Негізгі бет  /  мақалалар  /  «ЭКСПО – 2017» көрмесі туризм саласына дем береді

«ЭКСПО – 2017» көрмесі туризм саласына дем береді

Қанат МАХАМБЕТ, Астана
1136
«ЭКСПО – 2017» көрмесі  туризм саласына дем береді Елорда да өткен халықаралық ту­ристік форумда «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм департаментінің директоры Ален Шайжүнісов 4-11 қыркүйек аралығын­да Қазақстан бойынша ұйымдасты­рыл­ған ақпараттық турларға қатысты мәлімдеме жасады.

– Осыған дейін болған ақпараттық тур­ларда шет мемлекеттердің 100-ден астам ту­роператорлары ел өңірлерін аралап, ең басты мақтаныштарымызбен танысты. Олар ха­лықаралық көрме кезінде туристер міндетті түрде баратын, алдын ала тізімге енгізілген 73 жерді көзбен көрді. 

Ақпараттық турлар 5 бағыт бойынша жүргізілді. Іс барысында Ресей, Қытай мем­лекеттерінің сондай-ақ Еуропа мен ТМД елдерінің ірі туристік компаниялары Аста­наны, ұлттық парктерді, тарихи-мәдени орындарды аралап, «Байқоңыр» ғарыш айлағында болды. Бұған қоса олар Жібек жолы бағыты, Батыс және Шығыс Қазақ­стан, сонымен қатар Жетісу аймақтарының ең көрікті жерлерін тамашалады. Бұдан бы­лай шетелдің ірі туроператорлары «ЭКСПО – 2017» көрмесіне туристерді тарту кезінде қиналмайды деп сеніммен айтуға болады. 
Бүгінгі форум ақпараттық турлардың нәтижесін жариялау және Қазақстанның туристік әлеуеті мен «Астана ЭКСПО» жобасын таныстыру мақсатында жүзеге асы­рылып отыр, – деді ол форумда. 
Сөз арасында департамент директоры халықаралық көрме кезінде «Росс Тур», CITS AlessandroRosso Group, Monaco Uk­raine Group сында компаниялар жауапкер­шілік жүгін абыроймен арқалап, туристерге мінсіз қызмет көрсететініне сенім білдірді. 
– Бұл соңғы ақпараттық тур емес. Көрме басталғанға дейін мұндай турлар жиі өткі­зіледі. Бүгін «Астана ЭКСПО – 2017» көр­месінің 74 мың билетін сатып алу бойынша 5 ірі келісімшарт жасалды. Билеттер туро­ператорлардың турпакеттеріне енгізіледі, – деді А.Шайжүнісов.
Оның айтуынша, «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ Қазақ­стан­ның та­ны­малдығын арттыру бағытындағы жұмыс­тарын жандандырып жатыр. 
– Біздің айналамыз үлкен нарықпен қор­шалған. Олардың барлығын қамту үшін қо­сымша авиабағыттар ашу қажет. Қазір осы мақсатта нақты жұмыстар атқарылып жа­-тыр. Көрме өткізгеннен кейін Кореяға келу­ші­лердің саны – 9,5, Қытайды көргісі келе­тіндердің көрсеткіші – 27,5 ал Миланда бол­ғысы келетіндердің саны – 4,5 пайызға өскен. Соңғы 5 жылда туризм нарығы жы­лына 50 миллион адамға көбейді. Бізге осы­ны пайдаланып қалу мүмкіндігі туып тұр. 
Ұлттық компания «ЭКСПО – 2017» көр­месін барынша насихаттау үшін әлеуметтік желілер мен БАҚ-ты, сарапшылар мен бло­герлерді жұмылдырып жатыр. Аралық есеп бойынша, күні бүгінге дейін шетелдік БАҚ- та 3 мыңнан астам ақпараттық материал жарық көрді. Біз Discovery телеарнасымен бірлескен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Осының барлығы Қазақстанды әлемдегі бә­се­кеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосу үшін жасалып жатыр, – деді департа­мент директоры.
Белгілі болғандай, бір аптаға созылған ақпараттық тур кезінде Шымкентте болған италиялық туроператор киіз үйде қоныпты. Бұл туралы ол журналистерге берген сұх­батында: «Ашық аспан ас­тында жатқан емеспін. Ешқашан ұйық­тардың алдын­да жүздеген жұлдыздарды көр­ген жоқпын. Мұны ұмытпаймын!» деді. Өз кезегінде Ka­zakhstanTours нидерландық туропера­торы­ның директоры Адрианус Матеус Николас бағалай білген адамға саяхат үшін Қазақ­станнан асқан жер жоқ екенін атап көрсетіп, бірнеше жылдан бері нидер­лан­дық турис­терді Қазақстанға әкеліп жүр­генін жеткізді. 
