Басты  /  мақалалар  /  Болашақ ұрпақты күй өнері арқылы тәрбиелеуге болады

Болашақ ұрпақты күй өнері арқылы тәрбиелеуге болады

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
2660
Болашақ ұрпақты күй өнері арқылы тәрбиелеуге болады Ерболат МҰСТАФАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші:

Ерболат Мұстафаев – республикалық, халықаралық конкурстың лауреаты. Шет мемлекеттің 25 сахнасында күй өнерін дәріптеген.
Репертуарында 250-ден астам күй бар. Оның 80-нен астамы Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылған. Отыздан астам шәкірттері түрлі өнер ұжымдарында еңбек етеді. 

– Қызылорда қаласындағы Қа­зан­ғап атындағы музыкалық кол­леджде 20 жыл жұмыс істеп, Ал­ма­тыға қоныс аударғаныма 3-4 жыл­дың жүзі болды. Мен үшін бөтен жер емес, оған дейін он жыл тұрып кеткенмін. 1982 жылы кон­серва­то­рия­ға түсіп, осында жо­ғары білім ал­дым. Кейін әкем ауырып, оның үс­тіне ел-жұртты сағынып, кері оралуыма тура келді. Мұнда келген соң Абай атындағы Қазақ Ұлттық пе­дагогикалық университетінің му­зыкалық факультетіне және Ах­мет Жұбанов атындағы Республ­и­ка­лық Дарынды балаларға арналған му­зыкалық мектеп-интернатқа жұ­мысқа орналастым. Сол жылы Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері атағын алдым. Бұл марапат ме­нің маңдайыма жайдан-жай бұйы­ра салған жоқ. Алматылық атан­ғаннан кейін Сыр өңіріндегі маң­дай терім ұмыт қалып, жаңадан із­деністер жасауым керек, шығар­ма­шылығымды жаңадан бастауым қажет деп ойлап жүргенмін. Құдай­ға шүкір, менің өнерімді баға­лай­тын ­тыңдарманның қолдауымен ха­лықтың алдына шығып, өнерімді дәріптеп келемін. Бірнеше мәрте «Телқоңыр» бағдарламасына, «Әң­гіменің ашығы» хабарына, Алматы арнасының «Інжу-маржан» хаба­ры­на үш рет қатыстым. Арасында Қа­зақ радиосына сұхбат беріп тұра­мын. А.Жұбанов мектебінің 50 жыл­дығына орай мектеп сахна­сын­да концерттік бағдарлама ұсындым.Жы­лына бір рет Абай атындағы Ұлт­тық педагогикалық универси­те­тін­де лекция-концерт өткізіп жүр­мін. 2015 жылы «Көне құлақ, ескі жад» атты кітабым жарық көрді. Жа­қында университет профессоры атан­дым.

