Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Нұрлы жолдың» сәулесі

«Нұрлы жолдың» сәулесі

Айқын-ақпарат
794
«Нұрлы жолдың» сәулесі Алматы облысы

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Алматы облысында іссапармен болды.
Республикалық қоғамдық кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, алдағы қазан айындағы отырыста салықтық және кедендік әкімшілік ету саласындағы мемлекеттік қызмет көрсе­тудің сапасы мен қолжетімділігін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтеу қо­ры­тындыларын қарастыру жоспарланған. 
Осыған байланысты құрамына «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кі­ріс­тер комитетінің, «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының, прокуратура және мемлекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агент­тігінің аймақтық бөлімшелерінің жауапты қызметкерлері енген жұмыс тобы құрылған болатын. Осы жұмыс тобы Ал­маты об­лысында іссапармен болып, бір­не­ше ны­санның жағдайымен танысты. 
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық кеңес мүшесі Омархан Өксікбаев бастаған жұмыс тобы «Алтынкөл» кедендік бекетінің «Қалжат» бақылау-өт­кізу пунктінде болды. Омархан Нұртайұлы атап өткендей, жұмыс тобының «Қалжат» бақылау-өткізу пунктіне келудегі мақсаты – мемлекеттік кірістер органдарының мем­лекеттік қызмет көрсету сапасы мен қол­же­тімділігін зерделеу.
Жұмыс тобы санитарлық бақылау, ве­те­ринарлық бақылау, фитосанитариялық ба­қылау және көліктік бақылау сынды жүктерді ресімдеу қызметтерінің жұ­мы­сымен танысты. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарының қызметтерінде пай­даланылатын мобильді ақпараттық-тексеру кешендері және ақпараттық жүйелерге на­зар аударды. Кедендік ресімдеуден өтіп жатқан жүк көліктерінің жүргізушілерімен және олардың кедендік өкілдерімен (бро­керлер) тілдесіп, кеден органдарына қа­тысты ескертпелері мен ұсыныстарын жа­зып алды. 
Алматы облысының кәсіпкерлерімен кез­десу барысында салық және кедендік әкімшілік саласына қатысты бизнес өкіл­дерінің пайым-пікірлері тыңдалды. Ашық диалог алаңына айналған жиында кәсіп­кер­лер өз көзқарастарын ашық айтты. Кө­терілген мәселелердің көбісі салық төлеу жүйесін жетілдіруге және жеке шаруа­лар­дағы қиындықтарға қатысты болды. «Нұр Отан» партиясының орталық аппарат қыз­меткерлері барлық ескертпелер мен ұсы­ныстарды жазып алып, жоғарыға жеткізуге уәде берді. 
«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, қазына қаржысының тиімді жұмсалуын бақылауды да барынша күшейтіп отыр. Әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған нысандарға баса назар аударады. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының орталық аппарат қызметкерлері құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталғанына қарамастан, әлі күнге аяқталмай отырған жол мен Тал­дықорған қаласындағы қолданысқа беру мерзімі келгеніне қарамастан әлі қабыр­ғасы да қаланбаған 5 үйдің жағдайына зер салды. 

