Негізгі бет  /  мақалалар  /  G20 саммиті: Қытай кімнің дос екенін көрсетті...

G20 саммиті: Қытай кімнің дос екенін көрсетті...

Айқын-ақпарат
1469
G20 саммиті: Қытай кімнің дос екенін көрсетті... Қытайдың Ханчжоу қаласындағы G20 саммиті аяқталды. Қазақстан ірі державалардың аталған клубына кірмесе де, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы жолы ҚХР төрағасы Си Цзиньпиньнің арнайы шақыруымен әлемдік «элитаның» басқосуына қатысып қайтты.

Құрметті қонақ ретінде қатысып қана қоймай, еліміздің жаһандық проблемаларға қатысты ұстанымын тағы бір мәрте жариялап, ұтымды ұсыныстарды талқыға салды. Қазақстан басшысын G20 саммитіне шақырудың негізгі себебі де сол, бүгінде аталған ұстыныстар дамушы мемлекеттер үшін ғана емес, ірі державалар үшін де өзекті болып тұр. Әлбетте, әлемнің кіл мықтылары жиналатын ондай жиындарда президенттердің жеке қарым-қатынасы жіті бақылауда болады. Себебі оның бәрі елдер арасындағы байланыстарды анықтап, әрбір елдің беделін көрсетіп тұрады. Baq.kz тілшісі Н.Назарбаев қатысқан G20 саммиті арқылы ірі державалар арасындағы Қазақстанның орнын бағамдап көрді. Сондай-ақ біз саммит кезіндегі саяси астары бар кейбір сәттерді келтіргенді жөн көрдік.

 

Қытайға тауардың жаңа түрлерін жеткізуге дайын болу қажет

Қытайға барған бойда Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ҚХР төрағасы Си Цзиньпинь қарсы алып, қазақстандық делегациямен кеңейтілген құрамда кездесті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қытай біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне қызығушылық пен мүдделілік танытып отыр. Бірлескен кәсіпорындардың құрылысы соның бір айғағы болса керек. Бұдан бөлек, көлік-коммуникация саласындағы ортақ жобалар жалғаса береді. Қазақастаннан қытай жеріне тасымалданатын мұнайдың көлемі де артатын болады.

«Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді», - дейді Н.Назарбаев.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнім өндірушілері болса, Қытайға тауардың жаңа түрлерін тасымалдауға дайын болуы қажет. Себебі екі жақ асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс өнімдерін жеткізу бойынша бір келісімге келді.

«Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс, – деп атап көрсетті Президент сапар қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.

Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сол кезде екі елдің президенттері пысықтап алған мәселелер үкімет деңгейінде талқыланатын болады.

«VIP» клубтың барлық мүшелеріне өз көзқарасымызды жеткізе білдік

Ал G20 саммитінің бірінші сессиясында сөз сөйлеген Н.Назарбаев әлемдік экономиканың, сауда мен капитал қозғалысының баяулап келе жатқанын ерекше атап өтті. Себебі соның салдарынан миллиондаған адамның әл-ауқаты төмендеп жатыр. Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі әлсіреп отыр. Өйткені жаңадан құрылып жатқан трансқұрылықтық жаңа сауда-инвестициялық бірлестіктер жаһандық экономикадағы ықпалын күшейтуде.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ойынша, экономиканы және қаржыны халықаралық тұрғыдан реттеудегі басты рөлді біртұтас жаһандық ұйым атқаруы тиіс.

«Ондай құрылымды Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру арқылы қалыптастыруға болады. Оған Жаһандық экономикалық реттеуші функциялары жүктелуі керек», - деп атап көрсетті Президент. Ал G-Global ақпараттық-коммуникативтік жүйені G20 мен дамушы мемлекеттер арасындағы диалог алаңы ретінде пайдалануды ұсынды.

Саммит аясында Н.Назарбаев «G20» атты «элиталық» клубтың барлық мүшелерімен кездесті. Олардың ішінде АҚШ президенті Барак Обама, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер, Ұлабритания премьер-министрі Тереза Мэй, Канаданың премьер-министрі Джастин Трюдо, Түркия президенті Тайып Ердоған, Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин, Франция басшысы Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Корея президенті Пак Кын Хемен, Оңтүстік Африка Республикасының басшысы Джейкоб Зумамен, Мысыр президенті Абдул-Фаттах Халил Ас-Сиси, Сенегал басшысы Маки Салл, Аргентина президенті Маурисио Макри, Испанияның премьер-министрі Мариано Рахой, Италияның премьер-министрі Матео Ренци, Үндістанның премьер-министрі Нарендра Дамодардас Моди, Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің төрағасы Марк Карни және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының басшысы Анхель Гурриа бар.

