Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қала күні Мұқағалидың ескерткіші ашылды

Қала күні Мұқағалидың ескерткіші ашылды

Айқын-ақпарат
1016
Қала күні Мұқағалидың ескерткіші ашылды Алматы облысы

Жалпы, бір кездері Талдықорғанда көз тоқтатар ескерткіш жоқ болатын. Бұл туралы кезінде жазған да едік. Соңғы он шақты жылда облыс орталығында Қабанбай батырға, Қадырғали Жала­йыриға, Ескелді, Балпық, Қабылиса жырау сынды қазақтың үш биіне, Дінмұхамед Қонаевқа, Нұрғиса Тілендиевке, Ғали Ормановқа, Мұқан Төлебаевқа ескерт­кіштер орнатылды. Бұдан басқа Ұлы Отан соғысының батырларына арналып «Даңқ» обелискісі мен Ауған соғысының құр­бандарына арналып ескерткіш қо­йылды. Енді міне, Талдықорған қаласының күнін тойлау барысында «Жастар» саябағының төріне орнатылған тұғыр тасқа қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың бюсті қойылды. 
Тағзым ету шарасына арнайы келген ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев өзіне әке болып саналғанмен, бүкіл қазақтың мақтаныш тұтатын ақыны ретінде аты аспандаған Мұқағали Мақатаевқа арнап ескерткіш тұрғызған жетісулықтарға, оның ішінде осы істің басы-қасында болған облыс пен қала басшылығына шын жүректен алғысын жеткізді. 
Облыс әкімінің арнау сөзінен кейін ескерткіш түбінде жырлар оқылып, естеліктер айтылды. 
Талдықорған қаласының күніне арналған мерекелік шаралар биыл айшықтылығы әрі маңыздылығымен есте қалды. Пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаса да, қалалықтар мен шаһар қонақ­тарының талғамынан шыққан демалыс орындарының бірі атанып үлгерген «Жастар» саябағына жиналғандар жаяулар жүретін, тас төселген соқпақты бойлай орналастырылған, бірімен-бірі жалғасқан үстелдерге қойылған ұзындығы 100 метрлік алма бәлішінен дәм татты. Дұрыс бағаланып жатса, Гиннестің рекордтар кітабына жазылуы әбден мүмкін бәлішті дайындап, пісіруге 450 келі алма, 390 келі ұн, 117 келі қант, 90 литр сүт, 70 келі май, 5 келі ашытқы және 300 жұмыртқа пайда­ланылыпты. 
Мереке кезінде облыс әкімі Амандық Баталов ХV Паралимпиада ойындарында пауэрлифтингтен күміс жүлде алған Раушан Қойшыбаеваға жеңіл авто­көліктің кілтін және 11 млн 500 мың теңгенің сертификатын тапсырды. Сонымен қатар осы ойындарда пауэр­лифтингтен 7-орынды иеленген Гүлбану Әбдіxа­лықоваға 1,5 млн теңгенің сер­тификатын табыстады. Спортшылардың жаттық­тырушыларына да құрмет көр­сетілді.
Қала әкімі облыс орталығының даңқын асырып, әлеуметтік-экономи­калық дамуына зор үлес қосып жүрген үш азаматқа «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағын беріп, кеуде­леріне осыны білдіретін күміс белгіні тақты. Бір айта кетерлігі, бұрындары мұндай атаққа ие болғандардың кейбі­реулерінің аты-жөнін айналасындағылар ғана білетін болса, бұл жолы таңдалған Ұлы Отан соғысының ардагері Тоқтарбай Қанапиянов ақсақалдың өзі де қоларбада отырғанына қарамастан, қай кезде болсын мүгедектердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүретін Роза Ақжар­кенованың, Олимпиада ойындарының қола жүлл­дегері Нұрбақыт Теңізбаевтың есімдерін қаланы қойып, облыс, респуб­лика жұртшылығы жақсы біледі.


