Негізгі бет  /  мақалалар  /  Моноқаладағы маңызды жоба

Моноқаладағы маңызды жоба

Айқын-ақпарат
873
Моноқаладағы маңызды жоба Алматы облысы

Текелі қаласының ортасынан және жанынан бірнеше асау өзен өтеді. Жоңғар Алатауының қарлы шыңдарынан бастау алатын Қаратал өзенінде бұған дейін бірнеше су электр стансасы салынып, ел игілігіне қызмет етуде. Осы бағытта соңғы жылдары тағы бірнеше ірі жоба қолға алынды. Соның бірі – Қора өзенінің асау ағысынан электр қуатын өндіретін, қуаттылығы 28,5 мегаватт болады деп жоспарланып отырған тағы бір су электр стансасы. Бұл жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылып, жүзеге асырылуда. Нысанның құны – 6249,1 миллион теңге. 
«Қора» су электр стансасы  Алматы облысындағы қуаттылығы жөніндегі екінші орын  алатын деривациялық түрде энергия өндіретін нысан. Қуаттылығы жөнінен тек Шарын өзеніндегі «Мойнақ» су электр стансасына ғана жол береді. Имараттың ұзындығы – 2 шақырым. СЭС-тің жұмыс істеу қағидаттары төмендегідей: тегеурінді арттыруға қажетті су көлемі еңістігі өзеннің орташа еңістігінен айтарлықтай аздау болатын ашық каналдан бөлінеді. Нақты бел­гіленген қашықтықтан (аталған жағдайда таулардың астымен өтетін ұзындығы 2 шақырымдық тоннель) өткен су қажетті биіктікке көтерілген соң қысымды қалыптастыруға тиісті  хауызға жиналады. Сол жерден қысымдық құбыр арқылы су турбинаға, одан соң қайтадан өзенге барады. СЭС-тің гидротехникалық имараты электр энергиясын өндіретін генераторды іске қосатын гидротур­бинаның қалақтарын қозғалтатын судың қажетті ағынынын қамтамасыз етеді. Негізгі құбырға қоса апаттық жағдайда артық суды немесе қабыршық мұзды ағызатын канал да қарастырылған. Барлық энергетикалық жабдықтар СЭС ғима­ратында орналасқан. Стансаның басты артықшылығы  – оның электр энергиясын өндіру үшін жаңартылып отыратын табиғи ресурстарды пайдалатындығында. Мұндай СЭС-ке қосалқы отынның қажет еместігі арқасында өндірілетін электр қуатының ақтық құны электр стансалардың басқа түрлері арқылы өндірілетін қуаттан анағұрлым төмен болады. Станса аума­ғында Текелі қаласын электр қуатымен және сумен қамтамасыз ететін қуаттылығы 4-5 мегаваттық шағын электр станса мен су сорғы стансасы салынады. 
«Қора» СЭС-інің бас мердігері – «АСПМК-519» ЖШС. Құрылыс жұ­мыстарының негізгі бөлігімен, соның ішінде құбырларды құрастырумен және станса ғимаратын тұрғызумен «Те­мірбетон» ЖШС айналысуда. Ал, «Аманат-А» ЖШС жарылыс жұмыстарын жүзеге асырып жатса, «Инфраэнерго» ЖШС автоматтандыру мен релелік қорғаныс бойынша құрастыру және қалыптастыру жұмыстарын қолға алған. «Энергострой» ЖШС кірме жолдарды төсеуді жеделдетуде. «Энерго-РЭМ» ЖШС электр тасымалдайтын желілерді тартуда. Барлық металл құрылғылар Талдықорғандағы «Интеграл» зауытында дайындалады. «Krav Инжиниринг» ЖШС авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асырады. СЭС құрылысына тар­тылғандардың барлығы Талдықорған өңіріндегі жергілікті кәсіпорындар екені де біраз ерекшеліктерді аңғартады. 
Қазіргі кезде станса ғимаратының, қысымдық хауыздың, апаттық каналдың іргетасын құю, тоннельге қажетті жарылыс жұмыстары, жол құрылысы жүргізілуде. Үш көпір салыныпты. Барлық темірбетон құрылғылар құрылыс алаңында әзірленеді.  Аталған жұмыстар үшін нысан аумағында сол жердегі табиғи материалдарды ұнтақтайтын жабдық орнатылған. Күніне 300-400 текше метр бетон шығарылады. Құрылыс жұмыстары түнде де тоқтамайды екен. Ол үшін  СЭС аумағы прожектор­лармен жарық­тан­дырылған. Барлық жұмыс осылайша жалғасын тапса, Жетісу өңірі үшін аса қажетті болып саналатын нысан 2019 жылдың қарашасында іске қосылып, электр қуатын өндіруге кіріседі. Нысан жұмысына 100 адам жұ­мыл­дырылған. Барлығына жуығы текеліліктер. 