Жертөлесі ғана құйылған 5 тұрғын үй­дің құрылысы жыл соңына таман қайта қол­ға алынуы мүмкін. Құрылыстың кеше­уіл­деуі осы ауданның инфроқұрылымын жақсартуға кедергі келтіруде. Жұмысқа салғырт қараған бұрынғы мердігер меке­меге қатысты сот үкімі шығып, жобаға бөлінген қаржы қайтарылып, 290 пәтерлі үйлердің жобалық-сметалық құжаттары қайта жасалыпты. Енді үй құрылысын жал­ғастыруға ниетті компанияларға тендер жарияланбақ. Сонымен бірге, нысанның жобалық құны да қайта қаралады. «Бәй­те­рек» АҚ салынатын үйдің әр шаршы метрін 140 мың теңгеден асырмаймыз деп отыр. Нысан құрылысы «Нұрлы жол» бағдарла­масы аясында қайта жанданады. 
Құрылысы жырға айналған тағы бір жоба – Талдықорған мен Балпық би кенті арасындағы жаңа автожол. Небәрі 24 ша­қырымға созылатын жолды төсеу төртін­ші жылға созылып барады. «Қазавтожол» компания өкілінің айтуынша, осы жылдың соңына таман негізгі бөлігі аяқ­талады деген үміт бар. Бірақ толығымен аяқталмайды. Бақтыбай ауылы мен аудан орталығын кесіп өтетін жолды жөндеу ке­лесі жылға қалады. 
Партияның орталық аппаратынан кел­ген өкілдер Жамбыл, Қарасай, Іле аудан­да­рын да аралап, «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы аясында атқарылған жұмыстарды кө­ріп шықты. Бұл қатарда жуықта қолда­нысқа өткен мектептер мен балабақшалар бар. 
Жамбыл ауданындағы Жаңақұрылыс ел­дімекенінде жаңа оқу жылы пайдалануға берілген мектеп 600 орынға арналып, «Нұр­лы жол» бағдарламасымен салынған. Білім ордасында отыздан астам оқу бөлмесі, муль­тимедиялық, лингафон және ин­фор­матика кабинеттері, 130 орындық асхана, 200 орындық мәжіліс залы тағы бар. Ұл­дарға бөлек, қыздарға бөлек шеберхана сыныбы ашылған. Онда шәкірттер қолөнер үйренеді. 
Мемлекеттік бағдарлама арқылы са­лын­ған тағы бір нысан – Қарасай ауда­нын­дағы Қырғауылды ауылында орналасқан «Ақ көгершін» атты 320 орындық балабақша пайдалануға берілісімен Алматының ірге­сіндегі ауыл тұрғындарының өзекті мәсе­лесі шешілді.
«Нұрлы жолдың» қызығын шиеліктер де көріп отыр. Бұл бағдарлама әсіресе, аудандағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге ықпал етіп отыр. Боралдай кен­тін­дегі 600 орындық жаңа мектеп 1,5 миллиард теңгеге тұрғызылыпты. Жаңа техноло­гия­мен жабдықталған заманауи білім оша­ғында сапалы білім алуға қажетті жағдай­дың бәрі бар. Ғимаратта 36 кабинеттен бө­лек, түрлі оқу залдары жасақталған. 
Бірнеше күн Алматы облысын арала­-ған жұмыс тобы өңірдегі «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша атқарылған жұмысқа оң баға берді.


 

 

Биылғы тәтті түбірдің алғашқы легі зауытқа жеткізілді

 

Өткен жылы іске қосылып, биыл қайта жаңғыртылып, жабдықталған «Көксу» қант зауытына жетісулық диқандар биыл өсір­ген қант қызыл­ша­сының алғашқы өнімі жет­кізілді. Сарқан ауданындағы «Мадияр» шаруа қожалығы алып жүк көліктеріне тиелген 200 тонна тәтті түбірді қант қы­зылшасын қабылдайтын бекеттегі арнайы алаңға төкті. 

Дайындау бекетінің алдына керілген қызыл лентаны Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ мен қайта өңдеу кәсіпор­ны­ның құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев кесті. Құрылтайшы салтанатты сәтке куә болу үшін жиналғандарды кәсіпорынның та­рихымен және бүгінгі мүмкіндігімен та­­ныстыра кетті. «Көксу» қант зауыты 1934 жылы жұмысқы кіріскен. Содан бер­гі ке­зеңде тоқтаусыз жұмыс істеп, жаб­дық­та­рының тозуы кесірінен 2010 жыл­дан бергі кезеңде бірнеше жыл тұрып қал­ған бо­лат­ын. Өткен жылы облыс бас­шылығының қолдауымен қайта іске қо­сылған зауыт өзі­нің 80 жылдық тарихында биыл ғана қайта жаңғыртылып, жабдық­талыпты. Құрыл­тайшының айтуына қа­ра­ғанда, жаңа әрі жоғары технологиялы жабдықтар алуға 400 миллион теңгеден астам қаржы жұм­салған. Сынақтан сү­рінбей өткен құрал-жабдықтар арқасында биылғы жұмыс был­тырғыдан да өнімді болады деген үміт мол. 
Сарқаннан жеткен «тәтті» автокеруен биылғы өнімнің алғашқы легін әкелді. Оның соңынан іле-шала басқа аудандар мен шаруашылықтар да тәтті түбір тиел­ген керуендерді жөнелте бастады. Қазіргі кезде зауыттың дайындау бекетіндегі атшап­ты­рым алаңда тәтті түбір таулары бірінен соң бірі пайда бола бастады. «Қай­та өңдеушілер бірінші болып шикі­зат өткізген сарқан­дықтарды құрметпен қарсы алды. Шаруа­шы­лық екі жүз гек­тар­дан астам алқапқа қант қызылшасын сеуіпті. Алғашқы гек­тарлардан орташа алғанда 450 центнерден өнім жинап жа­тыр. Барлығы дұрыс болса, алқаптан сегіз мың тонна өнім жинап, оның әр тонна­сын 17 мың теңгеден қант зауытына өт­кізеді. 
Былтыр кәсіпорын 11 мың тонна да­йын өнім – құмшекер шығарса, биылғы өн­ді­рістік қуаты күнінен 1,8 мың тонна тәтті тү­бірді өңдеуге жетеді. Қайта жарақ­тан­дырылған кәсіпорын өндірістік үде­рісті жақсартып қана қоймай, қанттың сапасын да арттырады.


