Негізгі бет  /  мақалалар  /  Екінші валюталық дақылдың болашағы қандай?

Екінші валюталық дақылдың болашағы қандай?

Айқын-ақпарат
1196
Екінші валюталық дақылдың болашағы қандай? Мақта – еліміздегі басты дақылдың бірі. Күтіп-баптап өсіре алсақ, мол өнім ала білсек, бұл – шаруаны табысқа кенелтетін дақыл.

Біз Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында орналасқан Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына арнайы атбасын бұрып, осы институттың атқарып жатқан істері мен мақта шаруашылығының келешегі жайлы мамандармен ой бөліскен едік. 


 

Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, 
Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі:

– Еліміздің оңтүстігінде суармалы егіншілік ертеден қолға алынып, соның іш­ін­де мақта шаруашылығы бір мил­ли­он­дай өңір халқының бірден-бір күн­кө­ріс көзі бо­лып келеді. Мақта – қор­ша­ған ортаға, ауа райына, топырақтың құнар­лылығына, әсіресе, күн көзі мен ағын суға талғамы жо­ға­ры дақыл. Өсіріп баптау – вегетация кезеңінде мақта талабына сай агротехни­калық іс-шаралар өз уақытында және сапалы жүргізілсе, өнім­ділікті әр гектардан 40-50 центнерге дейін жеткізуге болады.
Мақта талшығы – осы өсімдіктің бере­тін негізгі шикізаты. Шитті мақтада 30-38% талшық, 50-56% шит болады. Ал шитте 18-22% мақта майы бар және 20-дан астам түрлі дайын бұйымдар шығаруға мүмкіндік бар.
Шитті мақта – халық шаруашылы­ғының тоқыма өнеркәсібі, май өңдеу, гид­ро­лиз, хи­мия және басқа да салала­ры үшін қажетті ши­кізат. Шитті мақтадан және қо­за­ның вегета­циялық өсіп-жетілу бары­сын­да­ғы бөлігінен мынадай заттар жасап шы­ға­рылады: мақта-мата кездемелері, жіптер, жасанды жібек және тері, корд, былғары, фетр, па­рашют жасалатын кездемелер, тазар­тылған май, сабын, лак, күнжара, мал азығы, балық аулайтын аулар мен арқандар, тыңайтқыштар мен өсімдікті қорғау дәрі-дәрмектері, спирт, тағамдық белок, химия­лық заттар. 1 келі мақта талшығынан 5 метр ақжаймалық материал, 12 метр шыт не­месе 20 метр бәтес, 1 келі шиттен 180-200 грамм май, 450 грамм күнжара, 360 грамм шит қабығы алынады. Ал шиттен пластмасса, кино жә­не фото плен­калары, линолеум, лак жаса­лады. 1 тонна шит қабығы 85 литр спирт, 300 келі құрылыс тақталарын, 28 келі көмір қыш­қы­лын, 20 келі сірке қыш­қы­лын береді. Мақ­таның қоза­паясынан эпоксид аралас­тырып, ыстық тәсілмен сығымдау арқылы тақта материал­дарын (ДСП) алуға болады. Оларды құры­лыс­қа және үй жиһаздарын жасауға пайда­ланады.
Әлемде жүзге жуық мемлекет мақта өсі­реді. Олар негізінен, субтропикалық және тропикалық климаттық белдеуде орналасқан. Қазақстан мақта өндіруде жер шарындағы ең солтүстік нүктеде орна­ласқан. Сондықтан  еліміздегі мақта шаруашылығында оң­түс­тікпен салыс­тырғанда бірқатар ерек­шеліктер бар. Атап айтар болсақ, кейбір жылдары мақта пісіп үлгеру үшін күн көзінің жылуы жетіспейді. Сондықтан мақтаны дефолианттар жәр­демімен пісіруге тура келеді. Өңірде орта талшықты мақтаны өсіріп баптауды үйренген фермерлер жоғары сапалы өнім өндіреді.
Бұл саланың жаңа тарихына аздап ой жүгіртетін болсақ, Кеңес Одағының солақай саясатының кесірінен егемендік алғаннан кейін ауыл шаруашылығында жүргізілген реформаның алғашқы ке­зеңінде-ақ мақта өндірісі тұйыққа тірелген еді. Өйткені 1990 жылға дейін мақта дақылы басым болды. Мәскеу жергілікті мақта өндірушілердің жағдайымен санаспай, келешекке мән бермей, тек жылдан-жылға көп мақта өн­діруді талап еткен болатын. Бірақ бұл саясат халқымыздың әлеуметтік жағдайына, өнім­ділікке, топырақ құнар­лылығына, жердің мелиорациялық жағ­дайына, ауылшаруашы­лық өнімінің сапа­сына кері әсер етіп, мақта аурулары мен зиянкестерінің көбеюіне