Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазақстанның қарызы - 10,9 трлн теңге

Қазақстанның қарызы - 10,9 трлн теңге

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
910
Қазақстанның қарызы - 10,9  трлн теңге Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев Қазақстанның мемлекеттiк борышы 10,9 трлн теңгеге жеткенін айтты.

Министр өз сөзінде алдағы уақытта оның  мұдан әрі өсуiне жол берілмейтінін айтты.

  • Министрлік алдағы уақытта мемлекеттiк қарыздың өсуiне жол бермеу мiндетiн қойып отыр. Бүгiнгi күнi Қазақстанның мемлекеттiк борышы әлемнiң басқа елдерiмен салыстырғанда өте төменгі деңгейде. 2016 жылдың 1 шiлдесіндегi жағдай бойынша жиынтық мемлекеттiк борыш 10,9 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2016 жылғы ЖIӨ-ге шаққанда 24,6 пайыз, оның iшiнде iшкi борыш ЖIӨ-ге шаққанда 13,5 пайыз және сыртқы борыш ЖIӨ-ге шаққанда 11,1 пайыз», - дейдi министр.

2016 жылдың бірінші тоқсаны бойынша Қазақстан сыртқы елдерге  $153,99  млрд  доллар қарыз. kursiv.kz. басылымының хабарлауына қарағанда,  Қазақстанның ең қарызы көп 4 ел бар: Олар:

 1. Нидерланды - $43,73 млрд

2. Великобритания - $25,01 млрд

3. Китай - $12,64 млрд.

4. США - $12,57 млрд

Бұл туралы министр мәжiлiсте «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасының жүзеге асу барысына арналған үкiмет сағатында мәлiм етті.

Министрдің  айтуынша, 2017-2019 жылдары мемлекеттiк борышты қолайлы деңгейде ұстап тұру үшiн республикалық бюджет тапшылығын 2017 жылы 1,2 пайызға, 2019 жылға қарай 1,0 пайызға дейiн төмендету жоспарланып отыр. Расында да мемлекет қарызының артуы Ұлттық қорға үлкен салмақ салып отыр. Мұны жасыруға болмайды.

Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов мәлім етті.

  • 2008 жылдан бері Қазақстанның мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздары 2,2 миллиард доллардан бүгінгі күні 32 миллиард доллардан астам сомаға артып отыр. Бұл қарызға кететін шығындар төрт жыл ішінде сегіз есеге жуық артып, бюджет шығындарының білім беру, медицина сияқты кейбір баптарынан асып отыр. Мемлекеттік қарыздың күрт артуы бюджет тұрақтылығына қысым жасайды. Әсіресе, Ұлттық қор қаржысын сақтауда кері әсері көп, - дейді мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Депутатты мұнай бағасының баррелі 30 доллардан, АҚШ долларының бағасы 360 теңге шамасында тұрақтаған жағдайда Ұлттық қордағы қаражаттың әрі кетсе бес жылға ғана жететіні туралы мәлімет те алаңдатып отыр. Оның айтуынша, алдағы үш жылда бюджет түсімінің негізгі бөлігін шикізаттық емес сектор құрайтындықтан, ол түсім ұлттық валютада болады. Ал, қарыз келісім-шарттар бойынша бағам айырмашылығы ескеріле отырып, шетел валютасымен қайтарылады.

  • Үкімет алдағы уақытта сыртқы қарыздың артуын қалай реттемек? Бұл жерде Халықаралық валюта қорының дерегін алға тарту дұрыс емес. Мен ХВҚ мәліметтері бойынша Қазақстанның үкіметтік қарыздарының ІЖӨ-ге қатынасы 2014-2015 жылдары 14,7-ден 23 пайызға өскенін білемін. Дамыған елдерде мұндай цифрлар тіпті 90-100 пайызға дейін жететінін бәріміз білеміз. Бірақ, олар – дамыған елдер. Онда өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Ресурстық елдерде жағдай басқаша. Норвегияда бұл – 28, Ресейде – 18, Иран мен Чилиде – 17, Индонезияда –  27 пайыз. 90-100 пайыздық көрсеткіштер Ұлыбритания, Франция Германия, сынды дамыған елдерге тән, - дейді депутат бюджет жобасын таныстырған ол

Ал, үкіметтегілер болса, Қазақстанның қарызы артып бара жатқанын мойындай отырып, оны кірістердің азаюымен және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру қажеттілігімен түсіндіреді. Министрлер қарыздың өсуінен қандай да бір қауіп күту қажет емес деп санайды.

Ал бұл орайда үкіметтегілердің ойы қандай?

-Қарызды 90-100 пайыздық (ІЖӨ-ге қатысты) көрсеткішке дейін өсіру мақсатымыз жоқ. Бүгінде бізде шынымен де қарыздың белгілі бір шамада өсуі байқалып отыр. Ол кірістердің түсуімен, бірқатар бағдарламаларды жүзеге асырумен байланысты. Біз халықаралық қаржы ұйымдарынан ұзақ мерзімді, «жұмсақ» қарыздар алудамыз. Қазір үкіметтік қарыз 21 пайыз, мемлекеттік қарыз 24 пайыз деңгейінде. Бұл айырмашылық пен болжам Ұлттық банктің сыртқы нарықта қысқа мерзімді ноталарды шығару бойынша еркін жұмысты жандандыруына байланысты, - дейді Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаев.

Оның айтуынша, бұл қарыздың бір бөлігі тұрақты қарыз болып саналмайды. Министр қазір Қаржы министрлігімен, басқа да салалық министрліктермен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттік кепілдік беру жөніндегі жоспарды қайта қарап жатқандарын айтады. Алайда депутаттар елдің сыртқы қарызы мұнан да көп деген пікірде. Ол үшін ұлттық компаниялардың есебін де бір нақтылау керек.