Басты  /  мақалалар  /  Қадір түнінің қасиеті

Қадір түнінің қасиеті

Айқын-ақпарат
2264
Қадір түнінің қасиеті Мұсылмандар үшін қасиетті рамазан айындағы қадір түні мың айдан да қайырлы түн деп айтылады Қадір түні Құран кәрімде мадақталған түн. Ең алғаш Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға Құран аяттары осы түнде түсе бастаған.

Қасиетті Құранкәрімдегі Қадір сүресінде:
«Анығында Біз Құранды Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының әмірімен жерге түседі. Ол таң ағарып атқанша жалғасады» («Қадір» сүресі) делінген.
Бұл түннің мұсылмандар үшін аса қасиетті, сауапқа толы екендігін осыдан байқауға болады. Бұл түнде Алла Тағала адамның келесі жылғы тағдырын белгілейді деп айтылады. Сондықтан түнді Алладан күнәларының кешірілуін тілеп, дұға жасап, жалбарынып өткізудің сауабы мол.
Атақты ислам ғалымдары қадір түні туралы көптеген тамаша ғибратты хадистер қалдырған.
Мүминдер бұл түнді дайындықсыз өткізбеуі тиіс. Өйткені, Әбу Хұрайра (р.а.) сахабамыз жеткізген хадисте «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі» делінген (Бұхари).
Қадір түнінде жерге үскен Жәбірейл періште жердегі құлдарына Алла Тағаланың жақысылық, шарапаттарын ала түседі.
Хадистерде «Ол түні жер бетіне түскен періштелердің саны ұсақ тастардың санынан да көп» делінген.
Қадір түні мың айданда қайырлы дейтін себебі: Бұл түнде жасалған құлшылық мың ай жасаған құлшылықтарға тең деген сөз.
Кәдір түні тілеген тілектер қабыл болады. Бұл күні шынайы ниетімен Ұлы Жаратушыға жалбарынса барлық күнәлары кешіріледі.
Мұсылмандар бұл түнді асыға, зарыға күтеді. Барлық ізгі амалдарын жасайды. Таң көбесі сөгілгенше еліне, жұртына, отбасына, өзіне Алладан сәттілік, жақсылық пен бақыт тілейді.
Сонымен қатар бұл түнде берген садақамен жасаған сауапты амалдың да сауабы аса зор болады деп көрсетілген. Осы түнде мұқтаждарға көмек көрсету, игілікті бастамалар жасаудың маңызы зор.
Қадір түнінде ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) қандай дұғалар жасаушы еді дегенде Айша анамыздың айтуынша Алла Елшісінің (с.ғ.с) рамазанның соңында «Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!» деген дұғаны көп айтатын болған.
Сонымен қатар бұл түн жасаған қайырымдылықтың да маңызы өте жоғары.
Адамзаттың ардағы пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қадір түнін шын иман келтірген, әрі сауаптан үміттенген халде өткізген пенденің бұрын істелген күнәлары кешіріледі» деген.
Мың айданда қайырлы, сағынтып келетін қадір түнінде тілеген тілектеріміз бен жасаған құлшылықтарымыз қабыл болғай!
Алла Тағала Отанымызға бейбітшілік және халқымызға берекелі ғұмыр нәсіп етсін!
Дәулет Қабидолдин,
Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің найб имамы