Басты  /  мақалалар  /  Ортақ табыс

Ортақ табыс

Айқын-ақпарат
1503
Ортақ табыс «Казахстанская правда» басылымында 2013 жылдың 21 қыркүйегінде жарық көрген «Ортақ табыс» атты мақалада Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қабылдану мәселесі айтылған еді.

Сол болжам қазір шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

«2017-2018 жылдары Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің уақытша мүшесі ретінде қабылданып қалуы тиіс. Қазір сол мақсат бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Егер Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қабылданса, БҰҰ аясында көптеген игі нәтижелерге қол жеткізуге болатыны анық. Осы жерде мына бір екі сауалға баса назар аударған дұрыс сияқты. Біріншіден, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу Қазақстанға не үшін қажет? Екіншіден, Қауіпсіздік кеңесіне Қазақстанның мүше болуы не береді? Рас, еліміз БҰҰ-ға 1992 жылдан бері мүше. Осы жылдар ішінде Қазақстан әлемде бейбітсүйгіш ел ретінде өз орнын айқындай алды. Жаһан Қазақстанды таныды. Мойындады. Елбасының тек мемлекет ішіндегі саясатына ғана емес, жаһандық бастамаларына тәнті болды. Қазіргідей текетірестер заманында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен тұрақтылықты һәм тұтастықты орнықтыру үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Қазақстан басшысы көтерген талай игі тірліктер БҰҰ-ның күн тәртібінде қаралды. Талқыға түсті. Жүзеге асты. Шындығы керек, Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері дамыған, демократиялық құндылықтарды қадірлейтін, ішкі-сыртқы саясаты мығым баянды мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың тілімен айтқанда: «Қазақстан аса сенімді халықаралық әріптес, сондай-ақ, Орта Азиядағы тұрақты, мықты мемлекет екенін өзгеге мойындата алды». Осы тәуелсіздік жылдары Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құруға бастамашы болды. Өз еркімен ядролық қарудан бас тартты. Әлемдік қарусыздану мәселесін көтерді. БҰҰ аясындағы бейбітшілік миссияларына қатысты. Аса ірі халықаралық ұйымдарға жетекшілік етті. Нақтылай түсетін болсақ, 2010 жылы Еуропаның Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, 2011-2012 жылдары Ислам Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Ауғанстан мәселесі бойынша Ыстамбұл келіссөздерінде белсенділік танытты. 2013-2015 жылдары адам құқығы жөніндегі кеңестің мүшесі болды. 
Тағы бір бас назар аударатын мәселе, Еуразия құрлығындағы көпұлтты мемлекет саналатын Қазақстан бірнеше мәрте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізді. Осының өзі-ақ Қазақстанның діндер арасындағы татулықты, ынтымақтастықты қолдайтынын көрсетеді. Осы арқылы еліміз Батыс пен Шығыс сондай-ақ Солтүстік пен Оңтүстік арасында бейбітшіліктің алтын көпірі болуға тырысып отырғанын аңғаруға болады. Демек, Қазақстан БҰҰ Қаіпсіздік кеңесіне мүше болатын болса, өз елімізде атқарылған игі жетістіктерді әлемдік деңгейге көтере алатын еді. Одан ешкім ұтпаса, ұтылмасы анық. Осы тұста еске сала кететін бір жайт, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 15 мемлекет кіреді. Оның бесеуі тұрақты ( Ұлыбритания, Ресей, Қытай, АҚШ және Франция) мүше. Сондай-ақ, БҰҰ-ның іріктеуімен екі жылдық мерзімге 10 мемлекет қабылданып отырады. Бұл 10 ел жағрафиялық жағдай бойынша қабылданады. Африка және Азиядан бес ел, Шығыс Еуропа мемлекеттерінен біреу, Латын Америкасынан екі ел және Батыс Еуропа елдерінен екі мемлекет. Алдағы жылдары Қауіпсіздік кеңесіне мүше болу Қазақстанға не береді? Ең бастысы, еліміздің қауіпсіздігі кепілденеді. Сондай-ақ, адамзаттың дамуына түрткі болатын жаһандық игі бастамаларды биік мінберден көтере аламыз. 
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мына мәселеге бас назар аударған еді: «Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді. Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды. Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс». Демек, биылғы жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 2017-2018 жылдары Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуына Қазақстан кандидатурасын қолдап еліміз мүше болып жатса, Қазақстан әлемнің дамуына түрткі болатын көптеген игі бастамалар көтеріп, оның жүзеге асуына себепкер болар еді. 

 

Жанай ОМАРОВ,
«Казахстанская правда», 21.09.2013