Негізгі бет  /  мақалалар  /  Юань таққа мінген кез

Юань таққа мінген кез

Айнұр Қазыкенова
857
Юань таққа мінген кез Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана әлемдік деңгейдегі қаржыгерлер «Бейжің ұлттық валютасын әлем мойындаған резервтік валютаның бірі ретінде көргісі келетінін білдірді.

(Әлемдегі резервтік валютаға АҚШ доллары, кәрі құрлықтың евросы, ағылшынның фунт стерлингсі және жапон иені жатады) Ол үшін алғашқы қадамдар жасай бастады. Соның бірі БРИКС тобының Даму банкін құру, сондай-ақ Азия инфрақұрылым инвестиция банкін дүниеге әкелуі. Бұл юаньді әлемдік валютаға әкелудің баспалдағы. Оның үстіне қазір Қытай АҚШ-тан кейінгі ірі экономикаға ие. Осының бәрі ол елдің ұлттық валютасының әлемде нығаюын көрсетеді» дескен еді. Сарапшылардың айтқаны дәл келді. Өткен жылдың қараша айында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) арнайы кеңесінде 2016 жылдың 1 қазанында Қытайдың ұлттық вальютасы юаньды әлемдік резервтік қаржының бірі ретінде қабылдау туралы шешім қабылданып еді. Енді соның уақыты келді. ХВҚ басшысы Кристин Лагардтың айтуынша, әлемдік қаржы резервін құрайтын вальюталардың ара алмағы былайша оранласқан: 41,73 пайызбен бірінші орында АҚШ доллары, екінші орында (30,93 пайыз) евро, үшінші орынға 10,92 пайызбен юань көтерілсе, жапон иені 8,33 пайызбен төртінші болып тұр. Ал бесінші орынға 8,09 пайызбен ағылшын фунт стрелингі жайғасқан. Юаньнің жапон және ағылшын вальютасына қарағанда салмағы басым. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Қытай әлемде АҚШ-тан кейінгі ірі экономикаға ие һәм жедел дамып келе жатқан мемлекет. «Алдағы 10-15 жылда даму қарқыны жағынан Қытай АҚШ-ты да артқа тастауы мүмкін» деген болжамдар да жоқ емес. Шындығы сол, бүгінде Қытай елі, оның үздіксіз дамып келе жатқан экономикасы, мысық табандаған саясаты жайында жиі айтылады. Сөз жоқ аждаһа елінің әлемдік экономикада, саясатта алатын орны ерекше. Рас, кешеге дейін күн тәртібіне жиі шығатын тақырыптардың бірі, әлемдік валюта доллардың бүгіні мен болашағы тілге тиек етілді. «Ғаламда доллардың үстемдігі жүре бере ме? Әлде оның орнын басқа ақша баса ма? Ол қай елдің қаржысы болмақ?» деп талай сарапшы болжам жасаған-ды. Сол айтқыштардың басым көпшілігі «Әлемде жаңа бір қаржы жүйесі қалыптасып келеді. Бұдан былай резервтік валюта ретінде доллар, евро және юань жүретін болады» дескен. Еске салар бір жайт, 2000 жылға дейін жер шарындағы мемлекеттердің резервтегі валютасы ретінде доллар ғана сақталып келген. Ал сол 2000 жылдан бастап Еуропа мемлекеттерінің ортақ ақшасы евро дүниеге келісімен көптеген елдер сақтық валюта қорының тең жарамын евроға ауыстырған еді. Енді юаньға орын бермек. Мұның алғы шарттарының қалана бастағанына біраз болған. Мәселен Азия инфрақұрылым инвестиция банкі (АИИБ), БРИКС даму банкі және Жібек жолы қоры секілді қаржы жүйелері Қытай юанының бағын ашты деуге болады. Өткен жылы Азияның 24 мемлекеті АИИБ-ның құрылуы жөніндегі меморандумға қол қойған еді. Осы банкпен жұмыс істеуге Еуропа елдері де құлшыныс танытуда. Осы Қытай банкі жөнінде «Әлем экономикасына үстемдік жүргізуге байланысты Вашингтон мен Бейжің арасындағы бәсекелестік уақыт өткен сайын күшейіп келеді. АҚШ Екінші Дүниежүзілік соғыс біткеннен кейін, кешеге дейін әлемге үстемдік жүргізіп келді. Өйткені Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының шатаб-пәтері Вашингтонда орналасты. Енді сол қатып қалған Бреттон-Вуд жүйесін жаңа қаржылық институттар құру арқылы Қытай бұзуға ұмтылуда. Бұл жүйе Қытайға Азия-Тынық мұхит және өзге де өңірлерге саяси, экономикалық ықпалын жүргізуге көмек бермек» деп жазады Financial Times басылымы. Басылымның айтып отырғанында шындық бар. Өйткені юань 2000-2008 жылдар аралығында қоңсылас отырған Гонгонг, Вьетнам, Лаос, Моңғолия және Непал секілді елдермен есеп айырысу құралы болды. Қазірдің өзінде Малайзия, Оңтүстік Корея, Камбоджа, Филиппин және Ресей секілді елдердің Орталық банктері юаньді резеревтік вальюта ретінде танып, азда болса қорын сонымен сақтап отыр. «Юань алдағы уақытта доллармен тайталасатын бірден бір әлемдік қаржы болмақ» деген де ұшқары пікірлер бар. Бәрі мүмкін. Жоққа шығаруға болмас. Мәселен, өткен жылдардың көрсеткішімен есептесек, Қытай әлемде ЖІӨ-нің мөлшерімен 1 орын, экспортта да бірінші орын, импортта 2 орын, ал өндірістік өнімдер өндіруде бірінші орынға шыққан. Бұған дейін 100 жыл бойы бұл салада АҚШ бірінші болып келген еді. Демек Қытайдың ұлттық вальютасы алдағы уақытта доллармен таза бәсекелес болады деген болжам шындыққа айналып тұр.