 

 

«Мал өсірсең, қой өсір»

немістер Жетісу жерінде қой етін өңдейтін кешен салады 

Алматы облысы әкімдігінің Алматы қаласындағы өкілдігінде тағы бір жақсы жаңалық тіркелді. Осы өкілдікте облыс әкімі Амандық Баталов германиялық «Бау­манн ГмбХ» компаниясы өкілдерімен кез­десті. Шетелдіктер өздері ұсынып отырған қой етін қайта өңдеу кешенінің құрылысы туралы баяндады. Екі жақ өзара түсіністікке келіп, келісімге қол қойды. Егер ойға алған шаруалар жүзеге асса, онда жаңа жобаның арқасында тәулігіне 3 мың бас немесе айына 66 мың бас қой сойылып, салқын­датылып, тоңазытылып, жартылай дайын, дайын өнім деңгейіне жеткізіліп, ЕурАзЭс пен Таяу және Орталық Шығыс елдеріне, Қытай, Иран мемлекеттеріне сатылымға шығарылатын болады. 
Жері шұрайлы Жетісу өңірінен қой етін қайта өңдеп шығаратын еуропалық зама­науи технологияға негізделген кешен құ­рылысын салуға қатысты жобаны облыс әкімі қуана құптады. «Бауманн ГмбХ» компаниясының президенті Райне Бау­манн облыс басшысына бұл кәсіппен, яғ­ни, қой етін қайта өңдеу ісімен арғы ата­ларынан бастап айналысатындықтарын айта келе, компанияның бизнес-жоспа­рымен таныстырды. Сондай-ақ, ол кеңестік кезеңде қой өсірумен даңқы шыққан Қа­зақ­станның бұл мәселе жөнінен ТМД ел­дерінде де алдыңғы орынға ие екендігін тілге тиек етіп, өндірілген өнімді өткізуде Же­тісу жерінің тоғыз жолдың торабына ор­наласқан географиялық қолайлылығы аса қызығушылық тудырғанын білдірді. Жоба­ның тапсырыс берушісі әрі баста­машысы «Бауманн ГмбХ» компаниясы бөлімдерінің бірі – «ҚазақҚой» ЖШС екен. 
– Жобаның «ҚазақҚой» деп аталуы­-ның өзі сәтті таңдалған екен. Атауының өзі айтып тұрғандай, қазақ қойының еті өзге елдердің өнімінен барлық жағынан көш ілгері, сапа мен дәм, экологиялық тазалығы жағынан мақтана аламыз, – деген Амандық Ғаббасұлы агроөнеркәсіптік кешені өр­кендеп келе жатқан өңірде ұсақ мал басы­ның 3,5 – 4,5 млн жететіндігін, бірақ ірі қара болмаса, қой етін қайта өңдейтін ке­шеннің жоқтығын жасырмады. Сол себепті, бұл жобаның жүзеге асуы нәпақасыен мал шаруашылығынан тауып отырған тұр­ғын­дар үшін аса тиімді әрі ұтымды болары анық. 
Келіссөз барысында облыс басшысы германиялық компания өкілдеріне елімізге келген инвесторларға үкімет тарапынан кең қолдау көрсетілетіндігін, сонымен қа­тар, Жетісу ел Президентінің туған жері екен­дігімен де ерекшеленетіндігін түсін­дірді. 
Келіссөз соңында екі тарап өзара ме­морандумға қол қойды.
Қаржыдан қысылғанда қолындағы малын реті келген жерде сойып, етін ар­қа­лап алып базар жағалап кететін ауылдағы ағайын мен қой өсіруші шаруашылықтар үшін облыста мұндай кәсіпорынның болуы аса тиімді екені айтпаса да түсінікті. 


