Негізгі бет  /  мақалалар  /  Халықаралық көрмеге қызығушылар көбейді

Халықаралық көрмеге қызығушылар көбейді

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
831
Халықаралық көрмеге қызығушылар көбейді «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы В.Лоссерталес, ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев елордада өткен «Болашақ энергиясы» форумында баяндама жасады.

Форумды «Назарбаев уни­вер­­ситеті» АБҰ президенті Ш.Кат­су жүргізді. Ол халықаралық жиын осымен үшінші рет ұйымдасты­рылып отырғанын атап көрсетіп: «Бұл басқосу пікір алмасуды, тә­жі­рибе бөлісуді және нақты ұсы­ныс жасауды көздейді. Бола­шақтағы қиындықтарды қалай еңсеретіндігіміз де осы жерде тал­қыланады», – деді. 

Ш.Катсудың сөзінше, қазір дүниежүзі баламалы қуат көз­дерін игілікке айналдыру бағы­тында түрлі тәжірибелер мен ізденістерге қадам жасап жатыр. Осы арқылы күн, жел, су сияқты табиғи қуат көздерін пайдаға жаратуда. 
«Біз табиғи қуат көздері жал­пыға ортақ энергияға балама бо­луы тиіс деген ұстанымды қол­­даймыз. Себебі, жасанды энер­гия сарқылады, ал табиғи қуат көзі ешқашан таусылмайды және қоршаған ортаға кері әсе­рін тигіз­бейді», – деді «Назарбаев универ­ситеті» АБҰ президенті. 
Бұдан кейін мінберге «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компа­ния­сы» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов көтерілді. Ол күні бү­гінге дейін атқарылған шара­ларға шолу жасап, халықаралық көрме кешені ғимараттарының құрылысы қарқынды жүріп жат­қанын, көрме билеттерінің са­ты­­лымға шығарылғанын, «Ас­тана ЭКСПО – 2017» көрмесінің 74 мың билетін сатып алу бойын­ша 5 ірі келісімшарт жасалғанын, 4-11 қыркүйек аралығында Қа­зақ­стан бойынша шет мемле­кеттің 100-ден астам туропера­торына ақпараттық тур ұйымдас­тырыл­ғанын, шетелдік турис­терді қы­зықтыру үшін ха­лықара­лық көрме кезінде тақырыптық және мә­дени-сауықтық 4 мың іс-шара өт­кізілетінін және көрме кезінде энтотуризмге басымдық беріле­тінін баяндады. Сөз арасында А.Есімов «ЭКСПО – 2017» көр­месіне қатысуға ниет білдірген мем­лекеттердің саны жоспар­ланғаннан асып кеткенін атап көрсетті. 
«ЭКСПО – 2017» xа­лықара­лық мамандандырылған көрме­сінің құрылысына келетін бол­сақ, ол мерзімге сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыстың 85 пайызы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 13 700 адам мен 560 теxника жұ­мыл­дырылған. Біздің көрмеге әлем қауымдас­тығы қатты қы­зығып жатыр. Қа­зірге дейін 103 мем­лекет пен 17 xалықаралық ұйым көрмеге қатысатын­дықта­рын растап үл­герді», – деді ол. 
Басқарма төрағасының баян­дауынша, ЭКСПО көрмесінің та­ны­малдылығын арттыру мақ­сатындағы xалықаралық шара­ларды насихаттауға әлемдік кә­сіпорындардың ірі алаңдары мен әлемдік БАҚ тартылуда.
«Масс-медиа бойынша ауди­торияны қамту 221 млн адамды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 500 млн адамға жет­кізуді жоспарлап отырмыз», – деді А.Есімов.
Өз кезегінде Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы В.Лоссерталес Қазақстанның «ЭКСПО – 2017» көрмесін жоға­ры дәрежеде өткізуге деген тал­пынысы мен құлшынысы көңіл­ге қуаныш ұялататынын тілге тиек етті. 
«Маған сіздердің сапаға ба­сымдық беріп жатқандықта­рыңыз қатты әсер етіп жатыр. Мен бұған көрме кешенін бір­неше рет ара­лап көрген кезде көз жеткіздім. Құрылыс жұмыстары жоғары қар­қынмен атқарылуда. 
25 жылдық қызметімде ны­сан­­дар құрылысының жедел жүр­­гізіліп, өз деңгейінде өткізіл­генін алғаш көріп отырғанымды жа­сыр­маймын. Алдағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің жемісті өте­тініне сенім мол», – деді Ха­лықаралық көрмелер бюросы­ның бас хат­шысы.
В.Лоссерталестің сөзінше, Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің бола­шақтың энергиясы тақы­рыбына арналуы болашақтағы адамзаттың алдынан көлденең кездесетін қуат көздерінің тап­шылығын шешіп, тұрақты да­муына серпін береді. Ал «Астана ЭКСПО – 2017» ны­сандары алдағы уақытта әлемдік деңгей­дегі адамзаттың мұрасына ай­налады. 
Энергетика министрі Қ.Бо­зым­баев «ЭКСПО» көрмесі ар­қылы басқа мемлекеттер Қазақ­станға ерекше назар аудараты­нын атап көрсетіп: «Бұл көрмені өткізу жауапкершілік әрі үлкен сын. Осы арқылы Астана мен ондағы инновациялық идеялар өзіне әлем назарын аударады. Аталмыш көрме адамзаттың күн тәртібіндегі мәселелерін шешуге үлес қосумен шектелмей, ұйым­дастырушы елдің мәдени және саяси артық­шылықтары мен жетістіктерін ха­лықаралық қауым­дастыққа танытуда тап­тырмас мүмкіндік болады», – деді ол.
Айта кетейік, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 9 ай қалды. Көрме 2017 жылы10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. «ЭКСПО – 2017» көрмесі па­вильондарының теxникалық жаб­дықталуы биыл қазан айында аяқталады. «ЭКСПО – 2017» барысында 93 күн ішінде Аста­нада 4 мыңнан астам мәдени шара өтеді. 
ЭКСПО кешені қаланың қақ ортасында орналасады және 175 гектар аумақты алады. Оған 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.