Басты  /  мақалалар  /  Ақпараттық кеңістік: Біз неге әлсізбіз?

Ақпараттық кеңістік: Біз неге әлсізбіз?

Айқын-ақпарат
2581
Ақпараттық  кеңістік: Біз неге әлсізбіз? Кеше ғана елімізде журналистердің төл мерекесі аталып өтті. Түрлі байқауларға қатысып, оза шапқандары марапатталды. Дұрыс. Алсын. Еңбегі бар.

Өйткені  сөз алыбы Шерхан  Мұртазаның тілімен айтқанда, журналистердің  «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Ащы да  болса  шындық – осы.  Жарайды.  Мереке өтті де  кетті. Бірақ Қазақстан  ақпарат кеңістігінде  шешілмеген түйткілдер  бар ма?. Әсіресе,  ақпараттық  қауіпсіздік  мәселесі. Шындығы керек, бүгінгі күні қай  мемлекеттің әлемдік  ақпарат  жүйесінде  әлеуеті  зор,  сол ел өз идеологиясын   өзгеге  тықпалай алады. Сондықтан «ақпарат  майданы» қазір алдыңғы орынға шықты. Елімізде   осы   салада   не істеліп жатыр?  Ақпараттық кеңістігіміздің   шама-шарқы  қай  деңгейде? Өкінішке қарай, ауыз толтырып «бәрі   жақсы»  деуге әлі ерте  сияқты. Өзге  жұртты  қайдам, дәл  қазіргі  күні Қазақстан – ресейлік   ақпарат  тасқынының  астында. Осы елдің көптеген телеарналары (кабельдік  жүйедегі), радио желілері, газет-журналдары  Қазақстанда   бөгетсіз  көрсетіледі, таралады.  Тіпті  жұрт  әлемде  болып  жатқан  жаңалық-оқиғаларды  осы ресейлік ақпарат   жүйелері  арқылы  естіп,  біліп отырады. Бұл – еліміз үшін үлкен қауіп.  Қай жерден, қай  елден  хабар  таратса да, Ресей  журналистері  өз мүддесіне  сай жасайтыны  анық. Ал  бұл біздің  халыққа  кері әсер етпей  ме? Әрине.  Демек, өз елімізде  өзге елдердің   бұқаралық ақпарат құралдарының еркін таралуына  шектеу  қойылуы  тиіс.  Неге  өз  ақпарат  жүйеміз  ақсап  жатыр? Оны  қалай  жөнге қою  керек? Жаңадан  құрылған ақпарат  министрлігінің  алдымен қолға алатын  жұмысы  осы болуы  тиіс. Тіпті    ақпарат  кеңістігін  қорғауда Ресейден үлгі алып,  тәжірибе алмасуға  болады.  Мәселен,  ол елде  100  мыңға  жуық  БАҚ  тіркелген.   Оларға  бөлініп отырған  қаржы  да  аз емес.  Мәселен,  биылғы жылы   Ресей  қазынасынан  78,958  миллиард  рубь  бөлініп  отыр. Ал  бұдан  тыс,  өзге  елдердегі  орыстілді  ақпарат  құралдарын  қолдау  үшін  жыл   сайын   ондаған  миллиард  рубль  тағы да  бөлінеді.  Өйткені  ресми  Мәскеу «ақпарат  майданында»  жеңіліс  табатын  болса,  онда тәуелсіздігіне, тұрақтылығына, тұтастығына  үлкен қауіп  төнерін  біледі. Сондықтан БАҚ-қа   қолдан  келгенше қолдау жасап отыр. Біз ше? Қайдам. Тағы бір мәселе, жақында Астанада өткен Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер басшыларының басқосуында Ресей  президенті Владимир Путин одақтың ортақ ақпараттық кеңістігін құруды ұсынды.  Бұл қаншалықты  қисынға келеді? Онсыз да Ресей  ақпарат  құралдарының экспансиясына  ұшырап отырған еліміз  үшін  бұл  нағыз қауіптің өзі  емес  пе? Осы орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр түркі мемлекеттеріне ортақ телеарна құру туралы бастама көтергені  белгілі. Неге  біз  түбі  бір  түркі  жұртымен  ортақ ақпараттық  кеңістік құруға  ұмтылмаймыз  Не  кедергі?  Иә, ойланар, таразыға   тартар  мәселе көп. 

