Басты  /  мақалалар  /  Қалдыбай ӘБЕНОВ, режиссер: Балаларымның жүрегінде батыр кейпінде қалғым келеді

Қалдыбай ӘБЕНОВ, режиссер: Балаларымның жүрегінде батыр кейпінде қалғым келеді

Кәмшат ТАСБОЛАТ
6579
 Қалдыбай ӘБЕНОВ, режиссер: Балаларымның жүрегінде батыр кейпінде қалғым келеді Таудың етегінде, кілең жаңадан салынған заманауи көпқабатты үйлер мен жекежайлардың арасында кеңестік заманда салынған сұрықсыз ғимарат тұр.

Бұл Ішкі істер министрлігінің госпиталі. Оған бір аптадан астам уақыт бұрын «Аллажар» фильмінің режиссері, сценарисі Қалдыбай Әбенов жылына бір келетін портал арқылы жатқызылған еді. Желтоқсанға қатысқан ұлтжанды азамат Ерлан Декелбаевтың әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін ел сыйлайтын Қалдыбай ағамыздың жағдайын білу үшін бірден ауруханаға тартқан едік. Шынын айтсақ, атағы дардай, елді қорғайтын кілең әскери азаматтар жататын аурухананың жай-күйін көріп жүрегіміз ауырды. Қалдыбай ағамыз жатқан палатаның едені сырылып, жиһаздары әбден тозып кеткен. Терезелерінен жел улейді. Батыр ағамызға әбден жыртылып, тоз-тозы шыққан жастық пен көрпе-төсек беріліпті. Дәліздегі тоңазытқыштың ішін тот басқан. Дәлізде жарық жоқ, қап-қараңғы. 