және өзге де карантиндік арамшөптердің тарауына әкеліп соқты. Оның үстіне, елімізде мақта саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жоқ­тың қасы болатын, өзіміздің отандық сорт­тар да жоқ еді. Мақтаның тұқымдық шитті сорттары мен технологияларын көршіміз Өзбекстаннан алып жүрдік. Шамасы, осы жағдайға бай­ланысты болар, сол уақытта кейбір «көріп­келдеріміз» Қазақстанның мақта ша­руашылығы келешекте Өзбек­станның мақта шар­уа­шылығына әбден тәуелді болуы мүмкін деген сөздерді жиі айтатын. Еліміз еге­мен­дік алған соң суар­малы жер, техникалар, мақта тазалау зауыт­тары жекешелендірілді. Жер пайы бөлініп, орташа 5-10-20 гек­тардан шаруа шаруа­шылықтары құрылды. 1995-1997 жылдары тек мақта өндірісімен айналысатын шар­уа­лар саны Оңтүстік Қазақстан облы­сында 85 мыңға жетті. Жекешелендіру жұмыс­тары кезінде мақтаның өнімділігі әр гектардан 17-19 центнерге дейін төмендеп кетті.
ҚР Үкіметі, Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігі мақта шаруашылығын дамыту мақ­сатында бірнеше іс-шаралар қабылдап, жаңа жетістіктерге жол аша бастады. Әсіре­се, 2003-2005 жылдардағы «Ауыл жылы», «Агро­бизнес – 2020» бағдарламасы мақта саласының тиімділігін арттырды. Мақта өндірушілерге субсидия бөлу, жанар-жағармайды, тыңайт­қыштарды, ағын суды, химиялық препарат­тарды пайдалануда 40% жеңілдік беру шаруа­лардың ынтасын арт­тыра отырып жоғары өнімді, сапалы мақ­­та өндіруге қол жеткізді.
Ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелерді терең түсінетін Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев, міне, осы тұста, нақ­тылап айтқанда, 2005 жылы қаңтар айында Астанада өткен агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің республикалық кеңес­ін­де ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде және өңдеуде, соның ішінде, оңтүстіктегі мақта шаруашылығының жоғары әлеуетін ашуда кластерлік жүйені белсенді пай­даланудың қажеттігін, осы арқылы тоқыма өнеркәсібін дамытуға болатынын мақта өндіру, өңдеу саласының келешегі бар екенін баса көрсетті. Жаңа тәсіл мен ин­но­вациялық-индус­триял­дық техно­логия негізінде бәсекеге төтеп бере­тін өнім шы­ғаруға, ауыл шаруашылығы ғылы­мын, оның ішінде қолданбалы аграрлық зерт­­теулерді дамытуға назар аударды. Елбасы мақта саласын дамытуда алға қойған меже­лерді өзі тікелей бақылауға алды. Сөйтіп, Оң­түс­тік Қазақстан облысында еркін эконо­ми­ка­лық аймақ құрылып, Қазақстанның мақ­та-тоқыма кластерінің алғашқы қазығы қағылды. Қазір осы істің жемісін көріп отырмыз, өйткені облыста өндірілген мақта талшығының 30%-дан астамы терең өңделіп, яғни, жіп иіретін, мата тоқитын, жаңа үлгідегі бәсекеге қабілетті дайын бұйымдар өндіретін фаб­рикалар іске қосылды, мыңдаған жұмыс орны ашылды. Ал бұл көрсеткіш егемен­діктің алғашқы жылдарында небәрі 3-4 пайыздан аспай­тын еді. Егер облыста өндірілген мақта жә­не оның жанама өнімдерін терең өңдеп, дайын бұйым жасап экспортқа жіберсек, 2 млрд АҚШ долларына жуық табыс табар едік. Қазіргідей әлемде эко­номикалық дағдарыс белең алып, мұнай бағасы арзандап жатқан уақытта мақта саласын дамытып, оны терең өңдеп, тауар­ларды экспортқа шығару еліміз­дің эконо­микасын біршама дамытуға оң әсерін тигізер еді.