Бірізділік басым болып барады
– 1980-90 жылдары майталман күй­шілердің ортасында өзімізді күй ырғағының бай әлемінде жүргендей се­зінетін едік. Нұрғиса Тілендиев, Қали Жантілеуов, Рүстембек Ома­ров, Рысбай Ғабдиев, Айса Шәрі­пов, Әзидолла Есқалиев, Шәміл Әбіл­таев, Қаршыға Ахмедияров, Нұ­рахмет Жорабеков, Сәдуақас Бал­мағамбетов, Мағауия Хамзин жә­не басқа кісілердің ойнау тәсіл­де­рін көріп, қағып алуға тыры­са­тын­быз. Мәкәлім Қойшыбаев, Ла­тиф Хамиди, Кенжебек Күміс­бе­ков, Мәлгаждар Әубәкіров, Құбыш Мұхитов, Нағым Меңдіғалиев, Ай­­текеш Толғанбаев, Айтқали Жайы­мов, Абдулхамит Райым­бер­генов сияқты оқытушыларды күнде кө­ріп жүруіңнің өзі бір ғанибет болатын. Өткенге көз жібере оты­рып, сол уақыттардағы тартылатын күй нұсқалары неліктен қазір ұмы­тылып барады? Бірізділік неге ба­сым? Көпнұсқалылық қайда жоғал­ды деген сұрақтар жиі мазалайды. 
Өйткені кейінгі кездері күй­ші­лер сайысында, республикалық түр­лі конкурстарда орындаушы­лар­дың барлығы бір адамнан үйрен­ген­дей, құдды бір-бірімен келісіп ал­ғандай әсер қалдырады. Әрине, қазақ халық аспаптар оркестріне түсірілген күйлерді барлық дом­бырашы бірдей орындағаны дұрыс, ал жеке орындалатын күйлер сол оркестрлік күйлердің кейпін кигені көңілге қонымсыз. Олай дейтін се­бебіміз, күй өнерінің байлығы оның көп нұсқалылығында, орын­дау­шы­лық ерекшелігінде, дыбыс шығару байлығында, мәнерлеп тартылуын­да. Өкінішке қарай, қазір ескі нұс­қа­лар бір-бірімен араласып, қойырт­паққа айналып кетті. Мы­салы, Әбікен Хасеновпен Мағауия Хамзин орындаған Тәттімбеттің «Бес төресі» екеуі екі түрлі әдемі күй еді, қазір екі нұсқа бір күй ретінде тартылып жүр. Оны қарапайым көрермен аңдамағанымен, құлағы тесік тыңдаушы нұсқалардың араласып кеткенін тез аңғара алады. Сол сияқты Төлеген Момбеков шерт­кен, Генерал Асқаров тартқ­ан Сүгірдің «Шалқымасы» да сол кейіпке түскен. Құрманғазының «Қайран шешем» күйін Дина әже­міздің орындаған дара нұсқасымен араластырып тартуға болар ма еді? 
Ескі күй нұсқаларын орын­дайтын күйшілердің бірі 1970 жылы Қы­зылорда қаласында алғаш дом­быра үйірмесін ашқан Тасболат Сқа­қов еді.Санап жатқан ешкім жоқ, сол ағайымыз 300-ге тарта күй­дің басын қайыратын, қызықты әң­гімелер айтатын. 1940 жылы туыл­ған Тасболат ағай Ақтөбедегі мә­дени-ағарту училищесіне түсіп, Әл­мұрат Өтеғұловтан дәріс алған екен. 1934 жылы Құрманғазы атын­дағы оркестр құрылғанда еліміздің батыс өңірлерінен жеті домбырашы келеді. Қали Жантілеуов, Науша Бө­кейханов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожиндермен қатар Әл­мұрат та келген болатын. Нұрғиса ата­мыздың естеліктерінде бар, Әлмұрат сол кісінің ұстаздарының бірі болған. Бірақ таулы жер жақпады ма, әлде елді сағынды ма, Әлекең көп кідірмей еліне кетіп қалыпты. «Әлмұрат репертуары бай керемет күйші еді, Дина шешейден сабақ алдым, Мәменді көрдім деп отыратын» деп Тасболат ұстазым еске түсіретін. Мен күйлердің ескі нұсқаларын консерваторияға түскенге дейін сол ағайымнан үйренген едім. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағиданы ұстанған емеспін. Сол нұсқалармен әлі күнге дейін тартып жүрмін. Өз оқушыларыма да солай үй­ретуге тырысып бағамын. Ме­ніңше, бір конкурстан жүлде алу үшін ғана қазіргі заманға сай нұс­қамен ойнау, ескі нұсқаларды ізде­меу, іздеуге ұмтылмау – болашақты ойламау деп түсінемін. «Болашақ­тың шабысынан қазіргі табысым артық» немесе «Намысым болмаса да табысым болсын» деген пен­де­шілік ойдың шырмауында талай өнер­паз кетіп қалып жүр.Түрлі кон­курстарда, күй сайыстарында қа­зылық еткен өнер адамдары да кей­де ескі күй нұсқаларын дұрыс емес деп, жаңа нұсқаларды тық­па­лай­тыны, оғаш тартылып кеткен бір-екі қағысқа бола өнерпазды тұқыртатыны қарныңды аштырады. Мұндай тірлік қазақ өнерін байыт­пайды, керісінше инку­батор­дан шыққан жұмыртқадай барлық күй­шілерді бірізділікке итермелейді, жан-жақты зерттеуді тұсайды, көп­нұсқалылықты жояды.
Батыс Еуропаның өзінде нота жазуы арқылы, тайға таңба бас­қан­дай етіп, жазып тастап кеткен де­ген­нің өзінде, әлемге әйгілі бол­ған композиторлардың шығармалары­ның орындалуы, трактовкалары, басқа нұсқалары баршылық. Сон­дықтан екі немесе үш нұсқаның бір нұсқаға айналғанына қарсымын. Көз алдыңызға тек сары гүлдерден топ­талған даланы елестетіңізші. Ен­ді сол сары гүлдердің арасында қы­зыл, көк, ақ гүлдер аралас болса, да­ла тоқылған кілемдей әдемі кө­рі­ніс бермей ме? Сол секілді, күй өне­рінің де байлығын толық көрсе­те білген жөн. 
Тағы бір айта кететін жайт – қа­зіргі орындаушылардың арасында домбыраны қырғызша тартуы белең алды. Домбыраны иыққа салып, аударып-төңкеріп, тарсылдатып, ұрушылар тыңдарманның емес, кө­рерменнің көңілін ғана аулаушылар деп есептеймін. Қырғыз күйлері ән тақілеттес болса, қазақ күйлері – маз­мұны бай, толық аяқталған фор­масы бар күрделі шығарма. Ал қа­зір тыңдаушыға сай орындаушы кел­ген заман туды. Сахнада рахат­танып, былқылдатып күй тарта ал­майсың, домбыраны аударып-төңкеріп, ұрғылап, иыққа салмасаң, сені көрермен қабылдамайды. Тех­никалық прогресс заманында өмір сүріп жатырмыз, тез тарту қажет деу­шілер көбейді. Әрине, көрер­мен­нің көңілінен шығу, ыстық ықы­лас пен қошеметке бөлену дұ­рыс, тек күйдің барлығына соны телу бұрыс. Арзан марапат пен атақ-даңқты қуып жүріп, болашақтың ба­рын да ұмытпағанымыз абзал. Жеріміздің байлығын ғана емес, өнеріміздің де бай мұрасын таза, адал күйінде кейінгі ұрпаққа та­быс­тағанымыз жөн.

