Басты  /  мақалалар  /  БІР КӨШЕНІҢ БОЙЫНДАҒЫ ЕКІ ТЕАТР

БІР КӨШЕНІҢ БОЙЫНДАҒЫ ЕКІ ТЕАТР

Айқын-ақпарат
3391
БІР КӨШЕНІҢ БОЙЫНДАҒЫ ЕКІ ТЕАТР Жазғы Алматы жаңбырлы болды. Жаңбыр болғанда да сел-селін шығарып, алай-дүлей дауылымен қала жұртшылығының есін шығарды десек те болады.

Апталап жауған жаңбырлы күндердің бірінде имандылық жолмен елге сапарлап барып қайттық. Жамбыл облысының Саудакентіне қарасты Жайылма ауылындағы марқұм енемнің көрші-құрбысы Тиыштуған апаммен болған әңгіме талай жылдардан бері көрінбей кеткен осы бір актрисаны іздеуімізге себепкер болды. Бүгінде сексенге келіп қалған Тиыштуған апамыздың екі көзі де көрмей қалып, біз әзірлеген құдайы асқа келе алмады. Амандаса кірдік. «Еее, айналайындар, ата-аналарыңа Құран оқытуға келіпсіңдер, ниеттерің қабыл болсын. Маңдайдағы қос қарашық қалың қараңғылыққа ұласты. Амал жоқ, кеудеңде жаның болған соң, құлағымыз түрік әйтеуір, газет оқып, теледидар көруден қалдым. 
Анау жылдары теледидардан көп көрсетуші еді ғой, «Долана» деген фильмді, сондағы кемпір, анау әдемі кемпір көңілімнен кетпейді. Жаратылысы бөлек жан. Қалада, мәдениет пен өнердің ошағы ғой Алматы, сол актриса тірі ме? – деп бір қайырды әңгімесін.

Осы бір «жоқтау, іздеу» себеп болды ма, менің де «сол актриса қайда болды екен?» деген сұрақ мазамды алды да, Алматыға келгенше, ол кісі өмірбақи еңбек еткен Жастар театрына хабар­ласқанша асықтым. Бүгінде тоқсанға келіп қалған Тамара апай өзінің екі бөлмелі үйін немересіне беріп, үлкен қызы Жанелдің қолында тұрып жатыр екен. Есік алдында қызымен бірге күтіп алған актрисаның жүзі әлі де жарқын, екі бетінен нұр тамып қызылшырайлана әдемі күлкісімен қарсы алды.
–  Ой, айналайын, менің көрермендерім­нің қатары жыл сайын азайып келеді ғой. Тіпті жоқ десе де болады... Шынында да, ел мені кинодан білмесе, ауыл адамдары қалаға, театрға анда-мұнда болмаса келе де бермейді. Іздеп келгендеріңе, ел ішінен іздеу салып жатқанына қуаныштымын, рақмет, – деп жанарына келіп қалған жасты көрсеткісі келмей, аппақ жүзін аппақ орамалымен сүртіп қойды.
– Ел басына ауыр күн туған сонау 1928 жылдың наурыз айының 15 жұлдызында Павлодар облысының Ақсу ауданына қарасты №4 елді мекенде дүниеге келіппін. Есімді білер-білмес шағымда ашаршылық жылдары Новосібір қаласына көштік те, сол жерде бес жылдай тұрдық. Сол кезде азан шақырып қойған МәҺәрбану деген есіміме тұрғылықты халықтың тілі сынбай, Тамара атанып кетіппін. Алты жасымда анамнан, одан кейін екі жылдан соң әкемнен айырылып қалдық та, анамның қазасынан кейін елге, Семей қаласына көшіп келдік. Үлкен ағам Нұрдың тәрбие­сіне көштік. Отбасында бес ағайынды едік. Нұр үлкеніміз Отан соғысына қатысып, аман-есен келді. Қайратты кісі болатын. Бәріміздің тәлім-тәрбиеміз сол кісінің мойнында болды. Екінші ағам Аман со­ғыстан оралмады. Әпкем Зүбайра он шақты жыл болды, қайтыс болды. Екінші әпкем Зейнеп тоқсанның үстінде, жағдайы жақсы.
