Қарттардың қадірі қандай?

Осы секілді сан түрлі сауал кез келген кісіні ойға қалдырады. Өйткені жүрегінде иманы бар адамдар түгілі, ар-ұяттан жұрдай, қолын қанға малған қылмыскерлер де ұзақ өмір сүруді қалайды. Кейінгі топтың ортасында көпті көрген, айтары бар, өмірі өнегелі жандардың жанымызда қанша жүрсе де артық болмасы анық. Осы төңіректе Ресей ғылыми-медициналық геронтология орталығының жетекшісі, клиникалық геронтолог Валерий Новоселов былай дейді: «Жер шарының тұрғындары жедел қартайып барады. Оларды болашақта не күтіп тұр?
Қазір әлемде 7,3 миллиард адам тұрса, оның 560 миллионы 65 жастан асқан. Мәселен, Ресейдің өзінде 146,8 миллион тұрғынның 35 миллионнан астамы – зейнет жасындағылар.
Қартаю туралы қалыптасқан пікір 1980 жылдардан басталады. Әңгіме осымен бітсе жақсы. Ал бала туудың азаюы – қарттардың күрт көбеюін еселеп арттыруда. Жер бетінде 5 жасқа жетпеген бүлдіршіндердің жалпы саны 65 жастан асқандармен теңескен. Салыстырар болсақ, 1950 жылдары 65 жастан асқан отбасыларда 3 баладан болса, қазір осы көрсеткіштің өзі мұң болып қалды», – дейді.
Дүниежүзінде ең қарт тұрғындар – жапондықтар. Бұл елде 60 мыңнан астам тұрғынның жасы 100-ден асып кеткен. Ресейде 8,2 мың адам ұзақ жасаушылар қатарында. Олардың 500-і – 105 жастан асқандар. Жалпы, қарттардың мәселелерімен дамыған елдердің біразы айналысып жатқан көрінеді. Көрші отырған Ресейде Геронтологиялық-клиникалық орталық айналысады. Алайда орыстар қартаю мәселелерімен айналысатын Ұлттық институт жоқтығына налиды. Егер болып жатса, олар да мықты мамандарды бір орталыққа жинап, нағыз ғылыми жобалармен айналысуға құштар. Десек те, кейбір адамдардың неге ұзақ жасайтындығы жұмбақ болып тұр.
«International Journal of Epidemiology» ғылыми журналының соңғы санында ғалымдар адамның интеллекті мен өмір сүру межесін жариялаған. Лондондағы саяси ғылымдар мен экономика мектебінің ғалымы Розалинд Арден өз командасының зерттеу жұмысына сүйеніп, ақылды адамдардың біршама көп өмір сүретінін мәлімдеген. Расында ақылды адам өз денсаулығын күтуге үнемі көңіл бөледі. Сонымен қатар ақша табудың жолын біледі. Есесіне тапқан табысының бір бөлігін денсаулығын күтуге жұмсайды. «Жарияланған мақалада белгілі бір категориядағы ұрпақтан-ұрпаққа берілген гендер адамды ақылды етіп қана қоймай, оның ұзақ өмір сүруіне де септігін тигізетіні туралы жазылған. Зерттеушілер АҚШ, Швеция және Данияда туған әртүрлі жұмыртқалы егіздердің IQ көрсеткіші мен өмір сүру межесін салыстырып қараған. Нәтижесінде егіздердің ақылдылары сыңарынан біршама көп уақыт өмір сүргені белгілі болған. Біз интеллект пен өмір сүру межесінің арасындағы байланыс адамның геніне байланысты екенін дәлелдедік», – дейді Розалинд Арден Live Science порталына берген сұхбатында.
Бұл – теорияға негізделген ғылыми жаңалық. Ақылды адамдар ұзақ өмір сүрсе, демек санасы жан-жақты дамымаған адамдар жастайынан өмірден озады деген сөз емес. Ұзақ өмір сүру үшін дұрыс тамақтану керек. Салауатты өмір салтын жүргізіп, IQ тесті туралы көп ойламау керек», – деп жазады massaget.kz.
Иә, ақылды болып, ұзақ өмір сүретіндердің қатарында жүргендерді де ойға қалдыратын нәрселер жеткілікті. Өйткені қартаюдың қаншалықты қиындығын кез келген кісінің іші сезеді. Бірақ оның арғы жағында қауіп-қатер бар ма? Себебі, қартаюдың жеделдеуі – барлық мемлекет үшін ауыртпалық. Мысалы, 1820 жылы жер шарында 1 миллиард, 1917 жылы шамамен 2 миллиард адам тұрған. Адамдардың көбею үрдісі жеделдеп барады. Енді 35 жылдан соң қарттардың қатары 2,2 миллиард адамды құрайды. Сонда оларды кім бағады, мемлекеттің күші жете ме?
Тіпті «Үндістан мен Қытайдың өзі адамзат үшін әлеуметтік жағынан ауыр жүк болғалы отыр» деген ғалымдар қарттықтың белең алуын жақсылыққа жорымайды. Мұның арғы жағында қарт кісілердің жұмысқа жарамсыз болып, жиі ауыратындығы жатса керек-ті.
Дегенмен, ауырмаудың амалын қарастыратын қарттар да көп. Айталық, жапон жеріндегі аралдардан бастап 100 шақырым қашықтықтағы аймақта ұзақ өмір сүретіндер жиі ұшырасады. Ондағы орташа жас ерлерде – 88, әйелдерде – 92. Мұның себебін мамандар теңіздің әсерімен байланыстырады.