 

Жетісулық тәртіп сақшылары

көрші елдегі әріптестерімен келісімге келді

 

Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыс тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздік мәселелерінде өзара ынтымақ­тастықтағы қарым-қатынас қалыптас­тыру мақсатында ҚХР-дың Іле-Қазақ автономдық округіндегі әріптестерімен кездесті. 
Екі жақтың жүздесуі Қытайдың Қазақстан шекарасына таяу орналасқан Ининь қаласында ұйымдастырылыпты. Екі елдің тәртіп сақшылары үш күн бойы ең бастылары – көші-қон ағынын бақылау, шекарада орналасқан Қор­ғастағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып саналатын өзара ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады. Қос тарап жүздесу бары­сында бұдан арғы қарым-қатынастың негізі қаланған келісімдерге қол қойды. 
«Жібек жолы жалғастырып жатқан көрші елдер болғандықтан, халық­аралық ынтымақтастықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіспіз. Алдағы кезде «Қорғас» шекара маңы ынтымақ­тастығының халықаралық орталығына әлемнің барлық елдерінен адамдар ағылатын болады. Соған сай біздің мемлекеттер үшін аса маңызды болып саналатын жобаның табысты жұмысы үшін барлық қажеттіліктерді жасауымыз керек. Екі ел полициясының өзара ынтымақтастығы оң нәтижелер беріп, халықаралық қылмыспен күрестегі көптеген мәселенің шешімін табуға жәрдемдесетіндігіне сенімім мол» деп атап өтті ҚХР ШҰАА ІҚАО қоғамдық қауіпсіздік басқармасының басшысы Гао Чи мырза. 
Алматы облысының делегациясы Іле-Қазақ автономдық округі қоғамдық қауіпсіздік басқармасында болып, қытайлық полицияның жұмысымен танысты. Қазақстандықтарға бір өзінде жедел басқару орталығына шығатын сыртқы бақылаудың 10 мың камерасы жұмыс істейтін Ининь қаласының қоғам­дық орындарын бейнебақылау барысы көрсетілді. Арнайы техника­ларын, дамыған электроника мен радио­байланыс пен бейнебақылауды айтпағанда жатын орындарына дейін қарастырылған автокөліктерін де қазақстандық тәртіп сақшыларының назарына ұсынды. 
«Шекара маңындағы екі облыстағы құқық қорғау жүйелері мен ведом­ствалардың жұмысы құқықтық негізге құрылуы керек және заңдық күшке ие болуға тиісті. Өзара пікір алмаса келе, екі елдегі қолданыстағы заңнама сала­сында өзара заңдық көмек көрсету және ынтымақтастық жөніндегі бастап­қы құ­жаттарға қол қойдық» деп хабар­лады Ал­маты облыстық ІІД басшысы, поли­ция генарал-майоры Мұрат Ұрұмханов. 
Алматы облысының полицейлері бұған дейін – биылғы жылдың шілде айында Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында көрші елдің Ыстықкөл облыстық ІІБ және Шу қалалық ІІБ қызметкерлерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы келісімге келгенін де айта кеткен жөн. Осылайша, Алматы облысының тәртіп сақшылары облыс аумағымен шекарасы шектесетін екі бірдей елдегі әріптестерімен бірлесе жұмыс атқаратын болды. 


 

 

«Алтын бесік» балаларды қабылдады

 

