Негізгі бет  /  мақалалар  /  Батько Бакиевті қайтар!..

Батько Бакиевті қайтар!..

Айнұр Қазыкенова
1149
Батько Бакиевті қайтар!.. Қырғыз билігі біраздан бері тыншып қалған ескі мәселені тағы қозғады. Ол 2010 жылы мемлекеттік төңкеріс кезінде елден қашқан президент Құрманбек Бакиевті жасырынып жатқан Беларуссиядан кері қайтару. Бұған не түрткі болды?

Аяқ асты Бакиев кімге  қажет  болып  қалды? Әңгімемізді  сабақтамас бұрын, алдымен  мына бір  ресми  мәлімдемеге  тоқталғанды  жөн көрдік. Минск қаласында өткен  екі  жақты  кездесуде, Қырғызстан бас прокуроры Индира Жолдубаева мен оның беларустық әріптесі Александр Конюк бұрынғы президент Құрманбек Бакиевті қырғыз билігіне беру туралы мәселені талқылады  деп хабарлады centralasian.org порталы.  Жолдубаева қырғыз сотының қазір Беларусь аумағында тұратын Құрманбек Бакиев пен оның жақтастарына шығарылған үкімін еске салып өтті. Келіссөз нәтижесі хабарланған жоқ. Еске сала  кететін  жайт, Қырғызстанның құқық қорғау органдары беларустық әріптестерінен Бакиевті ұстап беруін бірнеше мәрте талап еткен. Бірақ Беларусь өз азаматтарын шетелге бермейді деп жауап қайтарған. Қырғызстанда Құрманбек Бакиевті сырттай өмір жазасына кесті. 2016 жылы 29 маусымда Жоғарғы сот оны 30 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі, өйткені қырғыз заң бойынша 60 жастан асқандарға өлім жазасы тағайындалмайды. Бірі  «бер»,  екіншісі «бермеймін»  дейтіндей Бакиев  кім еді  дегенге  келелік. Құрманбек  Бакиев 2005  жылы Қырғызстандағы  «қызғалдақ  төңкерісі»  деген атау алған   мемлекеттік  төңкеріс кезінде  Асқар  Ақаевты  биліктен  тайдырып орнына  келген  еді. Бір  қызығы 2005  жылғы төңкерісті Құрманбек  Бакиев «халықтық  төңкеріс»  деп  бағалаған. Бірақ ол  5  жыл  президенттік  тақта  отырғанда «халық адамы»  бола  алмады. Өзінің  туған-туысын  билікке  алып  келіп,  ойдағысын  істеді.  «Ақ»  дегені алғыс, «қара» дегені  қарғыс  болған  президент.  2005  жылы  Ақаевқа қалай  тор  құрып,  тақтан  кетірсе, 2010  жылы  дәл  сондай  ор өзіне қазылды. Амалсыз  бас сауғалап  Беларуссияға  қашты. Луакашенконың   мырзалығы  болар,  алдына  келген Бакиевқа   баспана берді. Паналатты. Қырғызстаннан  тек  өзі  ғана  емес,   туған-туыс, бауырлары  да  безіп  кетті. Өйткені шеруге  қарсы оқ атқандарды  халық  кешірмес  еді. Қырғыз билігі   талай  мәрте  Бакиевты  кері  қайтаруға күш салды.  Бірақ  Батько-Лукашенко  рұхсат  бермеді. Саяси баспана  сұрап  алдына  келген  адамды  ұстатып жіберуге  адамгершілігі  жібермеген  болар. Хош делік. Арада  алты жыл  өткен соң, қырғыз билігіне Бакиев  не үшін  керек  болды?Белгісіз. Дегенмен кейбір  сарапшылар «келер жылы елде  президенттік  сайлау. Беларус  жерінде  Бакиев  тыныш жатқан  жоқ.  Соған  сырттай болса да  өз  адамдарын  даярлап  жатыр. Ертең сайлауда бакиевшылар жеңіске   жетсе,ол елге батыр  болып оралуы  мүмкін. Сондықтан  билік болуы мүмкін  мұндай  жағдайдың  алдын алуы  үшін Бакиевты  тездетіп  елге алдырып, темір тордың   ішіне тоғытуға  тырысып  жатыр»  деседі. Мүмкін.

                      Айнұр  Қазыкенова