1986 жылғы Желтоқсан көте­рі­лісін бүкпесіз көрсеткен тарихи кадрлардың жойылып кетпеуі үшін оларды бірде жертөледе, бірде үй шатырында тығып келіп, 1988 жылдан бастап «Аллажар» фильмін түсіре бастаған, ал 1989 жылы «Жел­тоқсан» ұйымын құрған «Қа­зақфильм» киностудиясының бел­гілі режиссері Қалдыбай Әбеновтiң қазаққа сіңген еңбегі зор. Мұндай ардагерлерді басқа елдерде басына көтеріп сыйлары хақ. Ал өнер май­талманы Қалдыбай Әбеновтiң 
еш­қандай да мемлекеттік атақ-дәрежесі жоқ екен. Ешқандай жеңіл­діктер де, әлеуметтік қызмет­керлердің көмегі де қарастырыл­маған. Көзімізге жас үйірілсе де, сыр білдірмеуге тырысып: «Қал­ды­бай аға-ау, жағдайыңыз қалай?» де­дік. 
– Жағдайды көріп тұрсың ғой. Осы­дан 5 жыл бұрын инфаркт пен ин­сультті қатар алдым, – деп бас­тады өз сөзін режиссер: – 2010 жыл­­дан бастап 40 жыл Самар­қан­ның әмірі болған Жалаңтөс Баһадүр туралы кино түсіре бастағанмын. Киностудия басшылығы 100 мың дол­лар бөлді, бірақ жартысы талан-таражға түскен сияқты. Ал 50 000 долларға не түсіресің? Тарихи ки­ноға киім, каскадер, грим керек. Кас­кадерлар сағатына 5000 теңге сұрайды, оны қайдан табамыз? Каскадер жоқ, ат жоқ, аттың үстінде шабатын адам жоқ. Осының бәрі жаныма батып, құладым ғой. 
– Дәрігерлер не дейді? 
– Олар ештеңе де білмейді. Бая­ғы 5 жыл бұрын қойған диагнозы мен жазып берген дәрілері бар. Қай­та өзім алып жүрген дәрілер кө­бірек көмектеседі. Дәрігерлер «миың ашып кеткен, миыңды жөн­дет» дейді. «Еміме көмек­те­сіңіз­дер­ші» десем, үндемейді. Бізде ме­дици­на өте нашар. Бұл ауруханаға түс­келі бері емдейтін дәрігерім бір­де-бір рет палатама кірген жоқ. Мед­бикелер келіп система, укол са­лып, дәрілерін беріп кетеді. «Бая­ғы жартас – бір жартас». Денсау­лы­ғым нашар. Күнде Алла Тағаладан жалбарына сұраймын: «Я, Алла, төсек тартып жатқызба! Алатын болсаң, жүріп келе жатқанымда алып кет!» деймін. Қаныбек Қа­сым­беков деген ағамның 7 жыл бойы төсек тартып жатқанын көр­дім. Отбасы әбден қиналып кетті. Құдай ондайдан сақтасын. 
Ауруханада да құр жатқан жоқ­пын. Қазір Нұрбике Бексұлтанқызы деген шәкіртіммен «Аллажар» тағ­дыры» деген кітап жазып жатырмыз. Онда Желтоқсан көтерілісі туралы бәрі ашық жазылады. Бәрін қазір айтып кетпесем, ертең шындықты кім айтады? Қасымда әлі күнге дейін Ерекең (Ерлан Декелбаев) жүр. Желтоқсаншылар бір-бірімізге демеуміз, тіреуміз. Ерекең 1986- жылы таяқ жеген, ал мен 86-дан бері кинода таяқ жеп келе жатыр­мын. Кинематография одағының бас­шылығына қазақтың өнері, ру­хани құндылықтары керек емес. Ақиқат пен шындық керек емес! Олар­ға жеңіл ән-күй болса болды... Қазақтың қазіргі киноларын көріп жатырсыңдар ғой. Талғам жоқ, драматургия жоқ, режиссура жоқ, актерлары актер емес! Біз сияқты кәсіби режиссерлардың барлығын шеттетті.
– Дәрі-дәрмекке қаржыңыз жете ме?
– Зейнетақы аламын. Бірінші топ­тағы мүгедекпін. Оның да мү­ге­дек деген аты ғана, басқа ешқандай да пайдасы жоқ... Адам ауырған сайын, жаны көзіне көрінген сайын қиналады екенсің. Телеарналардан журналистер келгісі келеді. Мен оларға: «Айналайындар, менің түрім быт-шыт, мені түсірмеңдер» деп өтінемін. 
– Қалдыбай аға, «Аллажар» филь­­мін үлкен экранға шығару мәсе­лесі әлі күнге дейін қиын боп тұр ма? 
– Бұл мәселе әлі күнге дейін ше­шілген жоқ. Өткенде маған әкім­діктен телефон шалды: «Алла­жар­ды» қысқартып берейік» дейді. «Қыс­қартатын болсаңдар, бермең­дер. Несін қысқартасыңдар? «Алла­жар» – осы күнге дейін өзін дәлел­деген фильм. Ол халықтың көзайы­мына айналып, елдің жүрегінен шық­қан кино. Күшім бар, денсау­лы­ғым жақсы кездері бұл фильмді көр­сеткенімде, залға ха­лық лық то­латын. Қысқартпай, екі сериялы етіп көрсетуге болады ғой. Кім бі­леді, қалай берерін...
– Осыдан бірер жыл бұрын ми­нистр Арыстанбек Мұхаме­диұлы­на журналистер тарапынан көзі тірі кезінде Герольд Бельгер мен сіздің денсаулығыңызға байланысты сауал қойылған екен. Ол кісі мә­де­ниет са­ласының майталмандарына көмек көрсетілетінін жеткізіпті. Сол көмек көрсетілді ме?
– Ешкім де хабарласқан да жоқ, келген де жоқ. Ешқандай кө­мек көр­сетілген де жоқ. Бәрі өті­рік, бос сөз. Марқұм Гер-ағамыз дү­ниеден озып кетті. Менен де со­лай құты­ла­мыз деп ойлайтын шы­ғар. Олардың өкінішіне қарай, әлі құтыла алмай жатыр. «Қазақфильм» киносту­дия­сына миллиардтаған қар­жы ша­шы­лып жатыр. Солар әрең дегенде маған көмек ретінде 50 000 теңгені жинап берді. Сергей Бодров деген Ресейдің режиссерына қаншама мил­лион доллар төкті. «Махамбет» фи­льміне қаншама қаржы ша­шыл­ды. Ал мен Махамбет Өтемісұлы ту­ралы үздік сценарий жа­зып, мем­лекеттік байқауда жең­ген адаммын. Маған 200 доллар бер­ді! Сергей Бод­ров «Махамбет» фильмін тү­сіруге жеткенше 500 000 дол­ларды, кеткенше 500 000 дол­ларды алып кеткенін естідік. Қанша ақша желге ұшып жатыр, ал нағыз өнер адам­дарының жағдайы, міне, осындай... 
