Басты  /  мақалалар  /  Жоғары технология мектепке қашан жетеді?

Жоғары технология мектепке қашан жетеді?

Жолдасбек Дуанабай
949
Жоғары технология мектепке қашан жетеді? Иә, қазіргі білім ордаларын ұлы жаңалықтар күтіп тұр. Алайда, жылт еткен нәрсе қалада ғана қарқынды дамып, ауыл мектептерінің мүлгіген тыныштық құшағында тұрғанын екінің бірі біледі.

Бізбен салыстырғанда ТМД аумағындағы кейбір елдер білім саласын бәйгеге қосқан сәйгүліктей баптап жатыр. Айталық электронды күнделік, браслеттер өмірдің бөлінбес бір бөлшегіне айналды. Олар балалардың қауіпсіздігі мен білім деңгейін қадағалап, құдды бір екінші ата-анаға айналып келеді. 
Жаңа технологияның жаңалығы сол, әрбір ата-ана баласының әр қадамын қадағалай алады. Қазіргі заманғы  индустрия оқушының білім ордасына бас сұққан сәтінен бастап үйге келген кезіне дейін қадамын қалт жібермейді.  
Жақында Ресей арналарының бірінде берілген хабарда кішкентай қыздың өмірінен сыр шертілді. Онда оқушы қолына таққан браслеттің қауіпсіздікті қалай қадағалайтыны сөз болды. Сәнге айналған бұл  гаджет қыздың мектепке кіргенінен шыққан уақытына дейін есепке алып отырады. Әрбір ескертпе  электронды поштаға немесе қалта телефонына хабарлама түрінде келеді. 
Браслет ыңғайлы әрі әдемі. Тіпті асханаға барғанда бала ішетін тамақтың ақшасына да микрочипке түсіп, онда ақшаның қайда аударылғаны жазылады. Сөйтіп ақшаны «арқалап» жүру де сәннен қалып барады. Ата-ана жеке кабинеті арқылы баласының ақшаны қайда, неге жұмсағанын біліп отырады. Тіпті бала кейбір тағамдардан аллергия болса, оған жеке кабинет арқылы тыйым салуға болады.  Электронды кабинет директордың да кабинетінен артық болып тұр. 
Айтпақшы, электронды күнделік те қызықты бола түсті. Енді білімге қойылатын бағаны оқушының өзі ғана көріп, ата-анасынан жасырып қала алмайды. 
Мәскеу мектептері 2015 жылдан бастап қосымша білім алуға қолма қол ақша беруден арылды. «Москва 24» порталының жазуына қарағанда, қазір 330 мектеп онлайн-бухгалтерия тәсілі арқылы жұмыс істеп жатыр. 2012 жылдан бері Мәскеуде «оқушының электронды картасы» іске қосылған. Алайда орыс дәрігерлері мектептердің электронды оқулыққа жаппай көшуін жақсылыққа жорып отырған жоқ. Бұл балалардың жанарына салмақ түсіретін көрінеді. Есесіне балалар ауыр сөмке көтеруден құтылғалы отыр. Электронды оқулықтың салмағы  700 грамм ғана.  
Жалпы, Ресей бойынша мектептерде оқушылардың үлгерімі арнаулы ақпараттық жүйемен анықталмақшы.  Бірқатар білім ордаларында бұл жүйе іске қосылған.  Осылайша жаһандық торға балалар да іліге бастады.  
Осы секілді жаңалықтарды Молдава оқушылары да меңгеріп жатыр. Электронды күнделік  бағамен ғана емес, оқушыларға жасалған ескертумен де толығып жатыр.  
Өкінішке қарай Қазақстан жағдайында жаңалық жаппай қолдау таппай отыр. Әсіресе ауылды жерлерде орналасқан білім ордалары заманауи технологиядан хабарсыз. Оны үйрететін мамандар да тапшылығы құпия емес. Тіпті кейбір білім ордаларында компьютердің тілін мұғалімнен балалар артық білетін деңгейде. Ал, электронды оқулықтарды пайдаланған жағдайда әрбір оқушыға қажетті құралды қайдан тауып береміз? Сондықтан біз білім саласының реформасын ауызша айта бергенше нақты іске көшкеніміз жөн-ау.