Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қай өңірде жалақы жоғары?

Қай өңірде жалақы жоғары?

Айқын-ақпарат
798
Қай өңірде жалақы жоғары? Айлық табысы жоғары өңірлердің көш басында – Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласы.

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші
-Астана аз уақытта Алматыны ығыстырып, жоғары жалақы төленетін қалалар үштігіне енді. Көш басындағы Атырау, Маңғыстау облыстарында орташа жалақы 240-265 мың теңге шамасында. Ал ең аз жалақы төленетін өңірлер – Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары. Паркинг.кз сараптамасына сүйенсек, республика бойынша қазақстандықтардың орташа кірісі 143 мың теңге шамасында. Биылғы жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, айлық табыс өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6 пайызға өскен. Кәсіп иелеріне бөліп қарайтын болса, жоғары жалақы ғылым мен техника саласының мамандары мен қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлеріне тиесілі. Олардың табысы 300 мыңнан жоғары.

-Айлық табыстың артқандығын айғақтайтын мәліметтермен бөлістің. Дегенмен азық-түлік пен қызмет көрсету құны жарыса көтеріліп жатқан жоқ па?! Инфляция қанша пайызға жетті?

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші

-Инфляция 9 айда 5,6 пайызды еңсерді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері азық-түлік бағасы 4,9 пайызға, ақылы қызмет 5,3 пайызға қымбаттады. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағы тарифтер 25 пайызға өскен. Дизель отыны мен баллондағы сұйытылған газ құны да шарықтады. Осы уақыт аралығында денсаулық сақтау мекемелері мен білім ордалары бағаны көтеріп, теміржол, әуе көліктерімен қатынау құны өскен.

-Көлік дегеннен шығады ғой. Автомобиль бағасы өсіп пе? Жаңа машиналарды алсақ...

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші

-Жыл басынан бері жеңіл көліктің бағасы 7 пайызға өскен. Соған қарамастан, темір тұлпарды несиеге алушы қазақстандықтар саны артуда. Биыл тамыздан бастап тіркелген көлік саны 4 мыңға жуықтаған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайыздық өсім бар. Осы жылдың тек үшінші тоқсанында банктер тарапынан 315 млрд теңге автонесие берілген. Сенің ойыңша, ең көп көлік қай өңірде тіркелген?

-Алматыда шығар...

Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші

-Алматы қаласы үштікті түйіндейді. Бірақ тіркелген көліктер саны бойынша көш басында Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары тұр. Орташа есеппен алғанда еліміз бойынша 100 адамға 22 автомобильден келеді екен.