Соңғы жылдары қазақ мақтасы бүкіл әлемдік мақта өсіретін мемлекеттер ара­сын­да өнімділігі бойынша бейресми рей­тинг­те алдыңғы орындарды алып жүр. Мақта өндіретін 95 мемлекеттің арасында еліміз 2013 жылы 11-орында болса 2014-2015 жылдары 10-орынды иеленді, өнім­ділік әр гектардан 29,5 центнерден асты. Оңтүстік Қазақстан облысында жақын арада бұл көрсеткішті әр гектардан 35-40 центнерге жеткізуге толық мүмкіндік бар. Өйткені облыстағы мақта өндіру сала­сында әлі пайдаланылмай жатқан мүм­кіндік (резервтер) және кедергілер жет­кілікті. Егер жүзеге асатын іс-шараларға тоқталатын болсақ, ең бірінші ұсақ жері бар шаруаларды ірілендіруден бастау керек. Қазір елімізде «Ауыл шаруашылығы ко­опера­тиві» туралы заң шығып, оны орындау үшін барлық жағдай жасалған. Алда орын­дайтын мақ­саттарға жердің құнарлылығын арттыру үшін ауыспалы егісті ендіру, ол үшін мақта саласын әрта­рап­тан­дыру, ағын сумен толық қам­тамасыз ету, жердің ме­лио­­рациялық ахуалын жақ­сарту, тұқым­шы­лықты жүйеге түсіру, азот, фосфор тыңайт­қыш­тарымен толық қам­тамасыз ету, жаңа ауылшаруашылық тех­никаларын сатып алу жолдарын жеңіл­дету, тиімді субсидиялау жолдарын қарас­тыру, мақта тазалау зауыттарына қолдау көрсету сияқты бірқатар жұмыстар сапалы орындалса, мақтаның өнімділігі еселеп артып, бәсекеге қабілетті болар еді.
Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шы­ғару, жалпы мақта өндірудің тиімділігін, ин­новациялық технологияларды өндіріске ендіру арқылы арттыру мақсатында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жетті. Атап айтар болсақ, елімізде  отандық мақта сорты жоқ еді және  көрші мемлекеттерге тәуелді едік. 2000 жыл­дан бастап отандық бәсекеге қабілетті сорттар шыға бастады. Қазіргі таңда оларды мақта өндірушілер пайдалана отырып, жалпы егістің 85%-на ендірді, қазір бұл жағынан ешкімге тәуелді емеспіз.
Соңғы жылдары институт ғалымдары 30-дан астам инновациялық технологиялар жасап, оларды өндіріске ендіруге ұсыныс берді. Сондай-ақ 48 инновациялық және селекциялық патенттерге, 144 авторлық куәліктерге ие болды. Ғалымдар дайын­даған әзірлемелерді өндіріске ендіру бағытында шаруалармен тікелей бай­ланысып, ке­лісімшарт негізінде өндірісті ғылыми қолдау, лицензиялық және коммерциа­лизациялық келісімдер арқылы жұмыс жүргізуде. Институтта фермерлерге білім тарату орта­лығы ашылған. Мақта өндіретін өңірлерде 5 шаруа шаруа­шы­лы­ғы­ның базасында институттың ғылыми жетіс­тіктерін көрсететін алаңдар ұйымдас­ты­рыл­ған. Ғалымдар 23 шетел ғылыми-зерттеу инс­титутымен және 2 халықаралық ғылыми-зерттеу компаниясы­мен тығыз байланыста.
Жаңа технологияларды өндіріске ендіру фермерлердің арнайы білімі жеткілікті болғанда ғана жақсы нәтиже береді. Өкі­нішке қарай, әрбір 100 фермердің 13-інде ғана арнайы орта және жоғары білімі бар. Бұл өте төмен көрсеткіш. Осы проблеманы шешу мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситеті басшылығы және мамандары­мен тығыз байланыста жұмыс жүргізудеміз. Білікті мамандармен бірлесіп атқарған жұмыс барлық уақытта жақсы нәтиже беретіні белгілі. Сон­дықтан еліміздегі мақта өндіру, оны терең өңдеп экспортқа шығару қолымыздан келетін жұмыс деп есептеймін.
Шетелдік мақта сатып алатын трейдер­лер елімізде босқа жүрмегені белгілі, олар миллиондап пайда табады. Осы жерде мы­надай ой туады: шетелдік трейдерлер мил­лиондаған пайда тауып жатқан іспен өз еліміздегі ірі бизнес өкілдері, кәсіпкерлер немесе «ҚазАгро» сияқты қаржылы меке­ме­лер айналысса, миллиондаған қаржы өз елі­міз­де қалар еді.
Мақта шикізаты бидайдан кейінгі екінші валюталық дақыл болғандықтан, бидай сияқты Үкімет қаулысымен стра­тегиялық да­қылдар қатарына енсе, мақ­таға деген көзқарас өзгерер еді. Ал мақ­таға деген көзқарас дұрыс болса, мақ­­­таның жарқын келешегі болса, сала­да­ғы бірқатар проб­лемалар өзінен-өзі шеш­іліп кетері сөзсіз. Мақта – еліміздегі қосымша құн­ды, үлкен табыс әкелетін 100 жылдық тарихы бар дақылдардың бірі. Сондықтан мақта саласындағы мә­селелерді бірлесіп жүйеге түсірсек қана мол өнімнің иесі атанамыз. Сонда ғана қазақ мақтасы жайлы «Ақ алтын – елі­мізге бақ алтын» дейтін болады.