Дос Көшім, «Ұлт  тағдыры»  қоғамдық қозғалысының төрағасы:

Біздің БАҚ-та  екітілдік топ қалыптасқан

Өз басым  ақпарат  кеңістігін  бірік­тіруге  толықтай қарсымын. Әрмем­лекеттің өзінің ақпарат кеңістігі, өз идеялогиясы бар. Қазір біз ақпарат кеңістігін қорғау мәселесін бірінші орынға  қоюымыз керек. Шындығында, бұл қауіпті бастама деп ойлаймын. Көршімізбен ақпарат кеңістігін бірік­тірсек, өзіміздің ұлттық идеологиямыз қайда қалады ?
Менің ойымша, қазіргі кезде  әсіресе, солтүстік пен шығыстағы аудандарға қазақ газеттерін ашуды, тәуелсіз облыстық қазақ газеттерін кеңейтуді, көбейту мәселесін бірінші орынға қоюымыз керек. Әр ел өзінің ақпарат кеңістігін қорғайды, оған байланысты арнайы заңдар да бар. Мысалы, Әзір­байжан, Украина Ресейдің ақпарат құралдарын тежеді. Молдава да осы мәселені қолға алды. Өзге елдер Ресей­дің ақпарат құрал­дарынан үркіп отырғанда, біздің біріккенімізді өз басым қаламаймын. Біздің БАҚ-та қазір екітілдік топ қалыптасқан. Орыс­тілді қауым, қа­зақтілді қауым. Олардың көзқарас­тары, саяси оқиғаларға берген ба­ғалары, республиканың болашағына бай­ланысты көтерілген мәселелер  жайлы көзқарастары әртүрлі. Бұл – өте қауіпті мәселе. Біз бір кемеде жүзіп келе жатып, ой-пікіріміз әр түрлі.  Президентіміз біртектілік мәселесін көтерді ғой. Бұл  идяның біріктірушісі  – тіл. Сондықтан орыстілді БАҚ өздерінің ұлттық, тілдік деңгейінде емес, мемлекеттік деңгейдегі  бағытта жұмыс істеуі керек. Мысалы , қазақ тілі жөнінде, оралмандар жөнінде орыстілді ақпарат құралдарынан көрмейміз.Олардың қалай талқылап жатқанын  естімейміз. Егер осы мәселелер жөнінде сөйлей қалса, қарсы бағытта көрсетеді. Мұндай жағдай орын алғанда, біз қалайша мемлекеттік тілді дамытамыз. Бұл мәселе бұрыннан айтылып келеді, қазір мүлде ушығып кетті. Бұл – мемлекеттің алдындағы үлкен міндеті. Біз демократиялы ел болғандықтан, орыстілді ақпарат құралдарына тосқауыл қоя алмаймыз. Мемлекет қаржыландырып тұрған БАҚ-тың өзі мемлекеттің саясатын кей уақыттарда қолдамайды. «Комсомольская правда», «Аргументы факты Казахстан»  т.с.с газеттердің айтатыны Қазақстанның ішіндегі оқиғалар болуы керек. Керісінше, 30 пайызы Қазақстан ішіндегі жаңалықтар болса, 70 пайызы «Пугачева кімге үйленді?»  дегеннен бастап, Ресейдің мәселесі айтылып кетеді. Сонда біз өз қаржымызбен Ре­сейдің идеологиясын таратып отырмыз. Бұл мемлекеттің бақылауына алынуы керек.  Екінші мәселе, біздің Сыртқы істер министрлігінің жұмысын дұ­рыстау керек сияқты. Себебі Қазақстан­ға байланысты ешбір дерегі жоқ мәселелер көтеріліп жатады. Мұн­дайды ізін суытпай, шешімін табу керек. Мысалы, Украинадағы саяси жағдайға байланысты орыстілді ақпарат құралдары Ресей мүддесін жақтаса, қазақтілді ақпарат құралдарының Украинаға бүйрегі бұрып тұрады. Бұл–  жақсылықтың нышаны емес. Қа­зақстанның ішіндегі орыстілді ақпарат құралдарының Қазақстанның ішкі мәселесіне деген ақпараттардың өзге елдің идеялогиясы тұрғысынан берілуі жақсылыққа апармайды.  Қазақстанда БАҚ-та 50-50 деген қате түсінік бар. Заңда  қазақтілді ақпарат  50 пайыздан кем болмауы керек деген. Қазақтілді хабарлар 99 пайыз, 1 пайызы орыстілді хабарлар болса да, заңды бұзбайды. Прайм-тайм кезінде орыстілді ха­бар­лардың берілуі, түнгі 1-ден таңғы 6-ға дейін қазақтілді хабарлардың берілуі де дұрыс емес. Бұл шынында, адам құ­қығын бұзу болып саналады. Бұ туралы БҰҰ-ның да арнайы заңдары бар.  


