Негізгі бет  /  мақалалар  /  Отандық өнім – келешекке сенім

Отандық өнім – келешекке сенім

Айхан ШӘРІП
904
Отандық өнім – келешекке сенім Астанада жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өңірлік іріктеу сыны өтті.

Елордалық байқауда эксперт­тік комиссия «өндірістік мақ­саттағы үздік тауарлар», «халыққа арналған үздік тауарлар» және «үздік азық-түлік тауарлары» ата­лымдары бойынша ең озық компанияларды анықтады. 

Мұның сыртында арнайы көр­меде бас қаланың мақтанышы­на айналған кәсіпорындар өз өнімдерін жұрт назарына ұсын­ды. Олардың құрамы, бейім­делген салалары әралуан бол­ды: араларында әуежайлар мен әуе­компанияларға қызмет көрсететін мұз қатуға қарсы құралдар, Made in Astana таңбалы бірегей медициналық және электрлік құрал-жабдықтар, зергерлік бұйымдар, халық көп тұтынатын жергілікті тауарлар, жиһаз түрлері, фаст-фуд өнімдері бар. 
Мысалы, елордалық «Тер­гиз+» ЖШС-ы – жол және қауіп­сіз­дік белгілерін және метал­ды конструкцияларын шы­ғару саласында еліміздегі басты өн­д­іру­шілердің бірі. Жүргін­шілер­дің қараңғылық түскенде қоз­ғалысы қарқынды тас жолдар­ды белгіленген жерден қауіпсіз кесіп өтуіне, көліктердің бұры­лысты жіберіп алмауына, жүргізу­шілердің жылдамдық шектеуін сақтауына – осы сан түрлі жа­рықдиодты белгілердің үлесі бар. Елордалық компания жыл сайын 30-40 мың белгіні бүкіл Қазақстан аумағындағы жолдарға орнатып отырады екен.
Alab Industries ЖШС болса, үскірік аяз бен ақырған боранда аспандағы «алып самұрықтар» – заманауи ұшақтардың қанатына мұз қатпай, аман-есен ұшып-қо­нуына жағдай жасайды. Аста­на­лық компания – еліміздегі әуе­жай­лар мен әуекомпаниялары ғана емес, сондай-ақ, әрбір ау­дан, қа­ла­дағы коммуналдық шаруа­шы­лықтардың көбі қолданатын мұз қатуға қарсы құралдардың, атап айт­қанда, сұйық реагенттің Қа­зақ­стандағы жалғыз өндірушісі. Кәсіп­орын жақында ғана, дә­лірек айтсақ, өткен жылы құ­рыл­ған, де­генмен, өзін жақсы қы­ры­нан көр­сете біліпті. Оның өнімі АҚШ пен Канаданың ха­лықаралық зерт­ханаларында серти­фикат­тау­дан және аккредиттеуден өтті. Бұл оған әлемдегі осындай өнім шы­­­ғаруға құқығы бар озық отыз ком­­­панияның қатарына енуіне ықпал етті. 
«Пайдалы өнім» ЖШС аста­на­лық кәсіпорны Қазақстанда өсірілген жемістер мен көкө­ніс­терді қайта өңдеудің заманауи тәсілдерін ендіруде екен. Атап айт­­қанда, компания «алма қытыр­лағын» (яблочные чипсы) шы­ғарады. Бұл өнім табада маймен еш қуырусыз, инфрақызыл кептіру әдісімен алынатын көрінеді. Бұл алмалардың барлық пайдалы және құнарлы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді екен. Отандық десерт импорттық аналогтарынан әлдеқайда тәтті әрі татымды және келер жылы «ЭКСПО-2017» көр­месінде қонақтардың дәм татуына ұсынылмақ.