Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қытайдың қазақ өніміне қызығушылығы артты

Қытайдың қазақ өніміне қызығушылығы артты

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
803
Қытайдың қазақ өніміне қызығушылығы артты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ханчжоудағы G20 саммитіне қатысқан сапарынан кейін Қытаймен арадағы қатынас тіпті жақындай түсті.

Енді екі ел арасында тауар айналымы жиілеп, сауда жанданатын болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

Бірінші. Алдағы уақытта Қазақстан Қытайға жылына 2 мың тонна балық өнімін  экспорттауды жоспарлап отыр. Мұның себебі неде?

–Қытай xалқы Қазақстан өнімдерінің сапасын өте жоғары бағалайды. Си Цзиньпинь мырза Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткізген кездесуінде қазақстандық азық-түліктер экологиялық таза өнімдерге жататындығын және қазақстандық органикалық өнімдер қытайлар арасында жоғары сұранысқа ие екендігін атап өтті. Қазақстаннан бүгінгі таңда Қытайға экспорттай алатын өнімдердің тізімі өте үлкен. Барлық сала бойынша келіссөздер жүргізудеміз, - деді вице-министр.

 Гүлмира Исаеваның дерегіне сенсек, қазіргі уақытта балық өңдейтін 24 қазақстандық кәсіпорын өз өнімдерін Қытайға экспорттай алатын тауар өндірушілердің тізіліміне кірген. Биылғы жарты жылдың өзінде Қытай нарығына  балық өнімінің 500 тоннасы жеткізілді.  Бұл дерекпен шектелмей, қазақстандық кәсіпорындар   жылына 2 мың тонна балық өнімін Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр.

Екінші. Қазақстан астыққа бай ел. Оның үстіне егін биыл өте бітік шықты.

–Былтыр желтоқсан айында Қытай мен Қазақстан арасында астық экспортының жеңілдетілген фитосанитарлық келісімі жасалды. Бұл келісім бізге астықты жеңілдетілген талаппен экспорттауға мүмкіндік берді. Бұрын бидайды тек қаппен апару  туралы қатаң талап қойылатын. Осының арқасында Қазақстан Қытайға бағыттаған астық экспорты төрт есеге өсті. Мысалы, 2014-2015 жылдары Қазақстан астығы 110 мың тоннаға экспортталса, биыл 414 мың тоннаға жетіп үлгерді, - деді вице-министр.

Гүлмира  Исаеваның айтуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ның Ханчжоуға жасаған сапары барысында Қытай басшылығымен төрт меморандумға қол қойылды. Оның екеуі Қытай мен Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында жасалған. Оның ең бастысы - Қазақстан өндіретін ауыл шаруашылығы тауарларының Қытайға кедергісіз өткізілуінде болып отыр.

–Қазіргі уақытта біз Қытай тарапымен қазақстандық астыққа 500 мың тоннаға квота беру мәселесін талқылаудамыз. Квота астықтың Қытайға кедергісіз өтуіне рұқсат береді. Оның көлемі кейін 1 миллион тоннаға дейін жеткізіледі, - деді вице-министр.

Үшінші. Астық қана емес, қазіргі уақытта  Қытаймен құс шаруашылығы бойынша да келелі келіссөздер жүріп жатыр.

–Қытайда тауықтың сирақтары мен бастары деликатес саналады. Соған байланысты қазақстандық кәсіпорындар қосымша жабдықтаудан өтуде. Бізде қолданбайтын екінші деңгейлі өнімді Қытайға жеткізу бойынша жұмыстарды тындыруға болады. Біз жалпы өсімдік шаруашылығы саласында 30 позиция бойынша экспорттық әлеуетті қарастырып жатырмыз, - деді Г. Исаева.

Төртінші. Ара балы бойынша, ел омарташыларының  әлеуеті жылына 8 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта қазақ жағы  2 тонна бал экспорттауда. Бұл көлемді ұлғайтуға өнімді өткізетін нарықтың жоқтығы бөгет болып отыр. Егер Қытай нарығы  ашылса,, бұл  көлемді отандық  омарташылардың ұлғайтуға мүмкіндігі мол.

Бесінші.  Бұл ғана емес, жыл соңына дейін Қазақстан Қытайға 30 мың тонна соя бұршағын экспорттауды да қолға алды.

Алтыншы.  Жылқы малын да экспорттау жылына 300 мың тонна басты құрамақ.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің  Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Аxметов Қытай тарапынан Қазақстанның өніміне сұраныс алдағы жылдары арта беретінін айтты. Өз кекзегінде  Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыруға дайын.

–Қазақстан жалпы Қытайға 120 миллион долларға ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайды. Ет және өсімдік шаруашылығы дақылдарын экспорттау көлемін 2-3 есе ұлғайтуға толықтай мүмкіндік бар, - дейді Еркебұлан Аxметов.

Жетінші. Расында да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайдың Ханчжоу қаласына жасаған сапары  аясында  бүгіннен қаланған келісім болашақтың жемісі болып отыр.  Ал нәтиже қазірден бастап көзге көріне бастады. Ең бастысы, Қытай тарапы қазақстандық бренді бар өнімдерге  қызығушылығын ашық білдіре бастады.  Демек, жаңа нарықтың ашылғанына  біз қуануымыз керек.