Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қара алтын саясаттың көрігін қыздыра бере ме?

Қара алтын саясаттың көрігін қыздыра бере ме?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
841
Қара алтын саясаттың көрігін қыздыра бере ме? Бұдан 6000-7000 мың жыл бұрын Ефрат жағасынан алғаш рет қазып алынғалы бері мұнай өз құнын жойған жоқ.

Әу баста от май ретінде пайдаланылғанымен, жүре келе мұнайдың түрлі қасиеті ашылып, тірліктің сан-саласына қолданыла бастады. Тіпті уақыт өте келе мұнай үлкен саясат құралына айналды. Содан болар АҚШ-тың бір пре­зиденті «мұнайдан саясат иісі аңқиды» деп айтқан. Мұнайдың саясат құралына һәм жауға сілтер гүрзіге айналған тұсы, 1980 жыл­­дардан бастау алды. АҚШ пен Сауд Арабия елдері жасырын сөз байласып, мұ­най бағасын күрт құлатуы, негізінен мұнай ақшасына сүйеніп отырған алып мемлекет КСРО-ның күйреуіне әкелді. Осылайша, әлем­ді жеке дара билеуге таласқан қос мем­лекеттің бірі құлады. Қысқасы, мұнай­дың арқасында АҚШ КСРО-ға бір оқ шығармай талқандады. Бөлшектеді. Содан кейін-ақ АҚШ жаһанды жалпағынан басты. Әлемге өз үкімін жүргізді. Бұл жеке әңгіме. Бірақ мұ­найдың саясатқа араласы болған соң, алпауыт елдердің текетіресі туралы айтпай кету мүмкін емес. Өйткені саясаттың өзі бар тірлікті соған тіреп тұр. 2014 жылы мұнай тағы да АҚШ-тың қол шоқпарына айналды. Бұл жолы Украинадағы жағдайға байла­нысты Батыс елдері Ресейге санкция салды. Тіпті бұл аздық еткендей АҚШ тағы да мұ­найлы араб елдерімен ауыз жаласып, мұнай бағасын 110 доллардан 27-30 долларға дейін құлатты. Әрине зардап шеккен тағы да мұ­най ақшасымен қазынасын толтырып отыр­ған Ресей бастаған бір топ ел. Шын­ды­ғы керек, қара алтынды қымызша сапырып отырған талай мемлекет сазға отырды. Пай­да кеміді. Талай мега жобалар қысқарды. Халықтың әл-ауқаты төмендеді. Шерулер көбейді. Ал ақиқатында мұнай алпауыт елдер арасындағы саяси ойын құралына айналып кетіп еді. Ең басты ойыншы бұл жерде АҚШ және оның одақтасы Сауд Ара­биясы. Сайып келгенде, мұнай баға­сы­ның құлдырауы тек Ресейге ғана емес, қара ал­тын өндіріп отырған барлық елдер зардап шекті. Әсіресе, Ресеймен ым-жымы бір 
Ве­несуэла, Иран, Нигерия және т.б. мемле­кет­тердің экономикасы қайраңға отырды. Бірақ АҚШ пен Сауд Арабиясы бірлесе жүргізген мұнай саясатынан тек бұл елдер ғана емес, өздері де зардап шеккені ақиқат. АҚШ-тағы тақтатас мұнайын өндіру кемі­-ді. Кейбір компаниялар банкротқа ұшы­рады. Мұндай жағдай Сауд Арабиясының да басында бар. Сондықтан болар, бұлардың қай-қайсысы да саясатты ысырып қойып, қара алтыннан баяғыша аста-төк пайда та­будың жолын қарастыруға көшті. Ең бас­ты­сы, мұнай өндіруші мемлекеттер өндірісті қысқарта отырып, бағаны көтеру керек де­ген шешімге келген еді. Бірақ бұған бәрі ке­лісе ме? Бір ел қысқартуға бейіл та­ныт­қанымен, екінші бір мемлекет оған қарсы. Себебі, осы саладағы өз үлесін жоғалтқысы жоқ. Баға төмендеп, пайда кемісе де өз орнын сақтап қалуы тиіс. Тіпті кеше ғана санк­­циядан құтылған Иранның өзі әу де­генде бастамаға қосылуға ниет танытқан еді. Бірақ жағдайды таразылай келе, бас