Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЕО жаңа инвестициялық саясат ұсынбақ

ЕО жаңа инвестициялық саясат ұсынбақ

Айқын-ақпарат
783
ЕО жаңа инвестициялық саясат ұсынбақ Сындарлы заман бізді күшті біріктіріп, оларға қарсы тұруға итермелеуде жаңаша ойлауды, инновацияларды қажет етеді.

Ерекше жаңаша көзқарасқа да мұқтаж. Бізге өзіміздің ішкі өсім қарқыны мен азаматтарымыздың әл-ауқатын нығайтуымыз маңызды. Және де өзіміздің даму, тұрақтылық пен әл-ауқатты қолдау жолында көрші елдермен ынтымақтасуымыз ауадай қажет. Аталған мақсатқа біз тек қоғамдық және жеке сектор, қаржы институттары мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен бірыңғай жұмыс арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Еуропалық Одақ ретінде біз қазіргі таңда өзіндік үлгі көрсетіп, қажеттіліктердің өсуі мен ресурстар тапшылығы жағдайында Еуропалық Одақ мемлекеттік қаржыландыру көлемін ұлғайтуда жаңа бағыттарды ұсынуда. Осы аптада аталған іс-шараны жариялап, бюджетті пайдалануды жалпы барынша икемді етіп, шағын және орта бизнес (ШОБ) пен үкіметтік емес ұйымдар үшін қаржылық шектеулерді жоятын 2020 жылға қарай басым бағыттар бойынша қаржыландыруға қосымша 6,3 млрд евро бөлу туралы ЕО бюджетінің жалпы шолуын ұсындық. Ең бастысы, біз Еуропада жұмыс орындарын құрушы инвестициялар үшін ағымдағы кепілдік қоры көлемін ұлғайтып, көршілес аймақтар мен Африкада даму мен тұрақтылыққа септігін тигізетін жаңа қорды іске қосудамыз.

Еуропа үшін инвестициялық жоспар немесе «Юнкер жоспары» ретінде белгілі саяси бағыт және оның Еуропалық стратегиялық инвестициялар қоры (ЕСИҚ) әлемдегі экономикалық дағдарысқа қатысты біздің ортақ саясатымыздың бетбұрысты сәті болды. Қатаң қаржылық қиындықтарға тап болған мемлекеттік қаржыландыру экономиканың үдемелі дамуы және азаматтарымыз үшін жұмыс орындарын құруға жеткіліксіз еді. Осы тұста қолжетімді жеке қолма-қол ақша тапшылығы болған жоқ, алайда бұл арнайы пайдалану тетіктерін талап етті. Халықаралық қаржы институттарымен бірге іске қосылған жаңа қор өзекті секторларда жеке инвестицияларды кепілдендіріп, ШОБ өкілдеріне тікелей қолдау көрсетіп келеді.

Біз бұрын да қаржы құралдарын пайдалансақ та, аталған саясат тек үстіртін сипатта болған-ды. Ал жаңа саясат барынша қаржы ресурстарын жұмылдыруда: өз кезегінде Еуропалық инвестициялық банк капиталынан 5 млрд евромен толықтырылған Еуропалық Одақ бюджетінің 16 млрд евро кепілдігі 315 млрд евро көлемінде Еуропадағы инвестицияларды шоғырландыруға ниетті.

Іс жүзінде де жоспар табысты нәтижеге әкелетініне сенімдіміз. Бір жыл ішінде ол ШОБ санын 200,000-нан астам көлемге жеткізеді деп күтілуде, себебі оның ұзақ мерзімді сипаты және қаржылық сыйымдылығы тұрғысынан біз қазір Еуропа шеңберінде ЕСИҚ көлемін екі есе ұлғайту үшін қаржыны шоғырландырудамыз. Қазірдің өзінде біз тұрақты инвестициялар мен трансшекаралық жобаларға ерекше назар аудара отырып, бес жыл ішінде жұмылдырылған инвестицияларға кем дегенде жарты триллион евро бөлуді ұсынудамыз. Осы тұста ЕО мүше-мемлекеттердің белсенді қатысуы жағдайында қор көлемін 630 млрд евроға дейін екі есе жоғары деңгейге жеткізу мақсаты одан да жедел мерзімде жүзеге асады.

Дәл сол сияқты механизмді біздің құрлығымыздан тыс аймақтарда қолдану мақсатымен біз жаңа Сыртқы инвестициялық жоспарды іске қосамыз.

