Негізгі бет  /  мақалалар  /  Туристер саны жыл сайын артуда

Туристер саны жыл сайын артуда

Айқын-ақпарат
976
Туристер саны жыл сайын артуда Ресейден Қазақстанға келетін туристер саны жыл сайын артуда.

Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Ресейдің XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өткен «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы панельдік сессияда ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлім етті.

«2015 жылы еліміз ресейлік азаматтар үшін сыртқа шығатын туризм бойынша танымалдылығы жағынан 4-ші орынға шықты. Қазақстанда 3 млн. ресейлік болып қайтты. Қонақтар ең көп тынығатын жер ретінде Бурабай шипажай аймағын, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық саябағын, Балқаш пен Алакөл көлдерін, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайын атап өтуге болады», - деді вице-министр.

Шараға қатысқан РФ Мәдениет министрлігі Туризм жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Олег Сафонов өз сөзінде туризм саласындағы қазақстандық-ресейлік байланыстарды кеңейту шараларының қарқынды жүргізіліп жатқандығын баса айтты.

«Форум аясында «Қазақстан мен Ресей арасындағы туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктері» панельдік сессиясын өткізу - елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық байланыстары құрылымын қалыптастыруда, халыққа арналған мәдени-танымдық және сауықтыру бағдарламаларын жүзеге асыруда туризм индустриясының қаншалықты салмақты рөлге ие екеніне айқын делел», - деді ол.

Айта кетерлігі сесссия барысында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Ресейдің Орынбор облысы үкіметі арасында туризм саласын дамыту жөніндегі ынтымақтастық меморандумына, Астана қаласы әкімдігінің «Астана Конвеншн бюро» ЖШС мен Свердлов облыстық «Свердлов облысының туризмді дамыту орталығы» мемлекеттік бюджеттік мекемесі арасында және «Астана Конвеншн бюро» ЖШС мен «Қорған облысы спорттық дайындық орталығы» мемлекеттік автономдық мекемесі арасында туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.