Солай! Бізде бақытты балалық деген болмады. Бала болып қуыршақпен ойнау, доп қуу деген біздің қатарластардың маңдайына жазылмаған бақыт болды ғой. Әке-шешемнің бет-әлпеті еміс-еміс көңілде қалғаны болмаса, анық есімде жоқ. Кішкентай күнімізден жетімдіктің тау­қыметіне ашаршылық, одан бері қанды майдан қасіреттері ғана жүректе қалып қойды. Үлкеніміз Нұрдың қолындамыз, ол кісінің жұмыс бабымен Балқаш қаласында жеті жылдай тұрдық. Мен жетіжылдық орыс мектебінде оқыдым. Сөйтіп жүргенде, соғыс басталды. Сұрапыл соғыстың зардабы ауыл-ауылды аралап кетті. Мектеп жабылды. Оқу-тоқуымыз сонымен бітті. Тұй­тақандай болсақ та, тіршілік қамына ерте кірісіп кеттік. Балқаш қаласындағы мыс қорыту зауытына жұмысқа тұрдым.
– Өнерге қалай келдіңіз? Қай жылдары бір газетке берген сұхбатыңызда «Театр жиі түсіме кіреді» депсіз...
– Менің бағым – бауырым Нұрдың соғыстан аман оралғаны болды. Мектептегі түрлі үйірмелерге қатысқаным болмаса, алдымызға қойған белгілі бір арман-мақсатымыз да жоқ. Өнерге деген құштар­лық болғанымен, оны армандау, тіпті, мүмкін еместей көрінетін. Бірақ, барлық оқушылар секілді біз де мектеп қабыр­ғасында түрлі үйірмелерге қатысып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрып, оның белсенді мүшесі болдым. Бас көтерер азаматтарын соғысқа шығарып салып, оның аман-есен оралатынына күмәнмен, көз ұшындағы бұлдыр сенім-сағыммен тірлік кешіп жатқан ауыл-ауылдағы қамкөңіл еңбек адамдарына концерт қойып, көңілдерін сәл-пәл болса да көтеруге тырысып бақтық. Керемет те емеспіз, ән айтамыз, өлең оқимыз. Қазақ ақындарының шығармаларын жаттап, әсіресе, елдің еңсесін көтеретін патриоттық жырларды оқимыз. Сөйтіп жүріп, жүректе өнерге деген құштарлық пайда болды. Ақыры 1944 жылы Алматыға келіп, киноактерлік бөліміне түстім. Нұрмұхан Жантөрин, Зәмзәгүл Шәріпова, Бәйкен Омаров сияқты қазақ өнерінің көшбасында тұрған серкелермен бір курста оқыдым. Курсты бітірген соң мәдениет басқар­ма­сының жетекшісі Ахметовтың ұсынысымен үш адамды Ташкент қаласындағы Өнер институтының актер бөліміне жіберді.