«Жер шары тұрғандарының 70 пайызын және әлемдік экономиканың жартысын құрайтын мемлекеттердің басшылары бас қосатын осындай ірі іс-шараға қатысу – Қазақстан үшін зор мәртебе. Мұнда жаһандық экономика мен саясаттың салмақты мәселелері талқыланады, ірі өңірлік және әлемдік мәселелер, соның ішінде қауіпсіздікке қатысты мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар әзірленеді. Бірінші сессияда сөз сөйлеген кезде мен осы барлық мәселелер жөніндегі Қазақстанның көзқарасын ұсындым. Саммиттегі пікірсайыс барысында ғаламның тынысын сезініп, әлемнің дамыған және дамушы елдерін алаңдатқан проблемаларын ұғынасың. Қазақстанға да осында көтерілген мәселелерді ескеріп, онымен алдын ала айналысуы керек», - деді Н.Назарбаев отандық бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Осы орайда Президент қыркүйектің 9-ы күні өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу, дағдарыспен күрестен экономикалық өсімге көшу сияқты мәселелердің талқыланатын жеткізді.

Айдаһар, Аю мен Барыс...

Әлбетте, G20 саммиті сияқты үлкен шараларда бұқаралық ақпарат құралдары президенттердің жеке қарым-қатынасына баса назар аударады. Себебі ондай қарым-қатынастың саяси астары да бар. Мәселен, АҚШ президенті Барак Обама келгенде бұқаралық ақпарат құралдарында «оның ұшағына қызыл кілем төселген трап берілмей қалды, соның салдарынан ол өз ұшағының қосымша есігінен шығуға мәжбүр болды» деген әңгіме тарады. Алайда олай емес болып шықты. Бәлкім, АҚШ басшысы ол әрекеті арқылы қытай-американ қарым-қатынасының суып кеткенін көрсеткісі келген болар. Дегенмен, Қытайдың сыртқы істер министрлігі осы болжамды да жоққа шығарды.

«Біз саммитке келген барлық мемлекет басшыларына трап ұсындық. Алайда американдық қонақтар трап жүргізушісінің ағылшын тілін білмейтініне арызданып, қауіпсіздік инструкцияларын түсінбей қалады деп шықты. Қытай өз тарапынан оның жанына аудармашыны отырғызуды ұсынды. АҚШ ол ұсыныстан да бас тартып, трапты қажет етпейтіндерін жеткізді», - делінген көрші елдің сырқы істер министрлігінің ресми хабарламасында.

Сөйтіп, АҚШ басшысы Барак Обама «американдық» қауіпсіздік инструкциясын ұстанып, ұшақтың қосымша есігі арқылы шықты. Оның себебін өз халқына жеткізсе де, АҚШ пен Қытайдың миллиардтаған халқының ойын сан-саққа жүгіртті.

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Обама қосымша есіктен түскеннен кейін оның кеңесшісі мен қытайлық хаттама өкілінің арасында жанжал туындады. Барак Обаманың кеңесшісі: «Президент – американдық азамат, сондықтан АҚШ өз көшбасшысы үшін өз ережелерін енгізеді», - деп шап бергенде қытайлық дипломат оған: «Бұл – біздің ел, біздің әуежай», - деп қысқа ғана жауап берген көрінеді.

АҚШ пен Қытай екі жақтың қарым-қатынасы еш суымады деп мәлімдесе де, қытайлық бұқаралық ақпарат құралдары Барак Обамаға деген өз наразылығын көрсетті. G20 саммиті кезінде қытайлық телеарналар АҚШ президентін бірде-бір рет көрсетпеді. Қытайлықтар Путинді қолдайтындарын ашық көрсетті. ҚХР төрағасы да Ресей басшысын қасынан қалдырмай жүрді. Дегенмен, Владимир Путин де орынсыз бір жағдайға тап болды.

Ұлыбританияның жаңадан сайланған премьер-министрі Тереза Мэймен кездескен кезде Мэй ханым оған өз қолын бермеді. Хаттама бойынша екі елдің басшылары алдымен қол алысып, фотоға түсуі тиіс. Ұлыбритания премьер-министрі олай істеген жоқ. Ол бірден орындығына жайғасты. Бірақ Владимир Путин сасқан жоқ. РФ президенті сыпайы түрде қолын созып, хаттама бойынша фотоға түсу қажеттігін көрсетті. Дегенмен, Путин британдық шенеуніктің бұл әрекетіне еш ренжімеген тәрізді. Себебі қазіргі қызметке жақында ғана тағайындалған Тереза Мэй асығыста хаттама талаптарын ұмытып кетуі әбден мүмкін.

Бұқаралық ақпарат құралдары саммит кезіндегі тағы бір саяси астары бар оқиғаны байқап қалды. Шараның ашылу салтанаты кезінде барлық президенттер фотоға түсті. Сол кезде В.Путин мен Б.Обама қол алысқан жоқ.

Журналистердің назарына іліккен тағы бәр жәйт, Ресей басшысы саммит қожайыны – ҚХР төрағасы Си Цзиньпиньге ешкімге ұқсамайтын бір сый жасады. Ол сыйы – бір қорап балмұздақ. Сөйтсе, С.Цзиньпинь Ресейге барған сайын ол балмұздақты алып, жұбайы екеуі жейтін көрінеді. В.Путин тура сол балмұздақтың бір қорабын апарып берді.

Осылайша, биылғы G20 саммитінің төрағасы – Қытай аталған шара арқылы өзін және өз одақтастарын ашық көрсетті. Олардың арасында Орталық Азияның көшбасшысы – Қазақстанның да абыроймен жүргені қуантады.

Фото: Ақорда, Reuters, Youtube.com, nur-az.com

 
Арман АСҚАРОВ