Негізгі бет  /  мақалалар  /  Бір белдеу – бір жол

Бір белдеу – бір жол

Жомарт Молдахметұлы
1228
Бір белдеу –  бір жол Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданының орталығы Үрімжі қаласында халықаралық бесінші «Қытай – Еуразия» ЭКСПО көрмесі өтті.

 Осы шара шеңберінде Санжы қаласында «Жібек жолы бойындағы ынтымақтастықты дамыту. Инновация және қарым-қатынасты одан әрі тереңдету» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік халықаралық форум болып өтті.

ҚХР Ғылым мен техника жө­ніндегі министрлігі халық­аралық ынтымақтастық басқармасының өкілі Е.Донбай Қытай халықтық үкіметі басшыларының алқалы жиынға қатысушыларға арнаған жалынды сәлемін жеткізіп, сәттілік тіледі. Шыңжаң ұйғыр авто­номиялы районы (ШҰАР) партия комитеті тұрақты коми­тетінің мүшесі, ШҰАР төраға­сының орынбасары Еркін Тунияз өзі басқаратын ауданның әлеу­меттік-экономикалық, техни­калық һәм мәдени дамуымен қысқаша таныстырып өтті.
– Шыңжаң өлкесі Қытай ком­мунистік партиясының ізгі бас­шылығы нәтиже­сінде жыл­дан-жылға өркендеп, өсіп келеді. Қа­зіргі күні ШҰАР-да 50-ден ас­там ұлттың өкілдері ынты­мақ­тастық пен достық, өзара түсі­ністік жағдайында жақсы өмір сүріп отыр. Олар өнеркәсіп, ғылым мен мәдениет, оқу-ағарту, ауыл­ шаруашылығы және өзге де салаларда табысты еңбек етуде. Өңірде өндіріс орындары қар­қынды дамып, әлемдік иннова­циялық жаңалықтарды тиімді пайдаланылуда. Еуразия құр­лығында орналасқан мемлекет­термен өзара тиімді ынтымақ­тастық орнату арқылы біз жаңа биіктерге жететініміз анық. Демек, «Жібек жолы бойында ын­тымақтастықты дамыту. Ин­новация және қарым-қаты­насты одан әрі тереңдету» деген тақы­рып­тағы халықаралық форум­ның мәні мен маңызы айрықша. Шың­жаң мен Еуразия мемлекет­терінің арасында сауда, инвес­тиция, технология, сондай-ақ, мәдениет саласындағы маңызды көпір екендігі даусыз. Мұндай форумды өткізу Қытай комму­нистік партиясының төрағасы Си Цзиньпин жариялаған «Бір белдеу – бір жол» стратегиясын жүзеге асыра отырып, тамаша табыстарға жетуге жол ашады, – деп өзінің ой-пікірін жеткізді. 
Басқосу барысында Тәжік­стан­ның премьер-министрі Кохир Расулзода, Шығыс Қазақ­стан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қытайдың Чанцзи (Санжы) облысының губерна­торы Ма Сюнчэн, ТВЕА корпо­рациясының төрағасы, партком хатшысы Чжань Синь, сондай-ақ, Пәкістанның, Моңғолияның, Ресейдің, Тәжікстанның, Қазақ­стан мен Қырғызстанның тағы басқа да бірқатар мемлекеттердің өкілдері сөз сөйледі. Олар ежелгі ұлы Жібек жолы бойында жаңа заман талабына сай өзара түсі­ністік жағдайында ынтымақ­тастықты дамы­тудың маңызы орасан зор екендіктерін айрықша атап өтті.
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ауылшаруашылығы ғы­лым­дарының докторы, профессор Серік Кененбаев мінберде Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты нәтижесінде тәуелсіз еліміз әлем елдерімен, оның ішінде, көршілес мемлекеттермен өзара тиімді достық қарым-қатынасты барынша нығайтып келе жат­қанын мақтанышпен жеткізді. 
– Ғылыми-зерттеу институ­тының ғалымдары соңғы бір жыл ішінде ШҰАР-дың Ғылым ака­демиясы мен осындағы Санжы қаласындағы Бао Мин деген аза­мат басқаратын «Жиу Шэнь Хэ» тұқым шаруашылығы компа­ниясымен өзара ынтымақтастық байланыс орнатқан едік. Қазіргі күні екі ел ғалымдарының бірле­сіп атқаруы тиісті істерді белгі­ледік. Мысалы, бүгін қол қойыл­ған келісімшарт бойынша Қытайдың жүгері тұқымын өңдеп, нығай­тумен айналысатын «Жиу Шэнь Хэ –Тоғыз дән» кор­по­рациясы Алматы облы­сының Панфилов ауданы аумағынан жүгері өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Осы мақсат үшін аталмыш компа­ния алғашқы транш бойынша 100 миллион юань қаржы бөлу көзделген. Ендігі мәселе біз Алматы облы­сының басшылығымен бірлесіп, зауыттың қай жерге салынатынын нақты анықтауымыз қажет. Елі­мізде мұндай зауыттың салынуы өзімізде өндірілетін жүгері тұқымын өң­деу жұмыс­тарының талапқа сай жүргі­зілуіне және тұқым сапасының жоғары болуы­на ықпал ететіні сөзсіз. Мұндай ынтымақтастық байланыстың еліміздің ауылшаруашылы­ғын, оның ішінде, егін шаруашылы­ғын барынша дамытуға жол ашатыны даусыз, – деді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры Серік Кененбаев. 
Ауыл шаруашылығы министр­лігіне қарасты «Асыл түлік» АҚ-тың басшысы Әлжан Шәмшіден де сөз алып, Қазақстан мен Қытайдың, оның ішінде ШҰАР-дың арасында соңғы жылдары өзара тиімді ынтымақтастық ор­натып, бірлесе жұмыс жасап жатқанын және мұндай байла­ныс­тың нәтижесі зор екендігіне кеңінен тоқ­талды. «Азық-түлік» басшысы да Қытай­дың малша­руашылығымен айналысатын бір компаниясымен өзара іскерлік бай­ланыс жөніндегі келісім-шартқа қол қойып, алдағы уа­қытта бірлесе атқарылуы тиісті іс-шараларды бекітті. 

PS: Ресми дерекке жүгінсек, соңғы он жылдың (2005 – 2015 жж.) ішінде көр­шілес Қытайдан Қазақстанға 13 миллиард долларға жуық инвестиция тартылыпты. Бұл өзара қарым-қатынастың арта түс­кенін, екі ел ынтымақтастығының бола­шағы зор екендігін көрсетеді.

Алматы – Үрімжі – Санжы