 

 

Ислам ГУСЕЙІНОВ,
Мақта сорттарының селекциясы бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Бәсекеге қабілетті сорттар өзімізде де бар

– Тәуелсіздік алғанға дейін, анығы 1992 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында мақта бойынша мәселелерді шешу ісімен Өзбекстанның ғылыми меке­мелері айналысты. Мақ­таның барлық сорттары сол жақта шы­ға­рылды. Барлық мақта өсіруші шаруа­шылықтар Өзбекстан сорттарына тәуелді болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін топырақ-климаттық жағдайына бейім­делген, бәсекеге қабілетті сорттарды шығару бойынша өзімізде басталған іс жалғасын тапты. Біз жүргізген селек­циялық жұмыстарымыздың нәтижесінде, 2000 жылдан бастап бәсекеге қабілетті отандық «Мақтаарал» сорттары шығарыла бастады. Бүгінгі таңға дейін мақтаның 11 сорты шығарылып, соның 7-еуі Оңтүстік Қазақстан облысында өсіру үшін аудан­дастырылды. Бұл сорттардың барлығы Кеңес Одағы кезіндегі сорттардан басым түседі және облыстағы мақта егісінің 82-85%-ын алып жатыр.       
Ендірілген барлық сорттар ертепісер топқа жатады. Өскін алынғаннан бірінші көсек ашылғанға дейінгі мерзім 117-122 күнді құрайды. ҚХР және Түркия сорттарымен салыстырғанда біздің сорттар 6-10 күнге ертепісер, өнімділігі (биологиялық) 45,5-48,2 ц/га, яғни 7-10% жоғары.
Біздің отандық сорттарды өсіруде барлық агротехникалық іс-шараларды уақтылы орындаған жағдайда, гектарынан 40-45 центнер шитті мақта алуға болады. Отандық сорттардың әлеуетті мүмкіндігі қатар аралығы 90 см және толыққанды орналасу жиілігі бір гектарда 105-115 мың дана өсімдік болған жағдайда 48-53 ц/га және одан да жоғары. 

 


 

 

Оразбек БИҒАРАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

30-дан астам жаңа инновациялық технология бар

– Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттердің ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік саласы бәсекеге қабілетті, жоғарғы өнді­ріске ие, мол өнім алуға бағытталған жаңа техно­логияларды қолданады. Шет мемле­кеттерде әзірленген тех­нологиялардың көбісі біздің жер­гілікті жердің топырақ-климаттық жағдайларына тура келе бермейді. Сол себепті, жаңа ғылыми әзірле­мелер жергілікті жердің ерекшелік­терін есепке ала отырып ғылыми-зерттеу нәтижелеріне сүйене да­­йын­­далады. Аталған мәселелерді оңтай­лы әрі дұрыс шешу үшін ғы­лыми тәжірибе нәтижелері бойын­ша институт ғалымдары мақта да­қылын өсіріп баптауда 30-дан астам жаңа инновациялық технология­ларды әзірледі. Бірақ өкінішке қа­рай, көптеген шаруа қожалықтары ша­ғын, өз жерлеріне жаңа тех­но­ло­гия­­ларды қолдануға, оның шығы­нын көтеруге қаржылық жағдайла­ры келе бермейді. Олардың ішінде көбісі жай ғана талап етілетін тех­нологиялық картадағы қара­пайым санаулы агро­техникалық шаралар­дың өзін толығы­мен орындамайды, нәтижесінде, сапасыз және төмен дәрежеде өнім алынады. Жаңа технологияны өн­діріске ендіру үшін лайықты жаңа техника және сай­ман­дар керек, ал ол үшін үлкен қар­жы қажет. Сондықтан шағын шаруа қо­жалықтарын ірі­лендіру ар­қылы ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құрып, жаңа инновациялық технологияларды енгізу керек.