 


 

 

Үлескерлер мәселесі шешілді

 

Астана мен Алматы қаласында жиі көрініс беретін үлескерлер мәселесі облыстарды да айналып өтпейді. 

Алматы облысының оңтүстік астана маңындағы аудандарында, әсіресе, Қарасай ауданының Алматы қаласына жақын аумағында салынған жаңа тұрғын үй орамдарында осындай проблема жиі көрініс беретіні есте. Осы орайда үлескерлер үшін тұрғын үй мәселесін шешу – Алматы облысы бас­шылығының үнемі бақылауында болғанын айта кеткен жөн.
 Алматы облысы әкімдігінің үлес­керлердің қатысуымен құрылыс жүргізу жұмыстарына жауапты уәкілетті органы – «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС директоры Нүгірбек Абулғазиннің мәлімдеуінше, бүгінгі күні Алматы облысында үлескерлік құрылыс мәселесі толықтай шешімін тапқан. 
– Барлығыңыз білетіндей, 2008-2009 жылдар аралығында Алматы облысында 4129 үлескері бар 21 проблемалық нысан – тұрғын үй кешені бар  болатын. 2009 жылы мемлекеттік қаржыландырудың көмегінсіз 12 нысан бойынша 1553 үлескердің мәселесі шешілген еді. Сонымен қатар мемлекеттік қаржылық қолдаудың арқасында тағы 34 кешеннің құрылысы аяқталып, нәтижесінде тағы 9 нысан бойынша 2576 үлескердің мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа бюджеттен 34,588 млрд теңге бөлінсе, оның 34,009 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылып, 0,579 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен берілді. Осы­лардың арқасында барлық қажетті ин­женерлік жүйелері тартылған, алаңы 355 мың шаршы метр болатын жаңа тұрғын үйлер бой көтерді, – дейді Нүгірбек Абулғазин.
«Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС ди­ректорының айтуынша, үлескерлердің мәселесі бойынша соңғы нысан саналатын «Өмірұзақ» тұрғын үй кешеніндегі соңғы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталған. Жалпы аумағы 20,922 мың шаршы метр болатын 114 пәтерден тұратын 51 жеке тұрғын үй тұрғызылып, нәтижесінде 105 үлескердің мәселесі оң шешімін тауыпты. Осылайша, дәл қазіргі кезде  Алматы облысында үлескерлік құрылысқа қатысты күрделі мәселелердің күрмеуі толық тарқатылды деуге болады.  


 

 