Талдықорғанда мемлекеттік және жекеменшіктік әріптестік негізінде тағы бір жайдарман жаңалық тіркелді. Облыс орталығындағы жаңа алтыншы шағын ауданда «Алтын бесік» атты 320 орындық балабақша балдырғандар үшін есігін айқара ашты. Ата-аналар мен балалардың қуанышын бөлісуге облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі келді. 
Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы балабақша ашылған жер мидай жазық дала еді. Ал қазір айналаға көз салсаңыз мүлдем басқаша. Зәулім үйлер, көрікті ғимараттар. Мұның барлығы Елбасының, өңір, қала басшысының ерен еңбегінің нәтижесі. 
Жалпы аумағы 2 мың 500 шаршы метрді құрайтын бүлдіршіндер мекенінің қазығы 2015 жылдың тамыз айында қағылған. Араға бір жыл салғанда озық үлгіде салынған балабақша бой көтерді. Бүгіннің өзінде 208 баланы қабылдап үлгерген мекемеде он алты топ ашылған. Оның он бір тобы қазақша болса, қалғаны орыс тілінде жүргізіледі. Жаңа ашылған балабақшаның нәтижесінде, жүзге жуық адам толықтай жұмыспен қамтылмақ. Бұл облыстағы жұмыссыздық деңгейінің көрсеткішін де біршама азайтатыны анық. Қуанышты сәтті тамашалаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы көпші­лікті жайдарман жаңалықпен құттықтады. 
– Таяу арада Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Жетісу жеріне іссапармен келді. Алақандай қаланың күн санап құл­пырған аймаққа айналғанына риза­шылығын білдірді. Елбасы бізге үнемі ба­лабақша санын көбейтуді қатаң тап­сырады. Біздің облыс республика бойын­ша балаларды балабақшамен қамтуда ең төменгі көрсеткішті көрсеткен. Соңғы екі жылда біз біршама жоғарыладық. Мәселен, 2015 жылдың өзінде облыста 99 балабақша ашылды. Оның 10-ы ғана мемлекеттен бөлінген қаржыға бой көтерді. Қалғаны жеке кәсіпкерлер есебінен тұрғызылды. Биыл барлығы 84 мекеме кішкентай бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Оның 78 мекемесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік нәтижесінде, жетісулықтардың игілігіне берілді. Жыл соңына дейін балаларды балабақшамен қамту деңгейіміз 87-89 пайызға жетеді. Жаңа балабақшаның нәтижесінде жаңа жұмыс көздері де ашылып жатыр. Бұл дегеніміз – үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Осындай игі істеріміз бен қуанышты сәттеріміз көп болсын. Барлықтарыңыз балалары­ңыздың тәтті қылығына тоймай, аман-есен жүре беріңіздер. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді өңір басшысы. Сонымен бірге, жыл сайын халық санының артып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айтқан облыс басшысы, жақын арада театр және неке сарайының құрылысы басталатын күннің алыс емес екенін көпшілікке қуана жеткізді. 
Елбасының халыққа арнаған Жол­дауына өзіндік үлесін қосқан, «Алтын бесік» балабақшасының иесі Қанат Жұлынов болашақтың кілті бүгінгі бүлдір­шіннің қолында екенін тілге тиек етіп, өзінің осынау игілікті ісіне куә болуға жиналған көпшілікке алғысын білдірді. Заманауи талапқа сай салынған мектепке дейінгі мекеменің ерекшелігіне тоқталды. Кәсіпкердің айтуынша, балаларын балабақшаға жіберген ата-ана жұмыста, я болмаса үйінде отырып-ақ «онлайн режим» арқылы баласының балабақшада не істеп жүргенін көре алады. Міне, заманға сай бой көтерген балалар мекенінің ерекшелігі осында. Мейірімділік мекенінің лентасын облыс басшысы мен кәсіпкердің әкесі Сейдіғали ақсақал қиды. Балабақшаға қабылданған балалардың өнерін тамашалаған өңір басшысы оларға сый-сияпат ұсынып, ақсақалдар бастаған топ балабақша ішін аралады.
Ақ жаулықты аналар шашу шашып, өңіріміздің өнерпаздары әуелетіп ән салып, мың бұрала би биледі.


 

 

Салымшыларға 600-ден астам пәтер салынады

 

Алматы облысы әкімдігі мен «Қа­зақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі тарап та құлшына мақұлдаған құжатқа сәйкес, жергілікті атқару органдарының желісі бойынша өңірде тұрғын үй салуға Ұлттық қордан 3,6 млрд теңге бөлініп, бұл қомақты қаржыға 672 пәтерлі 6 бірдей үй салынбақ. 
Облыс орталығы – Талдықорғанда 562 пәтерлі төрт үйдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар Алматы қаласының маңындағы жұртшылықты баспанамен қамтамасыз етуге баса назар аударылып, Қаскелең қаласында 50 пәтерлі үй мен Өтеген батыр ауылында 60 пәтерлі тағы бір үйді салу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев айтты. 
Ұлттық қордан қарастырылған қаржыға тұрғызылатын баспаналар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беріледі. Бағасы – 1 шаршы метріне 140 000 теңгеден аспауға тиісті. Осылайша, облыстың үш бірдей ірі елді мекенінде салымшыларға арналған үйлер тұрғызылып, жүрегі лүпілдеген жандар қоныстойын асыға күтеді. 
«Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, салынған несиелік тұрғын үйлердің кемінде 50%-ы жергілікті атқару органдарында кезекте тұрғандар арасындағы аталған банк салымшыларына бөлінуі тиіс. 
– Бүгінгі күні «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 28 мың салымшысы Алматы облысында тұрады. Мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сәйкес келмейтін адамдардың коммерциялық нарықтан қолжетімді бағамен тұрғын үй алуына болады. Осы мақсатпен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ жекеменшік құрылыс салушылармен ынтымақтастық орнату жөнінде белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мәселен, аталған банктің Алматы облыстық филиалы Қаскелең қаласында орналасқан «Тұран-кент» коттеджді қалашығындағы тұрғын үйлерді өткізу жөнінде келісімге қол қойды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары жер телімі бар таунхаустарды 1 шаршы метріне 145 мың теңгеден сатып ала алады,– деді Ғ.Шалғымбаев. 


