Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өзбек билігінде қай клан күшті?

Өзбек билігінде қай клан күшті?

Айнұр Қазыкенова
1575
Өзбек билігінде қай клан күшті? Кәрімовтан кейінгі Өзбекстан қалай болмақ? Оның салып берген сара жолы жалғаса ма, әлде жаңа басшы өзгеше жол таңдай ма? Бірақ бұдан бұрын әңгіме қылатын оданда маңызды бір тақырып бар. Ол -Кәрімовтың орнын кім иеленді?

Бүгінгі  күні өзбек  халқын да, өзгені де  ойландырып  отырған   ең басты  мәселе  осы. Жарғақ құлағы жастыққа  тимей болжам  жасап  жатқан сарапшылардың   айтқандары  әр  түрлі. Алайда  олардың барлығы өзбек  билігінде   қай клан мығым  отыр, солардың  үкілеген адамы  таққа  отырады деседі. Солай  болуыда мүмкін. Өйткені    Өзбекстанда халық кімді  қолдайды, таққа  сол отырады  деген  ұғым  жоқ. Себебі   алашапандылар  мемлекеті  демократиялық  емес. Жабық   қоғам.  Едегі  жағдайды билік  тізгінін ұстап  отырған  санаулы  топ  қана  шешеді. Десек те   билік үшін талас  бұл  елде  басталып кеткен  тәрізді. Өзбекстан  қаншалықты жабық  десекте, ғаламтор бетінде ара-тұра  жылт етіп шығып  қалған  хабарлардан алшапындылар  елінде кландар арасында тартыс  басталып кеткенін байқаймыз.Ғаламтор  бетінде  «Сұрхандария  жағында бүгінгі  премьер министр Шавкат Мирзияевты  президенттікке  өткізбеу  жөнінде халық наразылық танытып жатыр-мыс»  деген  желбуаз  сыбыстарда   шығып  қалды.  Мүмкін. Өйткені Шавкат Мирзияев  президенттіктен  бірден-бір  үміткер  жан.  Қолында  билік  бар.  Артында  қаржылық  топ  бар. Әрі Самарқанда  дүниеге келген.  Сол жақтың кландары  міндетті  түрде  оны қолдары хақ. Тіпті Кәрімовты  жерлеуді, онымен  қоштастуға  келген  делегациямен  жұмыс  жүргізуді   де  өз міндетіне алды. Қытайдағы  саммиттен  соң  бірден  Самарқандқа  барып, Кәрімовтың бейітіне   дұға  бағыштаған  Ресей  президенті  Путинді  де  қарсы  алып, қысқа болсада  келіссөз жүргізген  сол. «Ресей  Өзбекстанның  сенімді серігі. Кез-келген жағдайда бізге  арқа сүйеулеріңе  болады» деген  Путиннің сөзінің астарында «Егер ресейшіл  болсаң,  тақ таласында қолдау  болады» деген  ишра  жатқаны анық.  Мұны  Шавкат Мирзияев түсінбеді  емес,  түсінді. Демек Кремльден  демеу  болатынын түсінген  ол президенттік сайлауға  беле  шеше кірісері анық. Бірақ  халық   оны «өте  қатал, кешірімсіз»  адам  деп  біледі. Сондықтан  оны өз кландары үкілеп  бәйгеге  қосқанмен  өзге  жұрт жапырылып  қолдай кетеді деу  қиын.   Алайда  билік  тізгіні қолында тұрған  ол  әкімшілдік-әміршілдік  ресурсты  пайдаланып, дегеніне  жетуі  әбден мүмкін.   Кейбір  сарапшылар  Кәрімовтың орнын  басатын бірден бір  адам  ретінде премьер  министр Шавкат Мирзияевтің бірінші  орынбасары, қаржы  саласын   басқарып  отырған  Рустам Азимовтың атын  атауда.  Ол - Ташкент облысында туған әрі Ташкент кланының өкілі. Азимов 1998 жылдан бері қаржы саласына қатысы бар лауазымды қызметтер атқарып келеді. Азимов - Мирзияевқа қарағанда күрделі әрі сыртқы әлеммен қарым-қатынаста көбірек тәжірибесі бар адам. Ең жоғары лауазымды қызметтен үміті бар үшінші кісі – Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 72 жастағы басшысы Рустам Иноятов. Бұл қызметті 1995 жылдан бері атқарып келе жатқан ол Ташкент кланының өкілі саналады. Иноятовтың 70-тен асқанын ескерсек, оның президент бола қоюы екіталай, алайда оған өтпелі тұлға рөлі берілуі де мүмкін. Иә, мұның бәрі Кәрімовтан  кейінгі Өзбекстан  қандай  болады деп  бұл  елдің қазіргі  жағдайына  көз тігіп отырған   сарапшылардың пікірі. Тақ  таласындағы   тартыс   аяқ асты  өзгеріп  кетуіде мүмкін. Өйткені биліктен өзбек  топырағында  отырған  кез-келген  кланның   дәмесі бар. Мәселен елдегі  додаға  қатыспай,  қарақалпақ, қашқандария, сұрхандария, хорезім, бұқар  және фергана  кландары  бос жатады деу  мүмкін емес. Дегенмен  негізгі  тартыс Сарамқанд  және Ташкент  кландарының арасында   өтуі тиіс. Өйткені  сарапшылардың басым көпшілігі   осыны  меңзейді. Ал Кәрімовтың  бақи  болуымен оның әулеті бақилыққа  биліктен  шеттетілді деуге  болады. 

                                               Айнұр Қазыкенова