Мыңдаған бас мал бордақылануда

Берекелі Балқаш ауданында балық және күріш шаруашылығымен бірге мал шаруашылығы да өркендеуде. Бақа­настың байтағы төрт түлікті өсіруге аса қо­лайлы. Бір жағы айдын-шалқар көл­мен, қамысты-құрақты өзектермен өріліп, тағы бір та­рабы қора-қора мал қысы-жазы жайлауға қолайлы қойнауы құт құмды аймақпен астасатын ауданда бүгінде малды мың­ғыртып өсіретін шаруашылықтар бар­шылық. Олардың арасында етті малды бордақылау арқылы табысын тасқындатып отырғандар да кездеседі. Төрт түліктен береке іздегендер «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» сынды мемлекеттік бағдар­ламалар арқылы қарастырылған мем­лекеттік қолдауды да тиімділікпен пай­далануда.  
Биыл ауданда «Сыбаға» бағдарламасы аясында екі жүзден аса мүйізді ірі қара, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша бес жүзге жуық асыл тұқымды қой, «Құлан» бағдарламасы бойынша елу  бас жылқы алыныпты. Сулы әрі нулы Ақжар ауылдық округіне қарасты «Жақсылық» шаруа қожалығы алты ай ішінде Қыр­ғызстан еліне 80 тонна сиыр етін экспорт-тапты. Етті бағыттағы мүйізді ірі қараға ден қойған шаруашылықтың болашаққа негізделген жоспары да мығым. Ал Миялы ауылы аумағындағы барлық тірліктің басы-қасынан табылып, тың із­деніс­терімен жергілікті жұрттың жағ­дайын жақсартып отырған «Динара Ранч» жауап­кершілігі шектеулі серік­тес­тігі өздері өсіретін етті бағыттағы, асыл тұқымды «Герефорд» сиырларын борда­қы­лау кешеніне қажетті  мал азығын қамдап, қоражайларын сайлап алыпты. Бұл шаруашылықта қазіргі кезде бес мың бас мүйізді ірі қара семіртіледі.  Аудан ор­талығы Бақанас ауылының іргесіндегі Ақдала ауылдық округі аумағына орна­ласқан «ӨтесБиоАзия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңы болса, бүгінгі заман талабына толықтай жауап береді.  Дамыған инфра­құрылымы бар кешен ауыл шетіне орна­ласқан. Атшаптырым аумақты алып жат­қан бордақылау алаңында малды се­мір­туге қажетті жағдайдың барлығы ойлас­­тырылған. Шаруашылықтың ат­қарушы директоры Марс Дәулетбаев­тың айтуына қарағанда, серік­тестіктің мал бордақылай бастағанына бес жыл болыпты. Мал азығын өздері дайындап, дәрумендермен құнарлан­дырып барып, пайдаланады.  Заманауи бордақылау кешенінде үш мыңға жуық ірі қара бағы­луда. Олардың бір мың басы интенсивті түрде бор­да­қыланады. Нақтылай айтқанда, байлауда тұрып, семіртіледі. Көп қозғалмайтын, күш-қуаты бойында сақталған сиыр тез ет алады. Сөйтіп, бір айда салмағы 200 келіден асып, союға жарамды күйге жеткізіледі. Семіз әрі дәм­ді етке сұраныс жоғары. Борда­қылан­ған мал сол жердегі қасапханада сойы­лады да тапсырысқа сай тиісті жерлерге жөнелтіледі. 
Негізінен, бордақылау кешені бес мың басқа арналғанымен, жалпы мүм­кіндігі он мың басты семіртуге де жетеді. Болашақта сол деңгейді бағын­дырары да анық. 

 


 

 

