Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өмір бойы Президент болмақ

Өмір бойы Президент болмақ

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
879
Өмір бойы Президент болмақ Кешелі –бері Түрікменстан ел Конституциясына өзгерістер енгізбек болып жатыр.

Төрағасы  Гурбангұлы  Бердымұхамедов  болып табылатын  Түрікменстанның Ақсақалдар алқасының мәжілісі Негізгі құжаттың керектігін мақұлдады.

Жаңа Заңға сәйкес, президенттің өкілдігі  5 жылдан 7  жылға дейін ұзартылады. Сонымен қатар, енді елдің ең биік қызметтік лауазымын жасы ұлғайған адам өле-өлгенше басқарып отыра беретін болады. Бұл не деген сөз? Алдағы уақытта Бердымұхамедов  өзінің кандидатурасын президенттікке үшінші рет ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ өмірінің соңына дейін осы қызметінде қалуы ықтимал.

Жаңа Конституция бойынша мемлекеттік  басқару құрылымы президенттік болып қала береді.Егер мемлекет басшысы елді басқаруға қабілетсіз болған жағдайда уақытша билік парламент төрағасына уақытша жүктеледі. Бірақ оның орындала қоюы екіталай. Мысалы,  2006 жылы Түрікменбашы –Ниязов аяқ астынан қайтыс болғанда өкілеттілік парламент төрағасына емес, бірден қазіргі басшы Бердымұхамедовке берілгені білгілі.  Парламент төрағасына президенттік сайлау алдында қылмыстық іс қозғалды да, уақытша билікті бірден бүгінгі президент қолға алды. Сондықтан жуық арада Түрікменстанда жаңа Конституция қабылданып, заңды түрде жұмыс істейді деген жай ғана сөз. 

Бұрынғы Ниязовтың  «Рухнамасын» көкке ұшырған Бердымұхамедов қазір ыңғайлы етіп, өз конституциясын жасап жатыр. Қазіргі биліктің айтуынша, Жаңа Заң Түрікменстанның имиджін қалыптастыруға қызмет етеді. Жаңа заңда мемлекеттік үш бұтағы  заңдық, атқарушылық және сот  билігі өз алдына айқындалады. Халықты әлеуметтік қорғау мен тұрақтылық және  жастар саясатына басты мән беріледі.

Алайда Мәскеудегі Халықаралық зерттеу институты сараптамалық орталығының директоры Андрей Казанцев «Негізгі Заңда айтарлықтай өзгеріс болмайды. Нақты айтқанда,  Түрікменстанда  Конституция жұмыс істемейді. Кезінде вице-премьер болып,  денсаулық жағын қадағалаған Бердымұхамедов бірден президент болып шыға келді. Осының өзі -ақ елде заңның жұмыс істемейтіндігін көрсетеді.Демек бұл жоба қазіргі президенттің билік басында ұзақ болуға ниеттеніп отырғанын білдіреді» деп атап көрсетті.

Ресейлік кейбір сарапшылар  «өле-өлгенше билік басында болуды көздеп отырған  Бердымұхамедов ізбасар ретінде 14 жастағы атшабар немересін дайындап жатыр» деп  болжам жаауда. Кейінгі кезде халық алдына Керімғұлы атты немересін жиі алып шығып, тіпті аламан бәйгелерде   оза шауып жүрген жасөспірім мүмкін болашақта атасының орнын басар.

Тіпті ол осы немересімен бірігіп  ән де жазған.

Президент Гурбангұлы Бердымұхамедов осыған дейін де музыкалық дарыны барын да көрсетіп келген.  Ол «Менің саған берген ақ гүлдерім» деген ән де жазған. Бұл әнді түркімен әншісі Довлет Аманлыков орындаған.

Түркіменстан президенті әндерін  жиі жарыққа шығарып тұрады. Мысалы, «Алға, алға, тек алға, сүйікті отаным — Түркіменстан» деп аталатын әнін 2015 жылы бір мезгілде төрт мың адам орындап,  «Гиннестің рекордтар кітабына»  енді. Бүгінде бұл ән түрікмен халқының ұранына айналып кетті.

Президенттің  өнердегі әдеби, рухани жетістіктері  мұнымен аяқталмайды. Ол 2007 жылдан мемлекет тізгінін ұстағалы бері үш мыңға жуық кітап жазды деген ақпар бар. .

... Ән айтқан жақсы шығар. Бірақ әзірге бізге бір нәрсе ғана  анық. Бердымұхамедов өмірлік президенттікке алғышарт ретінде Жаңа Негізгі заң дайындап жатыр.