Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Агробанк» құру мәселесі неге кейінге қала береді?

«Агробанк» құру мәселесі неге кейінге қала береді?

Гүлнар ТӘЖИЕВА
742
«Агробанк» құру мәселесі неге кейінге қала береді? Несие тарихы ойдағыдай клиентке қайта-қайта қоңырау шалып, өз клиенті болуға шақыратын коммерциялық банк­тер ауыл тұрғындарына несие бе­руге аса құлшыныс танытпайды.

Шын­дығына келгенде, пайыздық үстемақы­сы жоғары екінші деңгейлі банктердің несие ресурстары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін қолжетімсіз. Түрлі микроқаржылық ұйымдардың да шаруаға қояр шарты жоғары, тіпті ком­мерциялық банктерді жолда қал­дырады. Осындайда неше жылдан бері арагідік айтылып, нәтиже шықпаған «Агробанк» құру жайлы мәселенің неге кейінге ысы­рылып қала беретінін түсінбейміз. Халқының 45 пайызы ауылда тұратын біздің ел аграрлары әлемдік нарықта өздерін әлдеқашан мойындатқан. Бұған дәлел – неше жыл бойы ұн экспорты­нан бірінші, ал астық экспорттаудан 5-6-орынды бермей келеді. Сарапшылар жауын-шашынның көп болуынан биыл да астықты мол алатынымызды бол­жа­ған. Олардың болжамы ақиқатқа айна­лып келеді. Жер бетінде азық-түлік тап­шылығы сезіле бастағанда Қазақ­стан табиғи ресурстары мен жаңа тех­нологиялардың арқасында 200 миллион халықты тамақпен қамтамасыз ете ала­ды деген оптимистік болжам да айтыл­ған. Мұндай болжам жайдан-жай ай­тылмаса керек, демек, соған мүм­кіндігіміз бар. Қазіргі таңда шаруаны қи­нап тұрған басты мәселе – мемлекет та­рапынан саланы қаржыландыруға деген құлшыныс болғанмен, сол қара­жаттың дала диқанының, шаруасының қолына дер кезінде жетпеуі. 
Оразалы СӘБДЕН, академик:
– Биыл Мемлекеттік жер комис­сиясы құрылғанда тағы да «Агробанк» құру мәселесі көтерілді. «Агробанк ке­рек» деп мәселе көтергендердің бірі – мен. Оның мынадай себептері бар: қа­зір үлкен банктердің қолында көп жер бар. Соңғы деректерге қарағанда, қа­зіргі таңда 5 миллион Қазақстан халқы несие алған. Жерін кепілге қойып, не­сие алып, соны төлей алмай жатқандар бар. Ол банктің қолында, кейбіреуі сотт­а жатыр. Осының бәрін реттеу үшін «Агробанк» керек. Қанша мұ­най­-ға бай болсақ та, бізді аграрлы мемлекет санайды. Келешегіміз ауыл шаруашы­лығына тікелей байланысты. Сондық­тан «Агробанктің» ашылуы қажет. Мұндай банктің түбі ашылатыны ақи­қат. Сол себепті, бұл істі бүгін атқар­ға­нымыз дұрыс емес пе? 
Меніңше, «Агробанктің» ашыл­мауына қаржылық лоббистердің қызы­ғушылығы бар. Кейбір оллигархтық жүйе жібермей отыр. Соны бұзу керек. Егер, мұндай банк болса, онда мемле­кеттің миллиардтаған несиесі, мемле­кеттік қолдаулар, әртүрлі жобалар осы банк арқылы шаруаларға жетер еді. Ба­ғытталған қаражат шаруаларға жетпей жатқаны рас. 
Ауыл шаруашылығы саласы алға жыл­жуының түп тамыры – коопе­ра­циялар құрып, ұжым болып жұмыс іс­теу. Шағын кәсіптің де, холдингтің де тамырына қан жүргізетін – ақша. Бұл – банк жүйесі. Мемлекеттік «Агро­банктің» жұмысын жүргізетін уақыт келді. Кеңес Одағы кезінде ЖІӨ-де ауыл шаруашылығының 27-29 пайыз үлесі болатын. Қазір 5-ақ пайыз! Бұл өте аз. Менің есебім бойынша, кем де­генде 15-20 пайыз болуы керек. Міне, сонда ғана еліміз, ауыл шаруашылығы өркендейді. Ол үшін холдинг, банк жүйелері керек. Ашығын айтқанда, той жасағанға, машина сатып алғанға ақша береміз, ал жерді игеру керек дегенде ақша жоқ. Осының бәрін реттейтін үкіметтік жүйе емес пе? Жаңа Үкімет жаңаша жұмыс істемесе, басқару жүйе­сін, менеджментін жөндемесе, ештеңе болмайды. Жаңа Үкіметке жаңа бас­қа­ру менеджментін жасау керек, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында.