Негізгі бет  /  мақалалар  /  Миллион теңге алатын министрлер

Миллион теңге алатын министрлер

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1265
Миллион теңге  алатын министрлер Министрлер мен әкімдердің жалақысы қанша? Бұл халыққа соншалықты құпия ма?

Қазір жариялылық заманы десек те,  айлығын жұрттан жасыратындар да, оны құпия қылмай еркін айтатындар да бар.Бірақ халыққа олардың қанша алатыны қашан да қызғылықты. 
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек салықты ұстағанда, қолына ай сайын 960 мың теңге жалақы алатынын мәлім етті. Министр, сондай-ақ, Қазақстанда шыққан «КИА» маркалы қызметтік көлік мініп жүргенін, сонымен қатар  брифингке Қазақстанда тігілмеген костюм киіп келгенін айтты.
- Мен Шығыс Қазақстанда құрастырылатын «КИА» маркалы қызметтік көлігін мінемін. Қазір үстімдегі костюм отандық емес, Қазақстанда тігілмеген. Ал еңбекақыма қатысты  айтар болсам, салықты алып тастағанда, қолыма 960 мың теңге жалақы аламын, - деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Дұрыс-ақ. Қашан да халықтың алдында жүзі жарқын, салиқалы ойларымен салмақты пікір айтатын Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми үшін маңдай термен алатын еңбекақының жөні бөлек. 
- Менің жалақым ешкімге құпия емес. 1 миллион 100 мың теңге жалақы аламын. Қолыма 900 мыңнан артық тиеді, - дейді Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми.
Әрине басқа саланы басқаратын министрлер жалақысын жұртшылыққа жария ете қойған жоқ. Бірақ олардың да қанша алатынын осы аттары аталған министрлердің айлығына қарап шамалауға болады. Демек бұдан шығатын болжам, өзге министрлердің айлық көлемі осы деңгейлес. 
Ал аймақты басқарып, Президенттің жергілікті жердегі көзі мен құлағы болып отырған облыс әкімдерінің жалақысы қанша? Олар да миллион теңге ала ма? Енді әкімдердің айлық-жалақысына қатысты «Айқын» газеті қолға түсірген деректерге назар аударайық. 
 Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің айлығы - 636 974 теңге 
 Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың айлығы - 716 866 теңге
 Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Күлгіновтың айлығы  - 742 527 теңге
 Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевтың айлығы -788 617 теңге.
 Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың айлығы - 924 431 теңге.
 Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтің айлығы - 953 260 теңге.
 Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің айлығы 716 866 теңгеден 967 674 теңге аралығында.
 Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың айлығы -716 867 теңгеден 967 674 теңге аралығында
 Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің еңбекақысы - 600 мың теңге шамасында.
- Айына 600 мың теңге шамасында аламын. Еңбек өтіліне қарай жалақыны үкімет бекітеді. Бұл құпия емес, - деді Алматы әкімі.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айлық-жалақысы 863 мың теңгені құрайды екен. Бұл туралы облыстық "Диапазон" порталы хабарлады. 
Ал, ай сайын Ақтөбе облысының облыс басшысы мен оның атқамінерлеріне бюджеттен 3 миллион 300 мың теңге жұмсалатын көрінеді.  Бұл қаражаттың ішінде Сапарбаевтың жалақысынан бөлек, оның бес орынбасарының айлық табысы да кіреді. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының әкімі Ільяс Испановтың айлық-жалақысы 451 мың теңгені құрайды. Ал, оның орынбасарлары басшысынан қарағанда әлдеқайда аз алатын көрінеді. Мәселен, Жандос Байырханов - 194 000 теңге, Қуантқан Алимов - 203 000 теңге, Нағымжан Алдияров - 194 000 теңге, Мадияр Қабыл 199 000 теңге айлық-жалақы алады екен. 
Елімізде министрлерден де көп жалақы алатындар бар. Олар - Ұлттық компаниялар мен «Самұрық,-Қазынаның» басшылары.  Сондай-ақ жоғары жалақы алатын лауазым қызмет иелерінің ішінде «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы да бар. Палата төрағасы Абылай Мырзахметовтың сөзінше, мекемедегі 7 төрағаның жалақысы жоғары. 
Біз осы мақаланы жазу барысында өзімізге мәлім болған деректерді ғана жария еттік. Ал халықты алаңдатып отырғаны -  еліміздегі ең төменгі жалақы. Ұлттық статистиканың  дерегіне жүгінсек, 2016 жылдың 1 қаңтарында белгіленген еліміздегі ең төменгі жалақы  22 859 теңге шамасында болып отыр. Ал Қазақстандағы орташа жалақы көлемі 150 000 теңге. Сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорының 5 миллион 900 мың қатысушысының 3 миллион 83 мыңы  ер адам, 2 миллион 858 мыңы  әйел. Тағы бір мәселе,  нәзік жандылардың жалақысы ерлермен салыстырғанда 40 мың теңгеге аз.
Ал салыстырмалы түрде айтқанда, ғалым да, шахтер де бас иетін қарапайым ұстаздың айлығы қанша? Әрине оның айлығын министрлермен салыстыруға келмес. Бірақ мұғалімдердің айлығын орташа есеппен 100 мың теңге шамасында деп есептейік. Сонда министрлер ұстаздан 9 -10 есе шамасында артық айлық алады екен. Расында  да көп елмен салыстырғанда, Қазақстанда министрлер мен мұғалімдер алатын жалақының арасы  жер мен көктей. Мысалы, неміс министрінің айлық орташа жалақысы  14 мың еуро, ал мұғалім 4 мың еуро алады. Ресейде министр  1 мың 850 еуро, мұғалім  590 еуро,  Әзірбайжанда министр  1 мың 740 еуро, мұғалім  280 еуро алады. Еуроодақтың ең кедей елі Болгарияда министрдің жалақысы - 1 мың 700 еуродан асса, мұғалімнің жалақысы - 310 еуро болып отыр.
...Бағамдай беріңіз..