Негізгі бет  /  мақалалар  /  500 мың қытай келе жатыр...

500 мың қытай келе жатыр...

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1199
500 мың қытай келе жатыр... Қазақстандық билік бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Сондықтан келе жатқан 500 мың қытайдан қорқудың еш қажеті жоқ.

2017 жылы Астанадағы ЭКСПО-ны табысты өткізуге Қазақстан бар күш-жігерін жұмсап жатыр. Ең басты мәселе, 6 айға созылатын көрме келушілердің назарын аударуы тиіс. Қазірдің өзінде «ЭКСПО-2017»-ге 100- ден астам мемлекет қатысатындығын жария етті.

Енді әңгіме туристерге тіреліп тұр. 4-5  миллион турист келіп жатса, оның өзі үлкен қуаныш. Ал көрші Қытай мемлекетінен туристер ағыла ма? Бұл салаға қатысты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Шормановтың хабарлауынша, Қазақстанда өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің 500 мың билеті қытайлық туристерге сатылады деп жоспарланып отыр.

«Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол  Шормановтың айтуынша, жалпы болжам бойынша көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді, оның 85 пайызы -  қазақстандықтар, ал 15 пайызы  - шетелдік азаматтар. Бүгінде қазақстандық туркомпаниялармен 74 мың "ЭКСПО" билеттерін сатып алу жөнінде бес келісімшарт жасалынып қойылған.

Ербол Шорманов Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумының панелдік сессиясында Қазақстанға 500 мыңдай қытай келеді деген әңгімені жоққа шығарған жоқ.

  •  Үш жетекші туроператорлармен келісім жүргізіліп жатыр.  Қытай Халық Республикасына 500 мың билет сату жөніндегі келіссөздер аяқталуға жақын,– деді ол.

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол  Шормановтың мәліметінше, теміржол тасымалы бойынша ұлттық оператор "Қазақстан темір жолы" 500 мың билет сатып алу туралы келісімшарт жасаспақ. Теміржол қатынасынан басқа, билеттің бағасына көрмені аралау да кіреді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы шілдеде сөйлеген сөзінде "Самұрық-Қазына" қорына " "Эйр Астана" әуе компаниясы және "Қазақстан темір жолымен" бірігіп, әуе және теміржол билеттерінің бағасына көрмені тегін аралау мүмкіндігін енгізу мәселесін қолға алуды тапсырғаны белгілі.  

Халықаралық мамандандырылған "ЭКСПО-2017" көрмесі Астанада 2017 жылы 10 маусым және 10 қыркүйек аралығында өтеді. Іс-шара аясында «жасыл энергетиканы» дамыту саласындағы жаңа ғылыми жетістіктер көрермендер назарына ұсынылады.

Қазақстандықтардың ғана емес, әлемнің 100-ден астам елінің туристерін қызықтырып отырған көрмеде біздің ұлттық брендеріміз көрсетіліп, 30-дан астам отандық мейрамханалар қызмет көрстеді. Қонақтар қазақтың сусын, шұбат,  қымызынан дәм татып, ұлттық қолөнеріне қызыға қарайтын болады.

Осыдан текі жыл бұрын Мәжілістің кезекті отырысында депутат Алдан Смайыл  премьер -министрге депутаттық сауалнама жолдағаны белгілі.

  • «ЭКСПО – 2017» көрме­сінде қа­зақ өнері мен тағамының ұлттық па­вильонын ұйымдас­тырайық. Онда қазақ қолөнері мен дастарқанының інжу-мар­жан­дары дәріптелсін. Мил­лион­даған мей­мандар көрмені аралап жүріп те, қонақүйлерде тынығып жа­тып та сауға – қуат, ауруға – ем-дәрі қымыз бен шымыр-шы­мыр қай­наған шұбатқа шөлін қан­дырсын. Сары ала қазыға тамса­нып, бал қаймақ бармағын жа­латсын. Қа­зақ әлемі елді осылай үйіріп алуы үшін ал­дын ала қам жасалып, республиканың бар­лық өңір­лерінде байқаулар өткі­зілгені, қолөнер шеберлері мен ұлт­тық тағам майталмандары анық­талғаны, оларға төл туынды­ларымен және өнім­дерімен көр­меге қатысуға жол­дама бе­рілгені жөн» деп мәселе көтергені белгілі. «Қымыз десе, елең етпейтін қазақ баласы болмас. Бұл – әбден қаны­мызға сіңіп, генофондымызға арқау болған, байырғы заманда түрлі аурулардың бірден-бір шипасы болған, осылайша, біртұтас халық­тың басына түскен түрлі зауалдардан құтқарған, қасиетті сусын» дейді Төрегелді Шарманов. Демек бір­тұтас халықты түрлі зауалдан құт­қарған қасиетті сусынның бренд бола­тын күні жетті. Қолымыздағы барды бағалай білгеніміз абзал. Қымыздың қасиеті болмаса, бабала­рымыз оны ұлттық сусын ретінде пайдаланбас еді. Мінсе – көлік, жесе – ет, ішсе – сусын болатын қасиетті жануардың құдіретін өзгелер де мойындасын! Сонау жылдары Париждегі көрмеде Әміре Қашаубаевтың әні асқақтаса, бүгін ұлттық сусындарымызды әлемге паш етейік!, - деп Алдан Смайыл келелі мәселе көтерген. Бұл депутаттық сауалдың  бүгін де маңызы жойылған жоқ.

Ұлттық сусынмен қатар, қазақтың сувенир-кәдесыйларына да орын беріледі деп ойлаймыз. Осыған орай белсенділер ерте көктемде «Қолөнершілердің «Ұлы дала жәрмеңкесі» атты  І - республикалық көрмесін ұйымдастырған. «EXPO & WOMEN» халықаралық ұйымының директоры Салтанат Рахымбекова қазіргі уақытта  100-ге жуық шебердің ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларының арасынан таңдаулылары іріктеліп, «ЭКСПО – 2017» павильонынан ұсынылатынын айтты.  «Көрмеге келуі мүмкін» деп болжанып отырған 500 мың Қытай турисінің әрқайсысы 5 кәдесыйдан алса, үлкен қуаныш, олжа сол  емес пе? Сондықтан барымызды бағалап,  әлемге танытатын кез келді.