тартты. Өйткені бұл ел қара алтын өндіруді алдымен санкцияға дейінгі деңгейге жеткі­зіп алуды жөн деп шешкен сияқты. Тәулі­гіне – 4 миллион баррель. Осы деңгейге жеткен кезде ғана Иран ОПЕК-тің баста­масына қосылмақ. Бұл жерде тағы бір ес­керте кететін жайт, жалпы, қолда бар нақ­-ты деректерге көз жүгіртер болсақ, мұнай ба­ға­сы 30 АҚШ долларының төңірегінде болуы көмірсутегін өндіретін көптеген ел­дерге тиім­сіз. Бразилияда бір баррель қара майды жердің бетіне шығару құны $48,8 екен. Ал Канадада бір баррель мұнайды өндіруге 41 доллар жұмсалады. АҚШ, Нор­вегия, Колумбия сынды елдерде бұл сома 
35 пен 36,5 доллар төңірегінде. Иран мен Біріккен Араб Әмірлігінде мұнайдың бір баррелін өндіру құны 12,3-12,6 доллар. Ал Иракта – $10,7, Сауд Арабиясында – $ 9,9. Нағыз қара алтын Кувейтте өндірілетін мұ­най екен. Сапасы жағынан емес, өндіруге ке­те­тін шығын жағынан. Парсы шығана­ғын­­дағы ел үшін бұл қаражат барреліне небәрі 8,5 доллар болып шықты. Ресейде 
51 доллар болса, Қазақстанда бір баррель мұнай өн­діруге $27,8 жұмсалады екен. Демек арзан мұнай көптеген мемлекеттер үшін аса тиім­сіз болуда. Дегенмен қазір әлемдегі саяси ахуалдың ыңғайына қарай мұнай бағасы сәл көтерілді. Бүгінде бар­ре­ліне 47-48 доллар­дың көлемінде құбылу­-
да. Өткен аптада АҚШ Энергетика ми­нистрлігінің болжа­мынша, алдағы уақытта қара алтынның ба­ғасы 15-20 доллар кө­лемінде қымбаттай отырып, 2030 жылдан кейін 140 доллардың көлеміне жетпек 
екен. Әрине бұл болжам мұнай өндіретін елдердің бәрін қуантаты­ны белгілі. АҚШ Энергетика министрлігі мұнай бағасының өсуін дамушы елдердегі адам санының күрт өсуі және ол елдердегі түсімнің көбеюімен байланыстырады. «Сон­дай-ақ соңғы бірер жылда экономи­касы баяулаған Қытайдың екінші тынысы ашылып, көмірсутегі шикі­затын көптеп қа­жет ете бастайды, бұл да қара алтын ба­ғасының қымбаттауына ай­тар­лықтай әсер береді» деседі сарап­шы­лар. Мүмкін. Алай­да кеше ғана Алжирде бей­ресми түрде бас қосқан ОПЕК елдері мұ­-най өндіруді қыс­қарту жөнінде кеңес жүр­гізді. Сол басқосуда Венесуэла өкілі алдағы уақытта қара ал­тынның бағасы 20 доллар­дан да төмендеп кетуі мүмкін екенін айт­-
ты. Оның айтуынша, бұған себеп болатын, біріншіден, ОПЕК елдері арасында ауыз­біршілік жоқ, екінші­ден, әлем экономика­сы баяулаған. Осыдан келіп қара алтынға деген сұраныс аз. Деген­мен Алжирде өткен ОПЕК-тің басқосуын­да ұйым елдері мұ­най өндірісінің көлемін тәулігіне 32,5-33 млн баррельге дейін тө­мен­детуге келісті. Бұл осыған дейінгі көлемге қарағанда 700 мың баррель аз. Қысқасы Алжирде өткен бей­рес­ми кездесуде 2008 жылдан бері алғаш рет келісім орнады. Иран мұнай министрінің айтқанына қарағанда, Ирандағы өндіріс көлемін арттыру туралы шешім қабыл­данған жоқ. «Келісім аясында Иран мен басқа да елдердегі өндіріс көлемі қандай болатыны нақтыланған жоқ. Бұл мәселе ОПЕК-тің келесі кездесуінде (30 қарашада) қаралады» деді ол. Ал Reuters-тің атап өту­ін­ше, Сауд Арабияның энергетика министрі Аравии Халиф әл-Фалих Иран, Нигерия және Ливияға «максималды деңгейдегі» өндіріске рұқсат берілуі мүмкін екендігін мәлімдеген.
