғасұлы (Қазақ гуманитарлық заң университеті).
Бұл азаматтардың біреуі қызметке қабылданды. Қалғандарына кез келген келесі босаған лауазым ұсынылып, олар жедел арада жұмысқа қабылданады.