Ташкенттегі Щелковичная көшесіндегі 75 үйде Ташкент театр өнер институты орналасқан. Елуінші жылдардағы Қа­зақстан мен Орта Азия республикаларынан шыққан мықтылардың бәрі осы институт қабырғасынан дәріс алғандар. Солардың қатарында болған, театртану факультетін тәмамдаған Қалтай Мұхамеджанов төртінші курстан Мәскеуге ауысыпты. Ал Бәйтен Омаров, Тұрар Дүйсебаев, Мұрат Қосыбаев, Айдархан Ибрагимов сияқты жастар театр актері және режиссура мамандығы бойынша білім алдық. Осы жігіттердің ішінде Мұрат Қосыбаев ре­жисссерлік дарынымен, тағылым-та­нымымен ерекше көзге түсті. Ол ре­жиссурамен қатар актерлік шеберліктен де тыңғылықты білім алды. Оның атақты Е.Вах­танговтың шәкірті М.Ру­­бин­штейн­нен сабақ алуы – үлкен бақыт еді. Басқа жігіттерден бөле-жара ай­тып отырғанымды ішің сезіп отырған бо­лар, ол менің өмірлік жарым, сырлас-се­ріктес әріптесім де бола білді. Екеуміз бас қостық. Екі қыз, бір ұлды өмірге әкелдік. Тәрбиеледік. Тұңғышымыз Маржан әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің биология факультетін бітірген. Биология ғылымдарының док­торы. Өкініштісі, өмірден ерте кетті. Құ­дайға шүкір, Арман, Жәнібек, Азамат пен қызы Айнұрынан немерелерім бар. Екінші қызымыз – Жәннат. Жоғары білімді, бү­гінде өзі де ата-әже болып отырған отбасы. Қазақтың дарынды талантты жазушысы Сейітжан Омаровтың үлкен ұлы Керей екеуі Данияр, Санжар атты ұлдар тәрбиелеп өсірді. Кенжеміз – Есет еліміздің мәде­ниетін басқарды, аса білімді, зиялы азамат болып өсті. Қазір жеке кәсіппен айна­лысады. Келінім Алма екеуі Диар деген немере сыйлады. Бүгінде сегіз немере, бес шөберем бар бақытты әжемін.
– Мықты режиссермен отбасын құр­дыңыз. Екі бірдей өнер адамының бір шаңырақта топтасуы оңай емес. Өз шы­ғармашылығыңыз көлеңкеде қалып қойған жоқ па?
– Ташкенттен 1952 жылы Алматыға қайттық. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына қызметке қабылдандық. Ал 1960 жылы Мұраттың қызмет бабымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрында бес жыл қызмет атқарып келдік.
Мұрат аса талантты режиссер еді. Тұңғышы Шахмет Хұсайыновтың «Есірткен ерке» пьесасынан бастап, жауап­кершілікпен, талғампаздықпен қойылған дүниелерінің бәрі өте сәтті шыққанын сол кезде қазақтілді басылымдар шулап жазып жатты. Әсіресе, Назым Хикметтің «Әпен­десі» Жастар театрының көрермендер көзайымына, қуанышына айналғанын бүгінде көзі тірі әріптестері үнемі айтып жүреді. Амал жоқ, өмірден жас кетті.
1965 жылы Қарағанды қаласынан келген күннен бастап 1986 жылға, яғни зейнеткерлікке шыққанша, Жастар театрында жұмыс істедім. Театрмен ғана емес, Қазақ радиосынан берілетін бала­ларға арналған бағдарламаларды жүргізіп, дубляж жасауға қатыстым. Мені дубляжға әкелген марқұм Шәкен аға Айманов болатын. Алғаш «Ералаштан» бастадым ғой. А. Толстойдың «Алтын кілт» қойылы­мында алғаш рет Буратиноның рөлін ойнадым. Одан кейін «Аягөз ару» спек­таклінде – Аягөздің, «Ақбөпеде» – Ақбөпенің, «Алтын сақада» – Күнбаланың, «Ботагөзде» – Айбаланың, «Күшік күйеуде» – Биғайшаның, «Мятежде» – Зәуренің рөлдері жаныма жақын. Несін айтасың, аң-құстардан бастап, Ханшайымға дейінгі рөлдерді сомдадым. Бізде балаларға арнап жазылған, бірер аңыз-ертегілер болмаса шығармалар жоқтың қасы. Көбіне аударма дүниелер. «Біздің Ғани», «Қызыл сұң­қарлар», «Алтын сақа», «Күн мен көлеңке», «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», «Бажалар мен балдыздар», «Беу-қыздар-ай», «Қобыланды», «Құдағи келіпті», «Тергеу аяқталды», «Жәмила» сынды спектакль­дерде әже-ана рөлдерін сахналадым. Театр сахнасында елуге жуық рөлді алып шы­ғыппын. Әсіресе, драматург Қ.