 

 

«Алмарафоннан» ешкім сырт қалмады

 

2016 жылдың 2 қазан күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында және «Қала күні» мерекесіне арналып тұрғындар арасында жүгіруден «Алмарафон» ұйым­дастырылды. Спорт­тық шараның басты мақсаты – Қазақстан Рес­публикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында ерекше назар аударылған дене шынық­тыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, ұлт ден­саулығын қалыптастыру екенін де айта кеткен жөн.
«Алмарафон» жарысына Тал­дықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, қала тұрғындары, Талды­қорған қалалық әкім­дігі, бөлім, мекеме, кәсіпорын, ауылдық округ, оқу орындары, орта мектептер, спорт мекемелері, әскери бөлімдер және БАҚ өкілдері, барлығы 2000-нан аса адам қатысты. 
Ел намысын асқақтатып, көк Туы­мызды биікте желбіретіп, Қазақстанды әлемге танытып жүрген танымал спорт­шыларымыз: атақты марафоншы, ардагерлер арасында Әлем чемпионы Биебай Тілемісов, Юрий Пащенко, 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, 2012 жыл­ғы Лондон Олимпиадасының қатысу­шысы Шолпан Қожахметова, 2016 жылғы Рио де Жанейро Олимпиадасының қатысу­шысы Сұлтан Дүзелбаевтардың да көпке ортақ спорттық шарадан тысқары қалмауы, тұрғындардың да марафонға құлшына қатысуына септігін тигізгені анық. Жарыс ІІ шағын ауданындағы айналма жолдан басталып, Тәуелсіздік көшесінің бойымен Орталық алаңда мәресіне жетті. Арақашықтық – 2,6 шақырым. Талдықорған политехникалық колледжінің студенті Сергей Роговенко алмарафонда алдына жан салмады. Сергейдің айтуынша, ол спорттың бұл түрімен біраздан бері айналысады. Танымал жеңіл атлет Биебай Тілемі­совты өзінің ұстазы санайды. «Жеңісімді сү­йікті қалам – Талдықорғанның туған кү­ніне арнаймын» деп желпінді жеңімпаз.
Спорттық шараға Талдықорғандағы қимыл қозғалысы шектелген, қоларбаға таңылған азаматтар да қатысты. Қала әкімдігі қызметкерлері оларға көмек­тесіп, сөреге бірге келді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тапсырылса, қатысу­шылардың барлығына алма үлестірілді. 
Ерлер арасындағы жеңімпаздар бес орын бойынша анықталды. Жоғарыда есімі аталған Сергей Роговенко жеңістің ең биік тұғырына көтерілсе, Мұқатай Ерасыл екінші, Жансерік Қобланбеков үшінші, Елнұр Абылайұлы төртінші, Асхат Жангудинов бесінші сатыға орна­ласты. Әйелдер арасында Жадыра Орын­бекова топ жарса, қалған жүлде­герлер жазылу реттері бойынша төмендегідей орналасты: Маргарита Югай, Екатерина Югай, Наташа Мак­симова, Арайлым Әділова. Жарыс­тың «Ардагер қатысушы» аталымында 71 жастағы ақсақал Мыр­захан Қойшы­ғұлов, «Ең жас қатысушы» аталымында 7 жасар Ақбаян Әмірхан арнайы марапатқа ие болды.
Барлық жеңімпаздарды Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев құттық­тап, диплом, кубок, медаль және бағалы сыйлықтармен марапаттады.


 

Бетті дайындаған Болат АБАҒАН, Алматы облысы