Еуропамен көршілес аймақтарға келгенде, соғыс, кедейшілік, инфрақұрылымның нашар деңгейі мен әлсіз басқару жүйесі есебінен даму қарқыны артта қалған, алайда зор әлеуетті өңірлер бар. Миллиондаған жастар жаңа мүмкіндіктерді іздеп, оларға қол жеткізу үшін күресте көбісі Еуропаға жету үшін қауіпті саяхат барысында тәуекелге бел буса, басқалары террористік топтар насихаттауы үшін оңай олжаға айналады.

Еуропалық Одақ дамуды қолдау және біздің кең өңірдегі жұмыс орындарын құру арқылы осы теріс үрдістерді тойтаруы мүмкін. Еуропалық компаниялар бүкіл әлем бойынша мыңдаған адамдарды жұмысқа жалдап, олардың көпшілігіне өздерінің  елдерінде табысқа жетіп, көші-қонға итермелейтін түбегейлі себептердің бірін шешуге өз үлесін қосады.  

Аталған инвестициялар нақты нәтижелі сыртқы саясат болып табылады. Дегенмен жеке компаниялар үшін жаңа елде бизнес жүргізу немесе бар қызметті кеңейту жолында қаржылық және құқықтық тәуекелдерден қауіпсіздік пен қорғаныс қажет.

Осы мақсатты қамтамасыз ету үшін Сыртқы инвестициялық жоспар механизмі іске қосылады. ЕО бюджетінің 1,4 млрд евро кепілдігі негізіндегі жоспар біздің көршілес аймақтарға 40 млрд евродан астам инвестицияларды жұмылдыруды көздеуде. Бұл көлем қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың жыл сайынғы дүние жүзі бойынша қаржылай көмек инвестицияларынан артық. Және де біздің мүше-мемлекеттердің үлесі ЕО бюджеттік көлемдеріне сәйкес келсе, қор сыйымдылығының екі есе артуы ықтимал.

Еуропалық тұрақты даму қоры (ЕТДҚ) жеке инвесторларға дамушы елдерде бизнесті бастаған кезде мүмкін тәуекелден кепілдендіреді. Бұл кепілдік тек жекелеген жобаларды ғана емес, сондай-ақ стратегиялық аймақтар немесе секторларда ауқымды «инвестициялық терезе» жобаларын ілгерілетуге ықпал етеді.

«Бір терезе» жүйесі Еуропа және біздің әріптес елдерде жеке және институционалдық инвесторларды ынталандырады әрі олардың ұсыныстарын басшылыққа алып, бастамалары жөнінде ақпаратты жинайды. Сыртқы инвестициялық жоспар жобалар сапасы, саны және тұрақтылығын арттыру үшін техникалық көмек көрсететін болады. Еуропалық комиссия, Еуропалық инвестициялық банк және басқа да халықаралық қаржы институттары жобаларды жеке жүзеге асырушы тараптардың мамандандырылған кеңесі арқылы жобалардың жедел әрі бизнес-бағдарланған бақылауын жеткізу үшін бірге жұмыс істейтін болады.

Нақты тәжірибелік жүзеге асыру ЕО мен оның әріптестерінің тарапынан қуатты қолдау арқылы орындалады. Еуропалық Одақ әрбір нақты елдегі жалпы бизнес-ортаны жетілдіру үшін жаһандық көмек және жұмыспен қамтамасыз ете алады. Инвестициялар саяси диалог және әлеуетті нығайту шараларымен ұштастырылады. Біздің әрекетіміз ортақ сыртқы және қауіпсіздік саясаты жаһандық стратегиясы рухында өзара келісілген және бірыңғай болады.

Сыртқы инвестициялық жоспар біздің көмек көрсету саясатымызды жаңа дәрежеге көтереді. Біз тұрақты даму үшін қаржы міндеттемелерімізді ұлғайтуға ниетті болсақ, жеке сектордың белсенді қатысуын қажет етеміз. Біз Аддис-Абеба іс-қимыл күн тәртібін және Тұрақты даму мақсаттарын бекітудің өзінде осы міндеттемеге бел будық. Еуропалық Одаққа көршілес аймақтар мен Африкадағы әріптестерімізбен еуропалық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашумен бірге сол әріптес елдердің жастарына өз әлеуетін нығайтуға ат салыса аламыз. Еуропалық даму саясатындағы жаңа кезең басталып, ол ішінара Одақ аясында және одан тыс шетел аймақтарда да ЕО қорын ұтымды пайдаланудың жаңаша бірыңғай саясаттың ажырамас бөлігі ретінде үйлесімін табуда.

 

Федерика Могерини, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер мен қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы өкілі/Еуропалық комиссия вице-президенті,

Кристалина Георгиева, Еуропалық комиссия вице-президенті,

Юрки Катайнен, Еуропалық комиссия вице-президенті