 

Амандық ҚОСТАҚОВ,  ғылыми хатшы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Зиянкестермен күрес сапалы жүргізілу керек

– Мақтаның сапасы мен өніміне кері әсер ететін арамшөптер топырақ­тағы мақта қозасына қажетті қоректік заттардың (азот, фосфор, калий) 35-40% сіңіріп алады. Олар суды мақта қозасына қарағанда 2 есе көп пайдала­нады. Орта­ша тұздалған мақта егістік­терінде бір вегетациялық кезең ішінде, арамшөптер 1000-1500 м3 суды булан­ды­рып жібе­ретіндігі анықталған. Со­нымен қатар арамшөптер зиянкес­тер­дің жаппай көбеюіне жағдай туғы­затыны белгілі.
Мақта шаруашылығындағы арам­шөп­термен күресуге жұмсалатын материалдық-ақшалай қаражаттардың шығыны, жыл сайын жұмсалатын бүкіл өндірістік шығындардың 35%-ын құрайтындығын ескере отырып, қазіргі таңда арамшөптерге қарсы агротехникалық және химиялық күрес әдістері қарқынды жүргізілуде. 
Өсімдіктерді қорғауды уақтылы әрі сапалы ұйымдастыру және био­логиялық құралдарды кеңінен қолдану нәтижесінде, өнімді толық сақтап қалуға, химиялық өңдеу санын 1,5-2 есе қысқартуға, аса улы химиялық препараттардың шығынын 3-6 есе азайтуға қол жеткізуге болады. Мұн­дай жағдайда өсімдіктерді қорғау бойынша жұмыстар құны 2 есеге дейін төмендейді. Жоғары агротехника астарында биологиялық күрес әдісін енгізу орта есеппен әр гектардан кемінде 5-8 центнер өнімді сақтап қалуға жағдай жасайды. Жалпы, мақта дақы­лының зиянды организмдерімен күрес іс-шаралары жылдам және өз дәрежесінде сапалы іске асырылған жағдайда ғана экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімділікке қол жеткізе аламыз. 


 

 

Асан ТАҒАЕВ, Топырақ мелиорациясы және суармалы егіншілік бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Егіншілік жүйесінің негізгі буыны – әртараптандыру

– Су – мақта қозасының тіршілік етуіне қажетті ең негізгі факторлардың бірі. Мысалы, мақта қозасының қоректенуіне қолайлы заттар топырақта көбінесе тұз күйінде болады, оларды сұйық қалыпқа келтіру су арқылы іске асады. Сонда мақта қозасы оларды тамырлары арқылы  алып, өзінің өсіп, даму тіршілігіне жаратады. Бұл судың негізгі қасиеттерінің бірі. Сонымен қатар органикалық заттарды шірітіп, мақта қозасы үшін қоректік күйге ай­налдырады. 
Мақта дақылында атқарылатын агротехникалық шараларда көптеген кемшіліктер бар. Мысалы, судан кейінгі орындалатын агротехникалық шаралар­дың өз уақтысында емес және сапасыз орындалуы салдарынан пайдаланылған су көлемінің 50%-ы булану арқылы ұшып кетеді. Мақтаның орташа өніп-өсуіне керекті топырақтың ылғал сыйымдылығы 70%-дан төмен болмауы керек. Сонда ғана мақта қозасының сабағы жуан, тамыр жүйесі жақсы дамып, өнімділіктің жоғарылауына үлкен әсерін тигізеді.
Ал азот тыңайтқыштарын топырақ­қа ендіру бойынша керекті мөлшерде 65-70 пайыз ғана қолданып отырса, фосфор тыңайтқыштары 5-7 пайыз ғана берілсе, ал органикалық тыңайтқыштар мүлдем берілмейді. Осы іс-шаралар өз деңгейінде қарқынды орындалмай мақтадан жоғары өнім алу мүмкін емес.
Егіншілік жүйесінің негізгі буыны – әртараптандыру, яғни, ауылшаруа­шылық дақылдарды топырақ-климат, суару жүйелеріне байланысты ор­наластыру, яғни, өз тәртібімен жүр­гізілетін ауыспалы егістерді қалыптас­тыру керек, бұл жұмыс – жердің құнар­лылығын арттырады.
Егіншілікті ауыспалы егістік тәр­тібімен  жүргізу жүйесі толығымен қалыптастырылмаған, ал мақта шаруа­шылығында ауыспалы егіс жүйесі өз тәртібімен қалыптастыры­лып, ондағы барлық агротехникалық іс-шаралар жиынтығы қарқынды жүргізілсе ғана мақта дақылынан гектарынан  45-50 центнерден өнім алуға қол жеткізіледі.  

