Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылады

Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылады

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
867
Шымкентте азық-түлік белдеуі құрылады Елбасының тапсырмасына орай, өңірдің және аудан, қалалардың аймақтық даму картасы жасалады.

Бұл жөнінде өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов Президент тапсырмаларының орындалу бойынша өткен кеңейтілген кеңесте жұртшылықты хабардар етті.
Шымкент қаласын агломерациялық орталық ретінде дамыту мақсатында және қала халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін облыстың аудандары мен Шымкент қаласының арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін құруға байланысты меморандумға қол қойылады.
- Қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық секторда шағын және орта бизнес белдеуін құруды тапсырамын. Сонымен қатар, жасыл белдеу құру мақсатында бақтар мен орман аймағындағы жерлерге толық тексеру жүргізу қажет деп білемін, - деді аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов. 
Сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ұлғайтуды, экспортқа шығаруды қамтамасыз етуде ұсақ тауар өндірушілердің мәселелерін кешенді шешу үшін, ҚР «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына сәйкес, облыста кооперативтер құрылады.
Бүгінгі күнге облыста 8 мыңнан аса ұсақ фермерлік шаруашылықтар 81 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігіп, жұмыс атқаруда. Олар даму бағыттары бойынша 19 мақта шаруашылығы, 30 астық, 4 сүт өндірісі, 13 ірі және ұсақ мал шаруашылығы, 3 түйе шаруашылығы, 3 жүгері өсіру, 4 жылыжай, 5 тағы басқа шаруашылықтардан құралып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы облыста 14 машина-тракторлық станциясы құрылған. (МТС)
МТС-тер құрамында 108 доңғалақты тракторлар, 7 шынжыр табанды тракторлар, 28 астық оратын,9 жем-шөп оратын, 4 жүгері оратын комбайндар мен 186 басқа техникалар бар.  
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстанда соңғы 7 айда тамақ өнеркәсібіне 3 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Дәл осы көрсеткіш жыл соңына дейін еселене түспек.
Айта кетер болсақ, инвестиция тартылған жобалардың бірі - Қазығұрт ауданында жүзеге асқан «Lotus Food Company LLC» ЖШС тез дайындалатын кеспе жобасы. Бұл жобаға 471 млн теңге көлемінде инвестиция салынған. Сонымен қатар, 1 млрд 900 млн теңге инвестиция тартылған «Шымкент май» жобасы бүгінде өз өнімдерін экспортқа шығаруда.
Инвесторлардың үздік үштігінде Германия, Польша және Түркия елдері көш бастап тұр.