 

 

Аудандардың мәдениет күндері Алакөлден бастау алды

Аудандардың биылғы мәдениет күндері айдынды Алакөл ауданынан басталды. «Егеменді елдігім – Тәуелсіздік теңдігім» деген айдармен айшықталған салтанатты шара Үшарал қаласының «Сымбат» ор­та­лық алаңында өткізілді. Мереке басталмас бұрын Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер мен Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, тағ­зым етілді. Бұдан соң аудан әкімі Әлібек Жақанбаев бастаған топ «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұйымдастырыл­ған көрмені тамашалады. Онда ұлттық құнды­лықтар мен салт-дәстүрді дәріптей­тін мәдениет жәдігерлері назарға ұсы­нылды. Сондай-ақ, көрмеге аудандық білім бөлімінің жетекшілері мен мектеп оқушы­ларының ағаштан, моншақтан және дәнді дақылдар мен шиден жасаған үздік жұ­мыс­тары қойылыпты. Қылқалам шебер­лерінің өнер туындыларымен, қазақтың қолөнер бұйымдарымен, аудан жетістік­терімен де осы жерден таныстық. 
Өңір жұртының ортақ шаңырақ ая­сында мызғымас береке-бірлігі мен ынты­мағын паш ететін көріністер де көпшілікті тәнті етті. Славян, татар ұлттық мәдени ор­талықтарының өнері, мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен киім үлгілері танысты­ры­лып, жиналғандардың көңілін сергітті. Ұлт­тық тағамдар қойылған дастарқаннан қонақтар дәм татты. Ән шырқалып, би би­ленді. Осылайша, салт-дәстүрдің сан түрі­нен сыр шер­тетін әрбір шатыр жер­гілікті халықтың ауыз-бірлігінің мығым еке­ндігін аңғартты. Көр­меден соң үлкен сахна ма­­ңына топтасқан жұрт концерттік бағ­дар­ламаны тама-шалады. Дәл сол сәтте алаң­ды айналып, автошеру өтті. Көпшілікті өзіне қаратқан «темір тұлпарлар» көк туды жел­бі­ретіп, елге жиырма бес жыл ішінде жаңа серпіліс әкелген атаулы даталарды ұлық­та­ды. 
Аудан әкімі ортаға шығып: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдениет – ұлт­тың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Елдігімізді әлемге та­ны­та­тын – ұлтымыздың мәдениеті» деген еді. Облыста дәстүрге айналған игі шара бүгінде уақытпен үндесіп, жаңа биіктерге жетелеуде. Мәдениет күні аясында өткі­зілген барлық іс-шараны қасиетті тәуел­сіздігіміздің 25 жылдығына, Қазақстан­дағы Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жыл­­дығына арнадық. Бұл мереке өнердің ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы табыстары мен жетістік­тері­нің де көрсеткіші. Мемлекеттің, қоғамның қалыптасуы мен дамуына мәдениеттің қо­сар үлесі зор. Қай ел­дің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы жоғары болмақ. Кез кел­ген өркениетті ел ең алды­мен тарихы, өнері және ұлы тұлғалары­мен ерекшеленеді. Сол сияқты, Алакөл өңірінің жұртшылығы да дарынды ұл-қыз­дарымен мақтана алады. Айдынды өлкеде Әнуар Әлімжанов, Сәкен Иманасов, Ғұс­ман Жандыбаев сынды ақын-жазушылар, Теміржан Базарбаев, Айтмұхамбет Бей­сембаев секілді ком­по­зи­торлар, Тасқын Оқапов, Мәлгеждар Әубәкіров сияқты Қазақстан Республикасының еңбек сі­ңір­ген өнер қайраткерлері дүниеге келген. Қазақ КСР-нің халық әртісі Зейнеп Қой­шыбаеваның әуезді әні ел құлағынан алыс­тай қойған жоқ. Сондай-ақ, биыл жерле­сіміз, саяси қуғын-сүргін құрбаны, Ақын Араптың – 120, белгілі ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының мүшесі Қастек Баян­баевтың – 80, қазақтың дарабозы Қа­банбай батырдың 325 жылдық мерейтойы. Мәдениет пен өнер – қоғамның айнасы, бет-бейнесі. Елдің рухани мұрасы, асыл қазынасы. Ендеше мәдени мұрамызды көз­дің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа шашау шығармай жеткізу – біздің міндеті­міз» – дей келе, өнер көзі халықта екенін айтып, руханият саласына барынша қам­қорлық жасап отырған облыс әкімі Аман­дық Баталовқа аудан жұртшылығы атынан алғысын жеткізді.