Геронтолог-биолог, физиолог немесе дәрігер өмірді ұзартудың амалын күнделікті жейтін тамақтың қуатымен байланысты екендігін айтады. Ұзақ өмір сүретіндер негізінен өз өмірінде ішкен тағамдарының каллориясын білетіндер. Мысалы, Окинавада тұрғындары тәулігіне 1000-2000 килокаллория тұтынады. Халық көкөністі, балықты, теңіз тағамдарын көп пайдаланып, қант пен тәттіні аз жейді.
Жапон қарттары ірімшікті, құрамында генистеин бар сояны күнде жейді. Ол гендердің белсенділігін арттырып, ағзаны пайдалы белоктармен қамтамасыз етеді. Бұған адамдардың қарапайымдылығы мен күлімдеп жүретінін, жұмысқа берілгендігін қосыңыз. Мұның да ұзақ жасауға септігі бар.
Әрине қазақтар теңіз жағасында тұрмайтыны анық. Сол себепті теңіз өнімдерін де тұрақты пайдаланбайды. Климатты өзгерту де мүмкін емес. «Енді не істеу керек?» деген сауалға берер ғана жауап бар. Тамақтануды қадағалау, физикалық белсенділік, жаман әдеттерден арылу арқылы да өмірді ұзартуға болады. Бұл – әр кісінің қолынан келетін бірден бір тәсіл.
Енді Қазақстан жағдайынан бірер мысал. Тәуелсіздік алған тұста елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 67,4 жыл болыпты. Бұл көрсеткіш қазір 69,6 жыл.
Тек ер адамдардың әйел адамдарға қарағанда, орта есеппен 9,5 жыл кем өмір сүретіні өкінішті. Бұл – әлем бойынша ең жоғары «көрсеткіштің» бірі екен.
Басқаларда қалай? Бүгінгі әлемге тән құбылыс – барлық елде әйелдер ұзағырақ өмір сүреді. Ер адамдар ұзақ жасайтын алты ел – Непал, Ботсвана, Зимбабве, Лесото, Бангладеш және Свазиленд қана екен. Қазір солардың өзі бұрынғы көрсеткішке зар болып қалған.
Әлемде ерлерге қарағанда әйелдер орта есеппен 4,5 жылдай (ерлердің орташа өмір сүру жасы – 66,1 болса, әйелдер үшін – 70,5 жыл) артық өмір сүреді. Ер адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші ең жоғары елдер қатарында Швейцария, Гонконг, Жапония бар. Мысалы, 4-орында тұрған Жапонияда ер адамдар орта есеппен 79,3 жыл өмір сүреді.
Бұл неден? Осы сауалға жауап іздеген зерттеушілердің бір бөлігі дүниеден ерте озуына ерлердің өзін кінәлайды. Себебі олар өз өмірлеріне атүсті қарайды.
Бельгиялық ғалым Клод Либерттің айтуынша, ер адамдарға қарағанда әйелдердің қорғаныс қабілеті мықты және бұл хромосомалық құрылымдардың ерекшелігінен. Сондықтан ерлерге қарағанда әйелдердің түрлі зиянды микроағзаларға, жұқпалы дерттерге қарсы тұру мүмкіндіктері жоғары.
Австралиялық ғалым Дамиан Даулингтің де пікірі осындай. Оның айтуынша, әйел ағзасы түрлі қауіпті өзгерістерден тез арыла алады. Бұл – жасушалық деңгейдегі ерекшелік. Ер адамдардың ағзасынан мұндай «белсенділік» табылмаған.
Иә, бүгінгі интернет көздерінен сан түрлі мысал айта беруге болады. Дегенмен қартаюдың қарқынын ешкім енді тоқтата алмасы анық. Сондықтан зейнет жасындағылардың ендігі тағдыры туралы толғануға тура келеді. Заман да, адам да өзгерген уақытта қарттардың қалған өмірін қалай шуақты ете түсуге болады? Әлде батыс елдеріндегідей арнаулы бақпаларға жіберіп, соңғы демі біткенше сол жақта тұруға мәжбүрлейміз бе?
Жасыратыны жоқ, біз батысты үлгі етпеуіміз керек. Біз мұсылман елі ғана емеспіз, атадан балаға жеткен жасампаз әрі әдемі өз жолымыз бар. Салт-дәстүріміз қалыптасқан, иманды биік ортада өмір сүрген ұрпақпыз. «Елу шылбырдан алды, алпыс тізгіннен алды, жетпіс өре салды, сексен тұсау салды, тоқсан толқып қалды» деген қазақтың бүгінгі ұрпағы да әке-шешесінің алдында азаматтық парызын орындауды ұмытпауы керек.
«Қарты бар үй – қазына» демекші, кейбір елдердегідей қариясының қадірін білмейтін, аялай алмайтын ұлт емеспіз. Ендеше, әлемдегі үрдістен шошынып, қарттарға қатал қараудың қажеті шамалы. Одан да қарияларымызды жастарды тәрбиелеуге белсенді түрде тарту керек. Айталық, «Өнегелі отбасы» байқауы секілді өзге де шараларды қызықты, мазмұнды етіп өткізуге мүмкіндіктер бар. Ел аузында жүрген көнекөз кісілердің жастарға үлгі болар тұстарын барынша насихаттап, арнайы хабарлар түсіріліп, жыл сайын қарттардың басқосуларын ұйымдастырып жатсақ, нұр үстіне нұр. Оларды түрлі мәдени шараларға тартып, өнерлерін жұртқа жарқырата көрсетуге жол ашқанымыз да жөн. Осындай нақта қадамдар әлемдік құбылыстың қазаққа тән еместігін айғақтап береді.