Басты  /  мақалалар  /  Апыл-ғұпыл асады...

Апыл-ғұпыл асады...

Ара
598
Апыл-ғұпыл асады... Астанаға алқынып, аптығып, желкесі күжірейіп, төбе шашы тікірейіп, көздері қызарып, құлағы ұзарып, басы шақшадай, жейдесі он соттық бақшадай болып Василий Ни келді.

Төрде талтайып отырғандар оны құрметпен қарсы алды. Астанада өтіп жатқан іріктеуге Алматыда «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының президенті Василий Ниді «келеді, келеді де «Сәлеметсіздер ме, мырзалар!» деп сәлем береді» деп ойламаса керек.  «Жалмауыздар жей береді...» атты сериалдың басты рөліне кастинг жарияланған болатын. 

 

– Ия, Василий мырза, қандай өнеріңіз бар? – деп сұрады кастинг төрағасы тісін шұқып отырып. Алдарында қазы-қарта, жал-жая, ет жеп, қымыз ішіп отыр екен.
– Ән айтамын! – деп қалды Ни.
– Қандай ән?
– Кеңес заманында хит болған «Алатау» әні бар еді ғой? Соның мәтінін өзгертіп айтқым келеді.
– Ия, өнеріңді байқайық. Мықты болсаң, басымызды шайқайық. Баста!
      Василий Ни тамағына су бүркіп, роза гүлін иіскеп, сабағымен жағын сипалап, жаттығу жасады да, әндетіп:
– Алып тұлға байсалды,
Тарелкаға май салды,
Қарны оның ашқан соң,
Апыл-ғұпыл жей салды!
Жалап-жұқтап жей салды,
Кешіріңіз, дей салды...
Ей, шыңына көз жетпес!
– Тоқтаңыз! – деп қолын көтерді төраға, – әннің мәтіні керемет!
Василий Ни ыржалақтап тұр. Екі езуі құлағына жетті. Өзі шынында қылғыта бергенді жақсы көреді. Және де апыл-ғұпыл асаса да, тазалап, тарыдай шашпай, аяғының астындағыны баспай, опырып жейді. Сосын ғой кастингке қатысып, кинода ойнағысы келгені!
– Тағы қандай өнеріңіз бар? – деп сұрады кино сыншысы Пістегүл апай. 
– Тақпақ айтамын.
– Айтыңыз...
Ни ойланып тұрып: 
– Алып тұлға байсалды,
Тарелкаға май салды,
Жалмауызға жеу керек,
Апыл-ғұпыл жей салды,
Апыл ғұпыл жей салды...
Ей, шыңына көз жетпес! – деп  «өлең» оқыған болды қолын сермеп қойып.
– Тоқтаңыз! – деді кино сыншысы, – «Алып тұлғадан» басқа айтарыңыз жоқ па немене? Енді былай, парақордың образына кіріңіз. Бюджеттің ақшасын кеміріп жатқан жемқордың рөлін ойнап беріңізші?
Василий басын қасыды. Ойланып тұр. Толғанып тұр. Тума талант қой! Жегенді, жеп болысымен бірдеңе дегенді жақсы көреді. 
– Ей, алып тұлға байсалды кісі! Бұл сенбісің? – деп түсін түкситіп, ашуға булығып, даусын қатқыл шығарды. Сосын ары-бері жүріп, қолын артына қайырып, ұрса жөнелді:
– Ей, естимісің? Алып тұлға, байсалдым? Тарелкаға май салдым, сені қашанғы күтемін? Жемесең жер тісте, өзім-ақ апыл-ғұпыл жей салдым! Ей, сенің шыңыңа көз жетпейді!
– Ойбай, тоқтатыңыз! – деп айқай салды кастинг төрағасы дауыстап, – Василийжан, енді оңбаған лаңкестің бейнесін ойнап беріңізші?
В. Ни ыржиды. «Түк емес»» деп тұрған-дай. Кенет талтайып тұра қалып, автомат кезенгендей болды:
– Ей, тоқта, мен полицеймін! Атамын! Сен кімсің? «Алып тұлға байсалдымын!» Арқаңдағы жолдорба немене? Жарылғыш зат емес пе?» «Жоқ, тарелкаға май салғанмын...» «Майдың ішінде гранаттар жоқ па?» «О, не дегеніңіз, қарным ашқан соң, апыл-ғұпыл жей саламын ғой...» 
Оны кастингтен қуып шықты. Ұнжыр-ғасы ұн, таланты сұм, жігері құм болған соң, тірлік оңа ма? Василий тіпті мұңайып кетті. Кинода басты рөлде ойнамаса да, жемқорлықта сомдағаны рас еді. «Қорғас» ХШЫО президенті және мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлға бола тұра,  бопсалау жолымен «Қорғас-Тюльпан» ЖШС-ға қатысты инвестициялық тендер нәтижелерін оң шешу үшін жемқор рөліне кіріп кеткені... Былай ғой, халықаралық  орталық аумақта бес жұлдызды қонақүй кешенін салу жөнінде аталмыш ЖШС-ны «жеңімпаз» деп танығаны үшін оның өкілінен 1 миллион АҚШ доллары мөлшерінде пара алғаны есіне түсті... Есіне түскені құрысын, құрығы ұзындардың қиқулап келгені жанын жабырқатып, қабағына қалың мұз қатырып... Құрысыншы! Ән шырқағысы келді: «Алып тұлға байсалды-ы-ы-ы, тарелкаға май салды...»

Мұхтар ШЕРІМ