 

Серік ӘБІКЕН, «Парасат» журналының Бас редакторы:

Идеологиялық соғыс –ең қатерлі соғыс      

– Жақында Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Бұл министрліктің ең алдымен, қолға алатын жұмысы не болуы керек немесе неден бастау керек ? 
 – Жаңа министрліктің басты шаруасы ақпарат саласына еркіндік беру болғаны жөн. Жасыратыны жоқ, қазірде БАҚ қатты қыспақта. Бірен-саран тәуелсіздеу жеке­меншік арналар, басылымдар болмаса, дені – «бір бақшаның бұлбұлы». Ойлы, айтары бар журналистердің тықсырылуы, олардың орнын әнші, бишілердің басуы, жур­на­листерді  соларға сценарий жазатын қолбала есебінде ұстау түбінде Қазақстанға абырой әкелмейді. Идеологиялық соғыс –ең қатерлі соғыс. Әскері әлсіз ел ұтылады. Ал бізде қазір ол «әскер» мүлдем жоқ десек болады.   Мемлекеттің идеологиясы сыпыра мақтаудың, әлдебір бағдарламалардың, стратегиялық жоспарлардың «жарқын жетістігін» жамырай мақтаумен шектелмеуі керек.  Ешбір журналист Отанына жамандық ойламайды. Сондықтан олардың жақсылықты да, кем-кетікті  де електен өткізіп, сарапта­ма­лық материалдар жазуына, сыни бағдар­ламалар түсіруіне мүмкіндік берілуі керек. Зерт­теу, сараптамаға жол ашылып, БАҚ қай­та қалам құдіретіне сүйенгенде, бәсекелестік туындайды, эфирді жаулап алған «жұл­дыздар» өздігінен топырлап жерге түседі. Ел сөзін сөйлей алатын мықты қыз-жігіттердің жолы ашылып, сол министрліктің арқасүйері болады. Екінші мәселе, министрлік шетелдік арналардың, басылымдардың бағдарла­маларын,  түпкі ойын қадағаласа. Өзіміздің БАҚ-та жүрген дені ресейлік данышпан-менеджерлердің шама-шарқын анықтаса, қысқартса. Іздегені ақша болғанымен, ол менеджерлердің түптеп келгенде, «орманға қарап ұлитыны» өздігінен түсінікті. Министрлік өзгеден қаймығып, жаутаңдай берсе, отандық ақпарат кеңістігіне қожа болып мандытпайды. Мемлекеттік, ұлттық  идеологияны осы мемлекеттің мамандарымен бірге жүзеге асырушы,  халықтың ой-санасын жаттың  экспансиясынан  сақтаушы мекеме болғаны құба-құп. 
– Елімізде орыстілді және қазақтілді  БАҚ ортасы қалыптасқан. Бірақ ортақ идео­логиялық бірлік жоқ. Бір кемеде жүзсек те, бір мақсатты көздемейміз. Осы мәселені қалай шешуге болады ?
– Қазақта «Би екеу болса, дау төртеу» деген нақыл бар. Абай: Оның мәнісі – «тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді» дегенмен айтылған сөз. Біздегі идеологиялық бағыттың қателігін осыдан асырып қалай айтуға болар. Ұлттық идеологияға негізделмеген, бұл үйдің иесі кім екенін ашық айтқызбайтын келте саясат кесірінен журналистиканың бағыты екеу болып тұр.  Орыстілді журналистердің біразы бұл елді уақытша мекен санайды.  Сондықтан кез келген мәселеде ел егесінен именбей, ойына келгенін айта береді. Бұл мемлекеттің қыр арқасына батқан мәселеге аса бас ауыртпайды. Кезінде «Караван», «Время­лардың» алдында құрақ ұшты... Сол басылымдарды басқарған азаматтардың біразы жағдайын түзеп алғаннан кейін, тарихи отанына тайып тұрды. Қабағын баққан қазақ та, құрақ ұшқан Үкімет те осы Қазақстанда қалды. Кім ұтты?!  Бір нәрсені түсінуіміз керек, «бізде 140-150 ұлт бар» деп елпектей бергеннен ешкім ұшпаққа шықпайды, үйдің бір-ақ иесі болатындай, бұл мемлекеттің де негізін құрған, тұтқа болып отырған бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ! Түрлі тағдырмен жан сауғалап келген  ағайындар оған ренжімейді, араларынан бұра тартушылар шықпайды. «Бірінші  арнаның»  жер мәселесі төңірегіндегі комедиясы Үкіметтің де, өзгенің де  көп нәрсеге көзін ашты деп ойлаймын. Қалалық шағын арна да  ресейлік көзқарастағы, тәуелсіз  Украина ар-намысына тиетін фильм көрсетіп жатыр.  