Саты­бал­диннің «Аягөз аруы» менің шығарма­шылығымның биік шоқтығы секілді. Пьеса өткен заманның драмалық тартыс­тарға, шынайы өмірде болған құбылыстарға жақын аңыз оқиғадан құралған. Осындай аңыз-ертегіге ұқсас элементтері болмаса, сахнадағы барлық көрініс, қимыл-әрекет реалистік тұрғыдан өрбіп, психологиялық-философиялық ойды құрайды. Жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлым­дық, әділдік пен әділетсіздік– «Аягөз арудың» негізгі өзегі. Онсыз да көркем әдеби тілмен жазылған шығарма режиссер С.Шәріповтің талғампаздығымен пьеса мазмұны одан сайын ашыла түседі. Жан-тәніммен беріле ойнаған болуым керек, әріптестерім, әсіресе, Асанәлі хабарласқан сайын, кездескен сайын «Аягөз ару» деп атайды. Өз атымды атамайды. Солардың жылы үндері мені сонау театр сахнасына деген сағынышымның отын үрлеп, жа­нымды жағымды бір сәттерге жетелейді. Өзім сан мәрте түсіп-шаққан сахна бас­палдақтары түгіл, театр ауласындағы әдемі гүлсар бақтарға дейін сағыныш!?
Шіркін, ол заман керемет еді ғой. Біздің тұстастарымыз өнерге енді ғана қадам басқан шақ. Алдымыздағы толқынға қызыға, қызғана, тамсана іздеп жүріп көретін, тамашалайтынбыз. Бір көшенің бойында екі театр. Коммунист проспектісі мен Калинин көшесінің бойы спектакль күндері аяқ алып жүре алмастай. Қарсы беттегі опера театрынан Күләш, Шара бастаған керім актрисаларды көру үшін-ақ ел жиналады. Сылаң қағып, әдемі күлкімен сән-салтанаты жарасып қатар шыға келгенде, өзіміз де есіміз ауып, қызыға қарайтынбыз. Ол заман өнердің шоқтығы биіктеп, жұлдыздары жарқырап, айы оңынан туып тұрған кез еді...
Әрине, театрды, театр сахнасын сағын­байтын актер түгілі, көрермен де жоқ шы­ғар. Өнер – халықтікі. Ал сол өнерді халық арасында насихаттау, артық-ауыс жерін тегістеп халыққа ұсынатын режиссер де­сек, ол, әрине, артистердің еңбегімен, қажыр-қайратымен тұтас дүние болып шықпай ма?! Әркім өзінше таланттымын десе де, оның тағдырын шешетін де, кесетін де –режиссер. Талай жылдар сахнада жүріп, бірде-бір бас кейіпкерді сомдау бақыты бұйырмағандар да бар­шылық. Бұл өнер адамы үшін үлкен қасірет дер едім. Ал кейде басты рөлдерді ғана ойнап жүріп, бір күнде оның бәрінен айырылып қалуға да болады. Ондай артист халық есінде де ұзақ қала алмайды. Бірте-бірте ұмытылады. Сондықтан, жасы­ратын түгі жоқ, мың жерден дарынды болсаң да тағдырың тек режиссерге байланысты. Кез келген актер-актриса үшін басты кейіп­керді сахналау арман. Кейде режиссердің артистерге көзқарасы әртүрлі болады. Ондай қысымды мен де бастан кешірдім. Сезіндім. Жаным ауырды. Қараңғы қапаста қалғандай, шарасыз­дықтың соңы театрдан кетумен аяқталды. Қазақ мәдениеті, әсіресе, театр өнерінде Сацтың еңбегі зор еді, оны да сыйдырмадық. Режиссерлігін былай қойғанда керемет актриса еді. 
Сондықтан өнерде анау айтқандай керемет сілкініс жасамасам да, өмірімді қазақ өнеріне арнағаным ақиқат. Өнерден қол үздім деп айта алмаймын. Үнемі қадағалап, құлағымды түріп отырамын. Елжіреп, еміреніп отырамын. Сөз басында Тиыштуған замандасым айтқандай, мені көбіне театрдан ғөрі, киноға көбірек түскендіктен болар, сол кино арқылы жақсы білетін болар.
