Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жылына 120 мың тонна өсімдік майын өндіреді

Жылына 120 мың тонна өсімдік майын өндіреді

Айқын-ақпарат
954
Жылына 120 мың тонна өсімдік майын өндіреді Тайынша ауданына барған жұмыс сапары аясында СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов Ильчевка селосындағы «Тайынша-Май» зауытының құрылыс барысымен танысты, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметінен.

Зауыт 10 гектар аумақты қамтиды. Жобаға сәйкес, мұнда май тазарту мен сығуды жүргiзетiн 2 негiзгi цех салынбақ. Сондай-ақ, қоймаларды жабдықтау жұмыстары мен өзге де қызмет көрсету нысандарын салу жоспарланған.

«Бүгiнгi таңда нөлдiк деңгей бойынша жұмыстар 90 пайызға орындалды, яғни бетон жұмыстары аяқталды. Технологиялық құралдар мен металл құрастырылымдар әкелiндi. Қазiр екi негiзгi цехтың құрастыру жұмыстары жүргiзiлуде. Рапс шикiзаттың жобалық қуаты жылына 300 мың тонна, егер өнiм ретiнде есептейтiн болсақ, 120 мың тонна май мен 160 тонна қызылша жомы алынады», - дедi «Тайынша-Май» ЖШС директоры Дәурен Тұрапбеков.

Өңiр басшысы қолайлы ауа райын пайдаланып, жұмыс қарқынын күшейтуге кеңес бердi. Сондай-ақ, Ерiк Сұлтанов аталған аумақты абаттандыру қажеттiлiгiне тоқталды.

«Қазiр ауа райы жақсарды, уақытты тиiмдi пайдаланып, жұмысты iрi көлемде орындау қажет», - деп атап өттi Ерiк Хамзаұлы.

Сонымен қатар өңiр басшысы «Степноишим сынақ стансасы» ЖШС және «Әлiби-Астық» ЖШС алқабындағы астық жинау жұмыстарымен танысып, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездестi.

«Облыс бойынша орташа өнiмдiлiк гектарына 17,2 центнердi құрайды. Бұл көрсеткiштi әлi көбейтуге болады», - деп атап өттi шаруалармен кездесу барысында Ерiк Сұлтанов.

«Жаркүл» ЖШС алқабында дәнді және майлы дақылдар өсіреді. Компанияның бас директоры  Александр Кобзевтің айтуынша, жасымықтың жалпы аумағы - 3,5 мың гектар. Оның 60 пайызы жиналды. Өнiмдiлiгi гектарына 14-15 центнердi құрады.

Тайынша ауданының ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң басшысы Руслан Көлбаевтың айтуы бойынша, бүгiнгi таңда аудан бойынша егiннiң 70 пайызы орылып, 60 пайызы бастырылды, орташа өнiмдiлiк гектарына 17 центнердi құрайды. Ауа райы қолайлы болған жағдайда айданда егін жинау науқанын қыркүйектің соңында аяқтау, ал күнбағысты қазан айында жинау жоспарланған. 

Қазақпарат