Сондай-ақ ОПЕК қатысушылары ұйым­ға кірмейтін өзге елдерге де келісім­шарт аясында қара алтын өндірісін азай­туды ұсынбақ. Дегенмен барлық мәселе қараша айында өтетін ОПЕК-тің ресми саммитінде шешілмек. Әрине мұнай баға­сының құлдырауы тоқтап, тұрақтанғаны не болмаса күшейгені біздің елге де тиімді. Жаңа индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қолға алып жатқанымызбен, Қазақстан әлі де мұнайға тәуелді. Мұнай доллары бюджетімізді толтырып отырғаны белгілі. Демек мұнай өндіретін алпауыттар бір келісімге келіп қара алтын бағасын рет­тей алса, еліміздегі талай қысқарып қалған мега жобалар қайта жанданар еді. Бірақ саясат құралына айналған мұнай бағасы алдағы уақытта расында реттеле ме? Мәселе сонда. Әзірге алпауыт мемлекеттер ара­сындағы текетірес бітпей тұрғанда мұнай нарығы бір жақты болады деу қиын секілді. Осы тұста біраздан бері жұмысы тоқтап, жөндеу жүргізілген Қашаған кен орны жа­қында іске қосылмақ. Бірақ бұдан бізге пайда бар ма? Әлем бойынша соңғы 40 жыл­да ашылған ең ірі кен орны жөнінде айта кетелік. Қашаған – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлем­дегі ірі мұнай және газ кен орны. 2000 жылы ашылып, 2013 жылы алғашқы өнімін бер­ген. Алайда кейбір техникалық мәселе­лер­-ге байланысты уақытша тоқтап қалған. Қашаған – Солтүстік Каспийдегі Қаратон-Теңіз кен орнының жалғасы болып са­на­лады. Ол негізгі үш массивке бөлінеді: Шығыс Қашаған, Батыс және Оңтүстік-Батыс Қашаған. Өндірілетін мұнай қоры 1,5-10,5 млрд тонна аралығында болса, ал жалпы геологиялық мұнай қоры – 38 млрд баррель құрайды (6 млрд т). Шығыс Қаша­ғанның қоры 1,1-8 млрд тонна, Батыс – 2,5 млрд тоннаға дейін ал Оңтүстік-Батыс Қашағанда – 150 млн тонна. Қашағанның геологиялық қоры қазақстандық маман­дардың есебі бойынша шамамен 4,8 млрд тонна деп жоспарлануда. Сонымен қатар Қашағанда табиғи газдың да ірі қоры бар – 1 трлн м3 асады. Иә, Қашаған біздің мақ­танымыз. Ол жерде шетелдік ірі жеті ком­пания жұмыс істеуде. Алайда дәл қазір осы кен орнын қоса қоюдың жөні бар ма? Өйт­кені қара алтын бағасы төмен. Ұтарымыз шамалы. Егер қарашада өтетін ОПЕК жиынында қара алтынның бағамы реттеліп жатса бір сәрі. Ал шешімін таппаса ше?