Негізгі бет  /  мақалалар  /  Түлен түрткен Түркия

Түлен түрткен Түркия

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1417
Түлен түрткен Түркия Жексенбі күні Фетуллах Гүленнің інісі қамауға алынды. Бұл Түркиядағы қуғын-сүргіннің әлі тоқтамай тұрғанын көрсетеді.

Кейбір деректерге қарағанда, әскери төңкерістен кейін қамалғандардың саны бірнеше мыңға жеткен. Бүлік орын алған 20 шілдеден кейін бірнеше ай өтсе де, тексеріс, қудалау мен қадағалау барлық салада жүріп жатыр. Ресми Анкара Гүленнің бауырына да «әскери төңкерісті ұйымдастырды» деп айып тақты. Мұғалімдер мен елдегі судьялар, бірқатар имамдар қызметтен босатылды. Ал Гүленнің інісі Кутбеттиннің әскери төңеріске қаншалықты қатысы бар, ол алдағы уақыттағы тергеу барысында анақталмақ.  
Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері күдікті ретінде ұсталған Кутбеттин Гүленді  туыстарының бірі арқылы тауып алған көрінеді. Ал 1997 жылдан бері АҚШ-та өмір сүріп жатқан Фетхуллах Гүленнің өзі тағылған айыпты толығымен жоққа шығарып отыр. Тіпті ресми Анкара мен Ердоған АҚШ билігінен Гүленді қайтарып беруді талап еткені де белгілі. Бірақ Обама бастаған билік Гүленді бере қояды дегенге сену қиын. Феруллах Гүлен болса, Ердоғанды тақтан тайдыруға қатысты әскери бүлікке еш қатысы жоқтығын айтып, ақталуда.  
Өткен аптаның сәрсенбі күні Түркияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі елдегі төтенше жағдай мерзімін тағы да  ұзартты. Бірақ сарапшылар Түркиядағы қудалау қашанға дейін созылатынын әлі білмейді. Ердоған өзінің биліктегі күшін нығайту үшін әдейі осындай әрекетке баруда деген болжамдар да айтылуда. Ал тағы да бірнеше айға ұзартылған төтенше жағдай елдегі ушығып тұрған мәселені қаншалықты шеше алады? Ол жағы әлі түсініксіз. Десек те, Түркияның Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесі төтенше жағдайдың ұзартылуын елдегі демократияны қорғауды қамтамасыз ету  және заңдарды қалпына келтіру мен түрік азаматтарының құқы мен бостандығын қорғауға көмектесу мақсатында жасалды деп отыр. 
Бірақ Гүленді түлен түртті ме, жоқ әлде, Түркияны түлен түртті ме? Бұл жағы үлкен сауал десек те, қазіргі кезде   ресми Анкараның лас саяси ойынға араласып отырғанын  жасыруға да болмайды. Елдегі лаңкестік жарылыстар мен Сириядағы соғыс, мұның барлығы қазіргі кезде мемлекетте тұрақсыздық жағдайын туғызып отыр.  Тіпті Түркияның Ресей, Иранмен жақындасуының өзін жақтырмағандар жетерлік. АҚШ президенттігіне кандидат Хиллари Клинтон бір сөзінде «Ресей Түркия одағына ешуақытта сенуге болмайды. Бір жылдан кейін-ақ Түркия бізге қайта оралады. Ресей ынтымақтаса алатын ел емес, - деп салды. Расында да саясат майданында мәңгілік дос болмайтынын ескерсек, белгілі бір уақытқа дейін қазіргі қалыптасқан жағдайдан шығу үшін Түркия да осындай әрекетке барған болар. Бірақ, Түркия - Ресей ынтымақтастығын қалпына келтіруде президент Назарбаевтың ролі орасан зор болғанын  айта кету қажет. 
Сондықтан саясаттың өзі құбылып, аумалы төкпелі болып тұрған заманда ең алдымен ел ішіне тұрақтылық пен тыныштық керек. Түркиядағы жағдайды саралағандағы ой осы еді...