 

 

Раушанның жеңісі жерлестерін желпінтіп тастады

Қазақстан құрамасы табысты өнер көр­сеткен Рио Олимпиадасының дүбірі біраз үзілістен қайта жалғасын тапқан еді. Бай­рақты бәсекенің көрігін одан ары қыз­дырған мүмкіндігі шектеулі жандар ара­сын­дағы дүниежүзілік додада өнер көр­­сет-
­кен жерлестеріміз қазақ спорт та­рихында бұрын-соңды болып көрмеген жетістіктерге жетті. Қазақстанның ұлттық құрамасы сапарында он бір спортшы өнер көрсетті. Олардың арасында оза шапқан екі мықты­мыз жүлделі орыннан көрінді. 
Бірінші болып суға жүзу спортынан сынға түскен Зүлфия Ғубайдуллина жеңіс тұғырына көтерілген болатын. Ол 100 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде алдына жан салмай, алтыннан алқа таққаны әлі көз алдымызда. Алтыннан кейін тағы да жүлде күткеніміз анық. Сенім алдамады. Жеті­сулық пауэрлифтингші Раушан Қойшы­баева 113 келіні еркін еңсеріп, екінші орын­ға табан тіреген кезде қуанышымыз еселенді. Осылайша, Қазақстан тарихында тұңғыш рет паралимпиададан жүлде алып, қазақ спорт тарихының жаңа парағын аш­қан жеңімпаздар күні кеше елге оралды. Алдымен ұлттық құраманы астаналықтар қарсы алып, зор құрметке бөледі. Елор­да­ның сый-құрметі Жетісу жерінде де жалға­сын тапты. Жер ұйығы Жетісудағы қасиетті Қарадаланың қаһарман қызы Раушан Қой­шыбаеваны күтіп алуға Талдықорғандағы әуежайға ағылған жұртта есеп болмады. Жалынды сөздер жазылған транспаранттар ұстаған үлкен-кішілі спорт жанкүйерлері күміс жүлдегерді тағатсыздана күтті. Ән шыр­қалып, ұлттық киім киген қыздары­-мыз шашуын дайындап, есікке елеңдеді. Біраздан соң кеудесін қуаныш кернеп, мойына таққан күміс медалін жарқыратып, Раушан Қойшыбаева ортамызға келді. Шашу шашылды, қайсар қызға гүл шоқ­тарын ұсынып, ортамызға алдық. Қаума­лаған, құттықтаған жанкүйерлер арасында болған Раушанның жұбайы мен үш қызы да елдің жүрегін толқытып, жүлдегер анасын құшаққа алды. 
 Салтанатты шараның шымылдығын облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Ша­ра­пиев ашып, жанкүйерлерге алғысын жет­кізіп, Риодан күміс сыйлаған Раушанға басшылық бағасын беріп, ағалық ақ тілегін арнады. Раушанның туған жері – Ұйғыр ауданының әкімі Әлімжан Тохтасунов та жүлдегерге ыстық ықыласын білдірді. Спорт­шылардың осындай жетістікке же­туіне қолдау танытып отырған Елбасы, облыс әкімі және облыстық спорт басқар­масы екенін тілге тиек етуді де ұмыт қал­дырған жоқ. 
– Раушан әлем чемпионатынан жүл­демен оралғанда ауданда үлкен құрмет көр­сеткенбіз және Рио паралимпиадасына ата салтымен ақ жол тілеп, салтанатты түрде шығарып салған едік. Сол кезде қайсар қыз «мен жүлдесіз оралмаймын» деген еді. Уәде­­сінде тұрып, елімізге күміс медаль сый­­лап отыр. Біздер шын көңілден разы­мыз, – деді аудан әкімі. 
Халқының құрметіне толқыған Раушан өзіне берілген сөз кезегінде: «Риоға аттанар алдында Елбасыға жүлде алып келемін де­ген едім. Сол уәдемде тұрдым. Оған жетуіме мына сіздер, спорттың басында жүрген барлық басшылар және отбасым кө­мек­тес­ті. Осындай жеңісіміз көп болсын, спорт­пен шұғылданыңыздар, елдің на­мы­сын жо­ғары ұстайық», – деді. Раушан Қойшы­баеваны Қарадала тұрғындары да аудан шекарасынан зор құрметпен қарсы алып, салтанатты жиын өткізді. 

Бетті дайындаған Болат Абаған, Алматы облысы