Негізгі бет  /  мақалалар  /  Экс-премьердің есін шығарды

Экс-премьердің есін шығарды

Жолдасбек Дуанабай
768
Экс-премьердің есін шығарды Таиланд үкіметі бұрынғы премьер-министр Йинглак Чинаватқа қанша мөлшерде айыппұл салу керектігін анықтады. Өйткені ол үкіметті басқарған жылдары өз қызметіне атүсті қарап, жемқорлыққа жол берген.

Сонымен арнайы құрылған комиссия шешімімен экс-премьер 35,7 миллиард бат (миллиард доллардан астам) қаражатты қазынаға қайтаратын болды.  Чинават ханым 2013  2014 жылдарда шаруалардан кепілге күріш сатып алу туралы мемлекеттік бағдарламаны орындауда  кемшіліктерге жол берген. Алайда қарызды өтеуді анықтауға сегіз ай уақыт керек болды. Осыған байланысты тергеу шаралары ақпан айында аяқталған.  
Министрлер кабинетінің бұрынғы басшысы осыған қарамастан өзін кінәлілер қатарына қоспай отыр. Қайта мұны «әділетсіздік» деп бағалаған. Айыпппұл анықталысымен Йинглак ханым қазіргі үкіметті кінәлап, «қосарлы стандарт» қолданғаны үшін сынады.  
Чинаваттың пікіріне түсініктеме берген  Королдік премьері Прают чан-Оча ар тазалығын алдыңғы орынға қойып отырғанын ашық айтты. «Бұл жерде әңгіме міндеттерді орындау туралы.  Біз бұлай істемесек, өзіміз кінәлі  болып шығар едік», - деді ол. Сондықтан  бұрынғы үкімет басшысынан өндірілетін ақшаны әділетті шешім деп санайды. Егер ол бұған келіспесе, сотқа жүгінуге болатындығын құлаққағыс жасады.  
Ұлттық антикоррупциялық комиссия анықтағандай, мемлекеттік жоспарды іске асыру барысында 14,8 миллиард доллардың орыны ойсырап қалған.   Тіпті Тай елі күріш сатудан әлемдік жетекші орыннан ажырап қалған.   Осылайша «күріш ісі» бойынша сот әлі жалғасуда. Егер кінәсі мойнына қойылса, Чинават 10 жылын түрмеде өткізеді.