Ұлт тәрбиесі – ұлттық өнерде
– Жаһандану заманында жастар эстрадалық жеңіл әндерге, шоу бағдарламаларға бет бұрып, ұлт тәр­биесіне жете мән берілмей жатқа­нын көзіміз көріп жүр. Қазақ ұлты­ның төл өнері күй, қисса-дастан, жыр, өсиет-термелердің теледидар­дан және радиодан, концерт сах­наларынан сирек көрінуі ойлы азаматтардың жанын жегідей жеп жүр­генін сезіп жүрміз. Жалпы, жаһан­дану саясаты түптеп келгенде ұлт атаулының өзіндік ерекше­ліктерін, даралығын жояды. Бұл жер­де космополитизмнің де иісі аң­қып-ақ тұр. Әрине, «бәріміз бір «Жер» атты планетада өмір сүріп жатырмыз, ұлттар бөлінбеу керек» деген дәйектер айтылады, дей тұрғанмен, ұлт ерекшелігі оның ті­лі­нен, салт-дәстүрінен, тегінен және өнерінен көрінеді. Біз, оқыту­шылар балаға білім беру жағынан кенде емеспіз, бірақ тәрбие беруге келгенде ақсап жатамыз. Атақты 
А. Эйнштейннен сұрапты: «Баланы тәрбиелі етіп өсіру үшін не істеу ке­рек деп ойлайсыз?» деп, сонда ол «Ер­тегі оқып беріңіздер» деген екен. Бұл нағыз ғұламаның сөзі деп ай­тар едік. Ертегі айтылған жерде ауыз әдебиеті де, жазба әдебиеті де, мәдениет те, тарих та, география да, музыка өнері де қамтылады. Күй өне­рі арқылы да жас ұрпаққа   тәр­бие беруге болады. Мысалы, ЮНЕСКО ұйымы «Қазақ халқы­ның ата-бабасы осыдан бес мың жыл бұрын жылқы малын қолға үйрет­кен, сауып сүтін ішкен, мініп көлік еткен» деген деректі өз мұра­ға­тына алтын әріппен жазды. Қазақ халқында 6 мың күй бар деп Ақселеу Сейдімбек ағамыз да айтып кетті. Қазір ғалымдар, өнер зерттеушілері «10 мың күй бар» деп болжайды. Сол күйлердің көбі жылқы малына ар­налған.Әр күйдің шығу та­ри­хын­да терең сыр, айтылмаған астар жа­тыр. Мысалы Құрманға­зы­ның «Кі­сен ашқан» күйін алайықшы. Күй атасы «Менің қолым мен ая­ғым­да кісен бар, біз орыс империя­сының боданымыз. Бодандықтан бостандыққа жету керек. Кісенді ашыңдар, болашақта қазақ тәуелсіз ел болу қажет, осы күйді тыңдай отырып, қазақ халқының басынан өткерген тағдыр-тауқыметін біліп жүріңдер, егемендікке ұмтылыңдар» деп тұрған жоқ па? Сейтектің «За­ман-ай» күйінің де көтерген жүгі үлкен. 100 жыл бұрын орыс әскер­лері қазақ даласына келіп, зор­лықпен ер адамдарды окоп қазуға деген желеумен айдап алып кетіп жатқан кез. Қазақ халқының басы­на түскен сол зұлматты көзімен көр­ген Сейтек «Заман-ай» деп зар­ланып күй шығарады. Бұл күйді «күй-жоқтау» деп айтуға болады. Де­мек, күйдің атына шолу жасай отырып, талғампаз тыңдарман қа­зақ ұлтының терең тарихымен та­ныса алады. 
Сондықтан қайда барсам тың­дарман алдында да, күйшілер арасында да «Ұлт тәрбиесі – ұлттық өнер­де» деп үндеу тастап жүрмін. Концерт өткізсем де әуелі бай мұра­мыздың шығу тарихын таныстырып отырамын. Мақсатым – күй өнері­нің беделін көтеру, күй арқылы жастарға тәрбие беру. Күйшілер мектепке бөлінгенімізбен, жерге бө­лінбесек екен деймін. Сырдың күйін бір ғана облысқа меншіктеп қоюға болмайды. Сүгір атындағы фестиваль міндетті түрде Созақта өтпеуі керек. Өскеменде, Маңғыс­тауда жүзеге асып жатса, ғанибет емес пе?! «Өткенге топырақ шаш­саң, болашақ сені таспен атады» дейді данышпан қазақ. Біз қазақтың күй өнері арқылы келер ұрпаққа оң тәрбие бере алсақ, біздің болаша­ғы­мыз да жарқын болары сөзсіз. Ұлт­тық өнер арқылы тәрбие алған ұрпақ қана елімізді ұшпаққа шығара алады.