– Қазақстан шетелдіктер үшін ашыл­ма­ған арал секілді таңсық жер. Оның құпиясы мен қызығы көп. Біздің азаматтар сіздердің елдеріңізге қатты қызығады, көп адам мұнда келгісі келеді. Олардың армандары келесі жылы ақиқатқа айналады деп ойлаймын, – деді шетелдік туроператордың басшысы.
Оның сөзінше, нидерландық туристер­дің басым бөлігі орташа табыс табатын адам­дар. Сондықтан олар қымбат қонақүйлерді емес, табиғат аясын немесе қолжетімді баға­дағы хостелдерді таңдайды. 
– Меніңше, Қазақстанға біздің елден келген адамдар экотуризмге ерекше назар аударады. Қазір келіп жүрген туристердің басым бөлігіне Ақтау мен Атырау қалалары, Алматы облысының әдемі ландшафтары және «Байқоңыр» ғарыш айлағы қатты ұнайды. Келесі жылы халықаралық көрме өтетінін білгеннен кейін Астанаға аңсары ауып жатқандардың да саны ұлғайып келеді. Шымкент пен Таразға сапарлағысы келетін­дердің де қарасы аз емес. Дегенмен сіздерге туризм саласын мықтап қолға алу керек. Себебі кейбір аймақта көзге оғаш көрінетін кемшіліктер бар. Мысалы, Маңғыстау мен Алтайдың инфрақұрылымын дұрыстау қа­жет, – деді Адрианус Матеус Николас .
Туроператорлардың ұсыныстары мен тілектерін мұқият тыңдаған Инвестиция және даму министрлігі Индустрия және туризм департаменті директорының мін­детін атқарушы Қайрат Сәдуақасов отан­-дық туроператорларға тұтынушылардың сұ­ра­­ныс­ын қанағаттандыру туралы тапсырма берді.
– Еуропа туристерін киіз үйде қарсы алуды назарда ұстау керек. Олардың жергі­лікті халықпен қарым-қатынас жасауын да ойластырған жөн. Отандық туроператорлар еуропалықтарға арналған ас мәзірін қалып­тастырса дұрыс болады, – деді министрлік өкілі. 
Өз кезегінде пікір білдірген үнді туропе­раторының өкілі Радж мырза Қазақстанды Орта Азиядағы екінші Швейцарияға теңеп, қазақстандықтар жер жаннатында өмір сүріп жатыр деп санайтынын сөз етті.
– Біз негізінен Алматыға рейс ұйым­дас­тырамыз. Бұл қаланың адамдары өте қонақ­жай және мейірімді. Биылдан бастап жұмыс көлемі ұлғайды. Келесі жылы қазіргіден де жақсы болады деп үміттенеміз, – деді шетел­дік азамат. Ал ресейлік «Три кита» туропе­раторының бас директоры Төлеген Бекма­ғанбетов 1997 жылдан бері еліміздің шипа­­жайларына ресейліктердің келуін ұйым­дас­тырып жүргенін тілге тиек етті. 
– Омбы, Қорған, Екатеринбург қала­ла­рының тұрғындары Қазақстанға жиі ке­леді. «ЭКСПО – 2017» Қазақстанның туризміне қарқын береді деп ойлаймын. Осылай болса, бізде табыс көреміз, – деді ол. 
Айта кетейік, алдын ала жасалған болжам бойынша, «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің ең арзан туристік пакеті 40 мың теңге, ал ең қымбаты 125 мың теңге болады. Соңғысына 3 күндік тур, жатын орын, та­мақ­­тану, трансферт, гид қызметі және «Экс­по­ны» аралау кіреді. 
Зерттеу бойынша, 2017 жылы Қазақ­станға 500 мың шетелдік азамат келеді. Олар­дың әрқайсысы біздің елде шамама­-мен, 1 мың АҚШ долларын қалдырады. 
Биылғы жылдың 10-маусымынан бастап халықаралық көрменің билеттері онлайн сатылып жатыр. Бұл кез келген қазақстандық көрмені тамашалау құқығына ие болып отыр деген сөз. Бүгінгі таңда ең арзан билеттің құны – 2 мың теңге. 
10-маусым мен 10-қыркүйек аралығында өтетін халықаралық көрме кезінде елімізде тақырыптық және мәдени-сауықтық 4 мың іс-шара ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде көрмеге 100-ден астам мемлекет қатысатын­дығын ресми растап отыр.