 


 

Сабир МАХМАДЖАНОВ, 
Мақта және бақша тұқымшылық бөлімінің меңгерушісі:

Жоғары өнім шаруалардың әл-ауқатын жақсартады

– Тұқымшылықтың негізгі мақ­саты – белгілі бір сортқа тән сорттық және шаруашылық бағалы қасиет­терді сақтай отырып тұқым көбейту. Сорттық тазалық қаншалықты жоғары (99-100%) болса, түп саны түгел өскін алуда және пісіп жетілуде сорттың біркелкілігі де соншалықты жоғары болады. Мақта тұқымын көбейтуде сорттық тазалық бұзы­латыны белгілі. Бұл тозаңдану және механикалық ластану нәтижесінде жүзеге асады. Егер тұқымшылық жұмыстарындағы барлық ұстаным­дар сақталмайтын болса, сортты екі жыл ішінде бұзып алу мүмкін. Топтамаға түскен басқа сорттың бір тұқымы 400 тұқымға дейін өнім береді, ал әрі қарай өзіңіз сараптай беріңіз. Ғылым мен тәжірибе мә­ліметтері бойынша егісте мақтаның жоғары сапалы тұқымдарын пай­далану 8-10% қосымша өніммен қамтамасыз етеді. Тұқым шаруашы­лықтарына апробациялау жұмыс­тарын жүргізу кезінде тұқымшылық жұмыстарында олқылықтар анық­талды, шаруашылықтарда негізінен, сортқа тән болмаған өсімдіктерді тазарту, жекелеген, сынақтық, ұялы терімдерді іріктеу жұмыстарымен айналысатын жұмысшылар жет­кіліксіз. Бірде-бір тұқым шаруашы­лығы шитті мақтаны бастапқы өңдейтін цехқа ие емес. Жинап алын­ған өнім мақта тазалау зауытта­рына жіберіледі, ол жерде бір сорт басқа сорттармен араласып кетеді. 
Әлемнің мақта өсіруші жетекші алпауыт елдерінің тәжірибесін алу қажет. Оларда мақта тұқымшы­лығымен бәсекелестік жағдайда ком­паниялар айналысады. Бұл компа­нияларда сорттық тұқымдар дайын­дау бойынша барлық талаптар сақталып, тұқымдар көлеміне қарай іріктеледі және арнайы ауа өткізгіш қаптарға салынады. Ерекше техно­логия бойынша дайындалған тұқымдар 98-99% өскін береді, бұл, әсіресе, орташа сортаңданған то­пырақты аймақтарда аса маңызды. Тұқымдардың жоғары өнгіштігі есебінен егіс мөлшерін әр гектарға 25 келіден 14-15 келіге дейін төмен­детуге болады. Жоғары репроду­к­циялық сапалы мақта тұқымын дайындау бойынша тұқымшылық үдерісінде барлық іс-шараларды сақтау мақта өсіруші аймақта мақта қозасынан 40-45 ц/га шамасында жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Жоғары өнім алу өз кезегінде мақта шаруашылығын рентабельді салаға айналдырып, мақта өсіруші шаруа­лардың әл-ауқатын жақсартады.   


 

 

Мамандар елімізде мақта шикізаты бидайдан кейінгі екінші валюталық дақыл екенін айтады. Мақтадан киім де, азық-түліктік, тағы басқа да өнімдерді алуға болады. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласында бұл дақылдың орны бөлек. Мұндай жағдайда бұл саланың қарқынды дамуына бәріміз де мүдделіміз. 

Гүлнар  ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