Астаналықтарға тарту

Осы аптаның соңғы күндері Астана қаласында Алматы облысының «Қуатты өңір – мықты мемлекет» атты мәдени күндері өтеді. Мәдени күндер аясында көрмелер мен концерттер ұйымдастыры­лып, талғамы зор елордалықтарға  спек­такльдер ұсынылады. Астаналықтар  Же­тісу өңірінің  тарихы, мәдениеті және әде­биетімен жан-жақты таныса алады. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі жетіс­тіктерге көз жеткізіп, кеңейтілген ауыл ­шаруашылығы жәрмеңкесін тама­шалап, жер ұйығынан жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәмін татады. Жетісу өңірі тұрғындары арнайы азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырып,  аста­налықтарға базарлық ретінде 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімін ұсынбақ. 
Нақтырақ айтқанда, 10 қыркүйекте  елордадағы Оқушылар сарайында Алматы облысының 16 ауданы, 3 қаласы және «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік кор­порациясынан келгендер азық-түлік сөрелерін жайнатып қоймақ.   
Қала тұрғындары жетісулық малшылар мен дихандардың, бағбандар мен қайта өңдеушілердің табан ет,  маңдай терімен өсіріп, баптаған өнімдерінің  40-тан  астам түрін сатып ала алады. Мәселен, 30 тон­надан астам алма апарылса, оның 10 тоннасы Алматының атақты апорты екенін ескертеміз.  Жәрмеңкедегі бағалар қаладағы бөлшек сауда орындарындағы бағадан  15-20 пайызға төмен болады. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Талғат Алыбаев айтты.
– Жәрмеңкеде сатылатын өнімдердің санитарлық-эпидемиологиялық және ветеринарлық сапасы қатаң бақыланады. Автокеруен екі күн бұрын, яғни, 8 қыр­күйекте аттанады. Жәрмеңке 10 қыркүйек күні таңертеңгі сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін жалғасады. Бұл жәрмеңке азық-түлік бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы. 


 

 

Жетісулық шаруалар жеңіл несиеге қол жеткізеді

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы облысындағы несиелік серіктестікті дамытуға ынталы. Корпорацияның атсалысуы арқасында 2001-2016 жылдары еліміздің 13 облысы мен 165 ауданында 180 несиелік серіктестік құрылып, олардың төңірегіне 12 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері топтасыпты.

Алматы облысы агроөнеркәсіпті өр­кендетуге аса қолайлы өңір.  Төрт түлікті өсіріп, олардан өнім өндіру жөнінде еліміз бойынша алдыңғы қатарда аталады. Тіпті, мал саны бойынша басқалардан көш ілгері тұр. Сонымен бірге, өсімдік шаруашылығын, оның ішінде бақ шаруашылығын дамытуға аса қолайлы мүмкіндіктер жетерлік. Қазіргі кезде жергілікті жердегі шаруашылықтар жеке жүріп табысқа жете алмайтындықтарын сезіне бастады. Осы орайда, іріленуге бағытталған қадамды құптайтындар және осыған орай мемлекеттің қолдауына үміт артатындар көбейді. 
Күні кеше «Аграрлық несие корпо­рациясы» АҚ пен Алматы облысы әкімдігі несиелік серіктестіктерге қатынасу­шылардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру және өзара ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге қол қойды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Гүлназ Атамқұлова облыс аумағында серіктестік желісін дамыту және қолдау тақырыбында Талдықорғанда өткен кеңейтілген отырыста өзара  уағада­ласты. 
Амандық Ғаббасұлы келелі кездесуде Жетісу өңірінің ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері мен облыстағы агроөнеркәсіптік кешенді өркендетудің мүмкіндіктері жайлы жан-жақты әңгімеледі. 
Ал,  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқармасының төрағасы Гүлназ Атам­құлова: «Әкімдікпен өзара түсіністіктегі бірлескен жұмыстар Алматы облысындағы фермерлерді «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ-тың қаржыландыру  бағдарла­ма­ларының барлығымен қолдау шараларын барынша күшейтуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, несиелік серіктестіктер арқылы несиелеудің жеңілдетілген шарт­тарын қолдана отырып, ұсақ және орта шаруа­шылықтардың кооперативтерге бірі­гуіне жол ашады» деп атап өтті. 
Қазіргі кезде Алматы облысында 22 не­сиелік серіктестік жұмыс істейді. Респуб­лика бойынша несиелік серіктестіктер жүйесі арқылы биыл 30 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылса, соның ішінде құрамында 1500 шаруа бар Алматы облысы фермерлерін 2,8 млрд теңгеден артық қаржы­мен қолдау ойластырылған екен.  
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы қаулысымен құрылған компания. Басты мақсаты – еліміздегі агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілерді несиелеудің қол­жетімді жүйесін дамыту жолымен аграрлық саланы әртараптандыру және индустрия­ландыруға қол жеткізу. Компания «ҚазАгро» басқарушы холдингінің құрамына кіреді. 