– Өнерге келгеніңізге өкінесіз бе?
–­ Жоқ. Құдай ондайдан сақта­сын. Құдай қайта өмір берсе, қай­та­дан Желтоқсанның қасында жү­рер едім, қайтадан «Аллажарды» түсі­рер едім. Ешнәрсеге өкінбеймін. Бір ғана өкінішім – халқыма көпте­ген тарихи жағдайларды жеткізе алмауым. «Түркілер» деп аталатын сценариім бар. 750-жылдары Талас-Атлах шайқасы болды. Біздің ба­баларымыз 50 мың әскерімен 250 мың қытайдың әскерін қазақтың да­ласынан қуып шығады. 
Оның үстіне, «Аллажардың» жал­ғасы түсірілуі керек. «Ал­ла­жар­ға» түспей қалған 60 сағаттық ма­те­риал бар. Мұның бәрі қандай та­рих?! «Аллажар» фильмін 1988 жыл­дан бері түсіріп келе жатырмын. КГБ, МВД, ЦК КПСС-тің бәрі ке­зінде мені қудалаған. Солардың қы­­сымына қарамастан түсірдім. Мұның бәрі «Аллажар» тағдыры» кітабында айтылады. 
– Сіз Желтоқсанның бүкіл қай­ғы-қасіретін жүрегіңізден өткіздіңіз. Жел­тоқсаншылар 157-ден астам адам­ның қаза тапқанын көтеріп жүр...
– Мен 1989 жылы Батыс ма­за­рын­да терең қа­зылған траншеяны өз көзіммен көр­дім. 90-жылдардың басында оны құртты. 800 метр­ге дейін кететін траншея болды. Ені 2-3 метр­ден асады. Сұмдық! Қаншама  адамдар жатыр онда... 1989 жылы сол мазардың дирек­торы, ұлты неміс азаматпен кездес­тім. Ол кісі 1985 жылдан бастап сон­да жұмыс істеген. Мен оған: «Мы­на тран­шея­да жатқандар 1986 жы­лы шейіт бол­ғандар ма?» деп сұра­дым. Ол: «Не знаю» деді. «1986-1989 жылдар арасында түрмеде ату жа­засына кесілгендер жерленді ме бұл жерге?» дедім. Ол: «Жоқ» деді. «Төрт жыл­дың ішінде ауру-сырқау­дан, ін­дет­тен кеткендер жерленді ме бұл жер­­ге?» дедім, ол: «Жоқ» де­ді. «Ал бұл траншея қашан пайда бол­ды?» дегенімде, ол маған: «1986 жыл­дың желтоқсанында» деп жауап берді. «Желтоқсанға қатысқандар жа­тыр ма?» десем, «жоқ» дейді. Сонда мен операторыма: «Камера мен микрофонды өшір» деп, дыбыс режиссері екеуін ар жаққа жібердім. Әлгі кісіге: «Микрофон, камерам жоқ. Шындығыңды айт» дегенімде, Батыс мазарының директоры: «Сіз үлкен қателік жібердіңіз. Сіз мазар­да істейтін кісілерге бір жәшік арақ­пен келсеңіз, олар сізге желтоқсанда болған оқиғалар туралы бар шын­дықты айтқанында, сіздің төбе ша­шыңыз тік тұратын еді» деді. Бірақ бұл сөздер микрофонға жа­зылған жоқ. Бірақ, бұл – шындық. Оны естіген мен бармын ғой! 
1990-жылдары Желтоқсанның штабында отырдық. Сонда бізге екі қазақтың жігіті келіп: «Сендер бұл жерде неғып отырсыңдар, анау жақ­та траншеяны құртып жатыр» деп, шыр-пыр болды. Сөйтсе, Ал­ма­тыдағы барлық үй-күйсіз жүрген «бомждарды» жинап, қаздырып тастаған. Ол жаққа барайын десек, көлік таба алмадық. Күн жылыға­сын барсақ, ол жерде ешнәрсе жоқ. 1991 жылы Тәуелсіздік келген кезде КГБ, ЦК КПСС, МВД өздері жаса­ған қылмыстық әрекеттерінің із­дерін қалдырмай кетті. Желтоқсанға байланысты көптеген фактілер әлі айтылған жоқ. Соның бәрін жүре­гің­де жинала берген соң шар­шай­сың. Шындықты айта алмаған соң қиналасың. Ал қаншама желтоқ­сан­дықтар өмірден кетті. Аманжол Нәлібаев, Құрбанбай Халмұратов, Тө­леген Әлжанов, т.б. арамызда жоқ. 
– 30 жылда ашылмаған шындық­тың күндердің бір күні ашылатынына үмітіңіз бар ма?
– Ол үшін билікке ұлтым, хал­қым дейтін, қазақтың намысы бар азаматтары келуі керек. Халықтың көз жасын, ақиқатты көрсету керек. Тіл мәселесі айта-айта жауыр бол­ды. Өз тілімізді меңгермей жатып, үш тіл деген бәлені шығардық. Шын­дық айтылмайды емес, айты­лып жатыр. Мұхтар Шаханов аға­мыз қай жерде болмасын, шындық­ты айтып жүр. Хасен Қожахметов ағамыз, Ерлан Декелбаев шын­дық­ты айтып жүр. Шындықты айта-айта осындай халге түстім. Қасірет кеудемізді қысып жатыр. Ондай қа­сірет әр қазақтың бойында бар. Одан ешқайда да кете алмайды екен­сің. 
– Отбасыңыз көмектесіп тұра ма?
– Шынын айтайын, әйел адамы жоқшылыққа шыдай алмайды ғой. Мен алты рет үйлендім. Алты әйе­лім­нен алты балам бар. Үш ұл, үш қыз. Ешқайсысына өкпем жоқ. Құ­дайға шүкір, балаларым өсіп, өз­дерімен-өздері жүріп жатқанына қуанамын. Мына күйімді, тағдыр мен қасірет иілткен хәлімді бала­ларым көрмей-ақ қойсын деймін. Ауруханаға оларды келтірмеуге ты­ры­самын. 
Ерекеңдер менің талай ерлігімді көрді, олар кімдермен алысқаным­ды біледі. Ал кішкентай балалар оны қайдан білсін? Әкеміз батыр деп ойлап жүрсін деймін. Бала­ла­рым­ның жүрегінде батыр кейпінде қалғым келеді. Ешқайсысына өк­пем жоқ. Олардың аз уақыт болса да, қасымда болғанына Құдайға ри­замын. 
– Алла жар болғай сізге, аға! Әңгімеңізге рақмет. 

 

                 Госпитальдан көріністер

 

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