Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қытай қатая түсті

Қытай қатая түсті

Жолдасбек Дуанабай
1412
Қытай қатая түсті Әлемдегі әр елге еліктеп емес, нақ Қытайдың өзіне тән ұрпақтан ұрпаққа тараған таза әрі дара жолымен жүруді қалайтын аспанасты елі болашақ иелерін де ата жолдан айнымауы үшін барлық айла-әрекетті қарастырып жатыр.

Енді биліктегілер батыстың «бағалы» деп саналатын бүлдіргі құндылығын құртып, ел жастарын жаңа көзқараста тәрбиелеу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарын жаңа оқу құралдарымен қамтамасыз етпекші.
Қытайдың мемлекеттік Xinhua ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған «Global Post» порталы Қытайдың Білім министрі Юань Гуйжэньнің жоғары оқу орындарында насихат жұмыстарын жақсартуға бағытталған ондаған университеттердің жетекші профессорларының форумында жасаған баяндамасына ерекша назар аударды. Ол баяндамасында батыс оқулықтарына қадағалауды күшейтіп, оқу бағдарламаларында социализмге қатысты немесе Қытай коммунистік партиясының атына сын айтатын тұстарды мүлде алып тастауға кеңес берді. 
Министр оқу барысында оқытушыларға көңіл толмастық секілді пікірлер айтуға тыйым салуды ұсынып, университеттер елдегі тұрақтылықты сақтауға, студенттердің жағымды көзқарасын қалыптастыруға күш салуды тапсырды. Агенттік хабарына қарағанда, жиынға Пекин, Цинхуа, Ухань, Шандунь және Сямэнь университетінің басшылары қатысқан.
Оқу орындарында насихатты күшейтуге негізгі себеп - Батыстағы оқу орындарының ықпалы. Мәселен желтоқсан айында Сиань қаласында Солтүстік-Батыс университетінің басшылығы католиктердің Рождество мейрамын атап өтуге тыйым салған. Мұны университет әкімшілігі «шетелдік студенттер алдында бас ию» деген тұжырым жасаған. Әрі бұл мәселеге мән берудің арғы жағында КНР төрағасы, Коммунистік партияның орталық комитетінің төрағасы Си Цзиньпиннің елде білім саласын реформалау туралы ұсынысы да түрткі болған. Онда университеттерде насихат жұмысын жандандыру, марксизмді оқытуды жетілдіру және жоғары мектепте партиялық басшылықты нығайту туралы баса айтылған.  
Сонымен қатар, бір мезгілде ҚХР төрағасы шетелдерде оқып жатқан Қытай студенттернің санын арттыру туралы да мәселе көтерген. Британдық «The Guardian» басылымының жазуына қарағанда, Си Цзиньпиннің қызы 2010 жылдан бері Гарвардта оқиды. 
Кейбір басылымдардың жазуына қарағанда, соңғы жылдары білім саласының көрнекті өкілдеріне қарсы тәртіптік шаралар күшейтілген. Айталық 2013 жылы 9 желтоқсанда Шанхайдағы Политология және құқық Шығыс-Қытай
университетінің юриспруденция профессоры Чанг Сюэхун қызметінен қуылған. Себебі ол Қытай үкіметін сынағаны үшін кешірім сұраудан бас тартқан. 2013 жылы мамыр айында «South China Morning Post» басылымы профессордың Білім министріне арналған хатын жариялаған. Онда ғалым университеттерде марксизмді оқытудан бас тартуға шақырған. 
Қазан айында Пекин университетінің профессоры Ся Юэлян да саяси көзқарасы үшін қызметінен ажырады.
Осы секілді оқиғалар билік басшыларын ойға қалдырған сыңайлы. Осыған байланысты Қытайда елге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру, жастардың отаншылдық рухын ояту ниетінде нақты шаралар іске асырыла бастады.