Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қаншалықты дайынбыз?

Қаншалықты дайынбыз?

Нұртөре ЖҮСІП
771
Қаншалықты дайынбыз? Бас редактор бағаны

Қазан айынан бастап Қазақстанды бетке алатын меймандар қатары көбейгелі тұр. Келесі жылы өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысушылар көп ұзамай-ақ келе бастайды. Қазірдің өзінде әлемдегі 100 мемлекет осы көрмеге қатысатындықтарын мәлімдеді. Демек, бір жыл бойы біз қонақ күтуге ниеттіміз.
«ЭКСПО – 2017» Қазақстан туризмін бір көтеріп тастай­тындай-ақ жақсы шара. Ал, осыған біз қаншалықты дайынбыз?
Келетін меймандарды Ақмола және Қызылорда облыстарына апару шаралары көзделген екен. Астанада өткен Халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қоғамдық кеңестің үшінші отырысында екі облыс әкімінің орын­басарлары дайындық шараларының деңгейін баяндады. Тиісті жоспарлар бекітілген, соған сай атқарылатын жұмыстар қолға алынған. Бәрі дұрыс секілді. Әйтсе де, дайындық қағазда қатып тұрғанымен, шынайы өмірде сәл басқашалау. Таяуда ғана Бура­бай маңына жолымыз түскен. Бірден көзге ұратын нәрсе: жол жағасында көліктер тұратын арнайы орындардың жоқтығы; соның салдарынан келушілер көлігін күре жолдың бойына қаң­тарып қойған, МАИ қызметкерлері солардың нөмірлерін шеті­нен сыпырып алып жатыр; осы қолайсыздық келесі жылы да жалғаспасына кім кепіл?
Бурабай маңындағы қонақүйлердің бағасы, қызмет көрсету сервисі, ас мәзірінің тым қымбаттығы шетелді былай қойғанда қазақстандық тынығушылардың да көңілінен шықпайтыны белгілі. Бурабайға барғанша жұрттың Түркияға кеткені тыныш: мұнда жұмсалатын ақшаға Анталияның жағасында беймарал демалған әлдеқайда жақсы; жұрттың Көкшетау жақты амалдың жоқтығынан бетке алатынын елдің бәрі біледі. 
«Астана ЭКСПО – 2017» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Смағұлов Испания мемлекетінде туризм жалпы ішкі өнімнің 13 пайызын беретінін мәлімдеді. ТМД елдерінің арасында бұл бағытта Грузия оқ бойы озық тұр. Былтыр Грузияға 2 миллион мейман келген екен. Жұрттың Испанияға неге барғысы келеді? Грузия неге тар­тымды? Бірінші кезекте көретін, демалатын көрікті жерлер бар­шылық. Екінші – қызмет көрсету сервисі жақсы дамыған. Қа­зақстан туралы осылай айта аламыз ба?
Әлемнің 100-ден астам елінен келетін туристердің деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Арасында қалталы азаматтар көбірек бо­латын да шығар. Олар жағдай таңдайды. Қазақстандық туризм осы тұста бармақ шайнайтын жағдайда емес деп кім айта алады?
Айталық, шетелден келген меймандар жедел ас ішетін болып қалды делік. Олар ас мәзірін, мейрамханалар мен кафелерді интернет арқылы іздеп, тауып алуға бейімделген. Смартфон­дарын қолға алып, қажеттісін іздей бастаса не табады? Үлкен сұрақ! Мардымды ештеңе таба алмасы анық. Осы тәрізді талай нәрсе бар – қыдыру, тамақтану, демалу, тамашалау деген тұрғыда Қазақстан сайттары не ұсына алады? Сайттың бәрін қоғам­дық-саяси сипатта ашып алдық. Ал, өмірлік һәм тіршілік тұрғысын­дағы өміршең салада «құрғақ қасық ауыз жыртадының» кебін киіп отырмыз.
Қазақстанға келушілер елімізге қалтасынан қаржы тастап кетуі тиіс. Біздің «қонақжайлылық» деген қалпымыз бар. Кім келсе де жайылып жастық, иіліп төсек болуға дайын тұрамыз. Осы реттен алғанда халықаралық көрмеге келушілерді күтеміз деп алашапқын болып шапқылап, оған бюджет есебінен орасан қаржыны босқа шашамыз ба деп қауіптенемін. Жергілікті әкімдіктер «Қазақтың қонақжайлылығын» басты қағида етіп ұстап алып, келген меймандардың аяғын жерге тигізбей, аста-төк шашылуға ұмтылса қайтеміз?!.
Астана мен Бурабай бағытында келісті кең жолақты авто­мобиль жолы бар. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тасжолы Қызылордаға келген меймандарды алып жүруге қолайлы. Ал, ұшақпен ұшқысы келетіндерді қайтеміз? Қазақстанның ішкі авиатасымалының бағасы удай: Астанадан Қызылордаға ұшатын ұшақтың бағасы «ЭКСПО – 2017» кезінде арзандай ма? Бұл да үлкен мәселе.
Келушілер Қазақстанның тарихи және көрікті жерлеріне барады деп жоспарланып отыр. Жол бастаушы гидтер дайын ба осыған? Тек ағылшын тілді ғана емес, бізге қытай тілін еркін меңгерген гидтер керек-ақ. Өйткені, көрмеге келетіндердің кө­бісі осы елден болғалы тұр. Азғантай уақытта Қазақстан туралы қатырып айтып беретін, таңдайы тақылдап тұратын жол бастау­шыларды дайындай аламыз ба? Еліміздегі жоғары оқу орындары бұл мәселеге жедел араласуы тиіс. Қабілетті студенттер ара­сы­нан гид қызметін атқаратын жастар шоғырын қалыптастырып, оларды арнайы семинар-тренингтер арқылы даярлау аса ма­ңызды.
Қазақ «Қонақ аз отырып, көп сынайды» деген. Бұрын-соңды Қазақстанға мұншама көп мейман келмегені белгілі. Келетіні тағы белгілі. Оларды қалай қарсы аламыз? Қалай алып жүреміз? Қалай күтеміз? Қалай шығарып саламыз?
Осының бәрі ойландырады.