– Кино демекші, «Қазақфильмде», әсіресе, Ресейдің біраз киносына түскеніңізді білеміз. 
– Алғаш түскен фильмім – 1969 жылы режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Балалық шаққа саяхатында» Әспет деген ананың рөлін ойнадым. Осы рөл кинодағы жолымды ашты десем де болады, содан бастап, киноға түсуге шақырулар көбейді. Әсіресе, әңгіме басында айтылған, ауыл көрермені сағынып жүрген «Долана» фильмі, тіпті ерекше. 1977 жылы режиссер М.Омаровтың түсірген бұл фильмінде Райхан образы жүрекке жақын, жылы кейіпкер. Сондай-ақ, «Құрақ көрпеде»– әже (режиссері Р.Әбдірашев), С.Тәуе­келевтің «Исатай-Махамбет» туындысында Исатайдың анасын, еліміздің тәуелсіз­дігімен келген жаңалық – көпсериялы телефильмдердің бірі – «Арман қалада» әже рөлдерін, «Жаным», «Астана махаб­батым менің», «Шоқ пен Шер», «Күсен-Күсеке», «Нан мен тұз», «Жамбылдың жастық шағы», «Өрнек», «Өгей әке», «Шаңырақ» секілді бас-аяғы отыздан астам фильмге түсіппін.
Кинематографистер одағының мү­шесімін, сирек те болса бас қосып тұрамыз. Түрлі ұйымдастырылып жатқан шара­ларына шақырып, ақыл-кеңес сұрап жатады. Өзімнен кейінгілердің, ізімнен ерген, өкше басып қалған актер-актри­салармен де хабар үзген жоқпын. Нүкетай, Зәмзәгүлдер жиі телефон шалып жатады. Асанәлі, Сәбиттер жиі болмаса да, жағдай сұрасып тұрады. Олардың «Аягөз ару, калайсыз?» дегендері әжептәуір көңіл күй сыйлап, жанымды жадыратады. Көз көргендер аман болсын деген тілекпен таңды атырып, күнді батырып жүріп жат­қан жағдай бар, қарағым. Жастар театрынан хабар үзілген емес. Газет ұжымына да берер батам сол, амандыққа ештеңе жетпейді, деннің саулығын берсін,– деп әңгімесін түйіндеген Аягөз–Тамара әже «енді не сұрайсыңдар?» дегендей әдемі жымиып бізге мейірлене қарады. «Сыры кетсе де, сыны кетпеген» актрисамен қоштасып тұрып біздің ойымызға белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбайұлының мына бір пікірі келді: «...Аягөзді» Тамара Қосыбаева өзінің шынайы махаббатын, адамгершілік ар-намысты өте бағалай білетін, байдың дәулетіне қызықпайтын, ханның зорлық-зомбылығына жастық жігермен, қайсарлығымен қарсы тұра білетін, қандай қиын жағдайдан да шыға алатын сұлу да ақылды қыз етіп шебер бейнелейді. Спектакльдегі Аягөз-Тамара жалпы, қазақ қыздарына тән сұлулық, тәкаппарлық, қайсарлығы мен ақылы теңескен, жинақталған образ десек те болады...»
Алматы түні тағы да жылап тұрды... Өткенді сағынған қария-актриса терезеден қол бұлғап, ақбас Алатауға жүзін бұрып әкетті. Бәлкім, өзегін өртеген сағынышқа қозғау салған болармыз, бәлкім, жанарын тұмшалаған ыстық жасты көрсеткісі келмеген болар... Бәлкім, актрисаның өз сөзі­мен айтар болсақ, сахналас-әріптес­терінен болмаса, қарапайым қазақи көрер­мендері азайып бара жатқаны, зымыран-жылдардың елесіне ерік беріп бір сәт босаңсығаны болар...

Сұхбаттасқан
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