Негізгі бет  /  мақалалар  /  1 млн тоннадан артық астық жиналады

1 млн тоннадан артық астық жиналады

Айқын-ақпарат
843
1 млн тоннадан артық  астық жиналады Биыл Қарағанды облысында астық рекордық көлемде жиналады деп күтілуде.

Орта есеппен 14,0 ц/га шаққандағы өнімнен 1 млн тоннадан аса дәнді-дақыл жиналмақ. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібековтің аймақтағы егін ору жұмыстарымен танысқан сапарында мәлімдеді. 

Облыс басшысы сапарын астықты өңір Осакаров ауданынан бастады. Аймақ басшысы «Найдоровское» ЖШС дала­сындағы майлы дақылдарды жинау барысын көріп қайтты. Шаруа­шылық директоры Павел Лущак майлы дақылдардың түрлері мен өнімділігін арттыру жайлы әңгімелеп, суармалы жер­лерді қалпына келтіру мен картоп өсіру технологиясы  туралы түсіндірді. 
П.Лущактың айтуынша, биыл алынатын ауылшаруашылық да­қылдары  9931 гектарды құрай­ды, оның ішінде  бидай –  9786 гектар, арпа – 1076 гектар, тары – 145 гек­тар, майлы дақылдар – 4500 гек­тар. 19 668 гектар алаңда, оның ішінде 15 168 гектар егістікте 50 адам жұмыс жасайды, 20 техника өнім жинауға жұмылдырылған. 
«Найдоровское» ЖШС өнім­дерін әлемнің 18 еліне жет­кізіп отырған бірегей шаруашылық. 
– Біздің дақылдарды сатып алушылар қатарында Еуроодаққа мүше 15 мемлекет бар, мәселен, Германия, Бельгия, Дания, Швейцария, Нидерландия секілді елдерге автокөлікпен, қаптарға салып жеткіземіз. Қазақстан бас­қа тасымалдаушыларға қарағанда ең ұзақ 5 мың шақырым қашықтықта жат­қанына қарамастан,  сатып алу­шылар бұл шығындарды өз мой­нына алып, біз өсірген зығыр дақылын қымбатқа сатып алуға даяр. Себебі біздің өнімнің са­пасы жоғары, Орталық Қа­зақстанның табиғи-климаттық аймағы бұл өнімді өсіруге өте қолайлы. Біздің елде зығыр майлылығы жоғары болып өседі, сол себепті оны медициналық және азық-түлік мақсаттарға қолданған тиімді. Бұл дақылдағы пайдалы қышқылдар жүрек ауруларының алдын алады, – дейді шаруашылық басшысы. 
Облыс әкімі сапарын бидай өсірумен айналысатын «Жаңа Ай» ЖШС жалғастырды. «Жаңа Ай» астық өнімділігі бойынша аймақта бірнеше рет қара үзіп шыққан шаруашылықтардың бірі. Шаруа­шылықтың қаржылық директоры В.Шамордин ауыл­шаруашылық дақылдарының түсімі туралы әңгімеледі. Егіс аумағы 10 969  гектарды құрайды, оның ішінде бидай –  9 438 гектар, арпа – 104   гектар, көп жылдық шөп – 826 гектарға себілген.
«Жаңа Ай» ЖШС алқабында егіске даярлық топырақты хи­миялық өңдеу технологиясы бо­йынша жүргізіледі. Қазіргі заман­ғы шетелдік тұқым  сепкіштерде жер қыртысына дәнді бірдей тереңдікке салатын дискілер бар. Тұқым себудің дәстүрлі техноло­гиясына қарағанда жерді қайта жыртудың қажеті жоқ. Осының арқасында жер қыртысындағы пайдалы микроор­ганизмдерді жойылып кетуден сақтап, далада қалған сабандардың селдіреуіне септігін тигізеді. Ол жерді қара­шірікпен байытып, ылғалдың сақталуына, буланып кетпеуіне әсер етеді. Сонымен қа­тар желге мүжілу қаупінен сақтайды. Яғни, жаңа технология топырақтың жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды. Әрі шаруалар үшін дәнді топыраққа біркелкі егуге мүмкіндік береді. Егіс қатарлары да сымдай тізіліп, дақылдар түгелдей біркелкі өседі. Нәти­жесінде күзде астықты сапалы, аз шығынмен жинап алуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы «Ясная Поляна» шаруа­шылығында болды. Шаруашылық  басшысы  Михаил Чолокиди 23 жыл бойы, негізінен, өсімдік ша­руа­шылығымен айналы­сатын­дығын баяндады. Биыл егістіктен 5469 гектар өнім алу көзделген, оның ішінде бидай – 5139 гектар мен арпа – 330 гектар. 
Облыс бойынша ағымдағы жылы дәнді-дақылдар 730,5 мың гектарға егілді. Бидай 596,1 мың гектар, арпа 117,3 мың гектар, сұлы 17,1 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар 8 451 гектар картоп пен 1  486 гектар көкөніс жиналады деп күтілуде. Астық жинауға 2 438 ком­байн мен 3700 техника жұмыл­дырылған. Облыста дәнді-дақыл сақтайтын 517,9 мың тонналық 523 қойма бар.