 


 

 

Тұрақты комиссияның отырысы

Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында Алматы  облыстық мәсли­хаты бірлескен тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы өтті. Көшпелі кеңеске облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Мұқанов, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудан әкімдері, сала басшылары қатысып, облыстағы энергетикалық инфрақұры­лымның дамуы, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы елді мекендерді газдандыру мәселесін талқыға салды. Аймақтағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстар, жол бойына орнатылған бейнебақылау мен автокөлік қозғалысын қадағалау мәдениеті, айыппұлдардан бюджетке түскен қаражат мөлшері туралы да кеңінен әңгіме қозғалды. 
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әсет Қанағатовтың баяндауына қарағанда, биылғы жылдың өткен айларында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде  облыста  орталықтандырылған электрмен жабдықтау деңгейі 99,9 пайызға жетіпті. Бұған былтыр жүзеге асырылған 41 жобаның тигізген септігі көп көрінеді. 
Өңірдегі елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге келер болсақ, облыстағы  741 елді мекеннің  473-ін газбен жабдық­тауға негіз бар көрінеді. Облысқа жыл сайын 265 миллион текше метр табиғи газ және 506,4 мың тонна сұйытылған көгілдір отын керек екен. Бүгінде 98 елді мекен кө­гілдір отынды пайдаланып отыр. Биыл бұ­лардың қатарына тағы 37 ауыл  қо­сылмақ.
Қаралып отырған мәселеге қатысты сөз алған  облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов өз ойын ортаға салды. Халық қалаулысы шалғай аудандардағы газдандыру мәселесі әлі күрделі екеніне тоқталып, әсіресе, Райымбек ауданының жағдайына ай­рықша назар аударуды сұрады.  Ұйғыр және Райымбек аудандарын бөліп жатқан Кетпен тауының екі жағындағы өңірлерді газдандыру жайының екі түрлі екенін ашып айтты. Шонжылықтар табиғи көгілдір отынның қызығын жуық арада көргелі отырса,  олармен көршілес жатқан Нарынқол мен Кегенге газдың ауылы әлі тым алыс, иісі де сезілмеген.  Нарынқол – шекаралы аймақ. Ел шебінде тұрған елді мекеннің осындай әлеуметтік  мәселелері бірінші кезекте шешімін табуы тиіс екені даусыз.
Комиссия отырысында сөз алған Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ысқақ өзі басқаратын  өңірде халықтың өте тығыз орналасқанын,  Еңбекшіқазақ – облыстағы тұрғыны ең көп аудан екенін айтты. Халық тығыздығына қоса, өнеркәсіп ошақтары да көп. Жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Сон­дықтан, аудан өңірін табиғи газбен толық қамтамасыз етуді жеделдету қажет. 
Бұдан кейін комиссия алдында об­лыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бас­шысының орынбасары, полиция полковнигі Шыңғысхан Сабуров есеп берді. Жеті айда облыс аумағында жол-көлік оқиғалары мен жол ережелерін бұзу жиілеп кетіпті. Қазіргі кезде осындай адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін оқиғалардың  алдын алу, азайту мақсатында қолдан келген мүмкіндіктердің бәрі пайдаланылып жатқанымен жағдай оңала қоймапты.  Сондықтан, алдағы кезде жедел сауықтыру шараларына баса назар аударылмақ екен.  Биылғы жеті айда 14 рет арнаулы айлықтар мен апталықтар жүргізілгеніне де жағдайдың күрделілігі себеп болған көрінеді. .
Тоқетерін айтқанда, көшпелі  жиын барысында Алматы өңірін табиғи газбен қамтамасыз етудің қиын түйіндері әлі баршылық екені белгілі болды. Тұрақты комиссия мүшелері анықталған, айтылған жайларды талдап, шешу жолдарын қарастырып,  облыстық мәслихаттың күзгі сессиясына ұсыныстармен шығу жайлы уағадаласты. Соңынан күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Бетті дайындаған Болат АБАҒАН, Алматы облысы