Кімнің жыртысын жыртып жүрміз, қай жақсылығы үшін?  Біздегі кейбір орыстілді  тележурналистерде мемлекет тұтастығын ойлай алар сана бар ма?  Міне, Ақпарат министрлігі біздегі журналистиканың осындай дәрежеге жеткенін білуі керек. Сөз бостандығы, ой еркіндігі дегенді өзіңді асырап отырған халықтың бетіне топырақ шашу деп түсінушілердің көкірегіне сәуле құймай, ұқтырмай, ақпарат кеңістігіндегі екі бөлек көзқарастан құтыла алмаймыз.  
– Еуразиялық экономикалық одақтың жиналысында  Ресей Президенті В.Путин  «Ортақ ақпараттық кеңістік» құру керек деген ой тастады. Бұл –қаншалықты дұрыс, біздің ақпараттық кеңістігімізге зиян емес пе?
– Кез келген дүңгіршекке барсаң да, теледидардың пультін қолыңа алсаң да, алдыңнан ресейлік БАҚ шыға келеді.  Соңғы екі-үш жылда олардың бағыты күрт өзгергені, «империялық» деген вирус жұқтырып алғаны  ешкімнен жасырын емес. Және өзгені тілдеген журналистке, сарапшыға еш тосқауыл жоқ.  Жуырда ғана «Русь про­ваславная» деген ұйымның басшысы «қазақта ел де, жер де болмаған. Солтүстік Қазақстанды түгел алу керек те, қалған территориясымен Ресейге қоса салу керек» деп көкіді. Соны Ресей арналары көрсетті?! Ол мінберде тұрып, мылжыңдай беретін Жириновскийдің шатпағы секілді емес, «білікті сарапшының пікірі» деп берілді.  Бұл 25 жыл өтсе де, олардың біздің бодан бол­ғанымызды ұмытпағанын, біздің олардың ықпалынан құтылу үшін ештеңе істе­мегенімізді көрсетеді. Біз Ресей ақпарат кеңістігінен шыға алмай отырмыз.  Егер Путин айтқандай, ортақ ақпарат кеңістігі құрылатын болса, қазіргі  бардан жоқ ақпараттық тәуелсіздігімізден мүлдем жұрдай боламыз.  
– Түркітілдес халықтардың ортақ ақпарат кеңістігін құру идеясына өз ойыңызды білдірсеңіз.
– Қолдаймын. Түбі, тамыры бір, тарихы ортақ бауырлардың ортақ кеңістігі болуы керек. Ол мәдени-рухани байланысты күшейтеді.  Ер Түріктің ұрпағы бір-бірімен үндесіп, тілдесіп жатса, керемет болар еді.  Тани түсер едік, тартыла түсер едік. Түптің-түбінде осыған келеміз деп ойлаймын. Өйткені бізге  өз бауырларымыздан асқан жанашыр да, жақынымыз да жоқ. 
– Ақпараттық кеңістігімізді қалай қорғауымыз керек ?  Жолдары қандай?
-Журналистерге ой еркіндігін беру керек,  шетелдік басылымдарды, арналарды сұрып­тап, елге қатерлі дегендеріне тыйым салу керек. Ең бастысы, мемлекеттік газет-журналдарға ақша төге бермей, ашық бәсекеге жіберіп, қазақтілді басылымдарды көбейту керек.  Басылымдарға берілетін  тендерге құлдың ақысындай қарауды, жанашырлық сынды «бөрі етектенге» санағанды қою керек. 


 

Марат Тоқашбаев, «Президент  және халық»  басылымының Бас редакторы: 

Кім ақпаратқа қожа, сол жағдайға ие
Жалпы,  Еуразиялық экономикалық ұйым аясында Біріккен  ақпараттық кеңістік құру идеясына  қарсымын.  Тіпті  оны  жүзеге асыруға, қабылдауға мүлде болмайды. Өйткені бұл ұйым тек экономикалық мүддені көздейді. Ақпарат кеңістігін, қорғаныс мәселелерін қамту – бұл Қазақстанның егемендігіне, мемлекеттік тәуелсіздігіне ора­сан зор қауіп төндіреді. Сондықтан Ресей Президентінің ортақ ақпараттық кеңістік құру туралы ұсыныстарын үзілді-кесілді Қазақстанның қабылдауына болмайды. Онсыз да Ресей Федерациясының ақпараттық экспанциясының құрбаны болып отыр­мыз. 25 жылдың ішінде Ресейдің ақпарат құралдары біздің ақпарат кеңістігімізді ба­сып алған. Бұның үстіне келіп ортақ ақпарат кеңістігін құрамыз дегендегі олардың айла-амалы – Қазақстанның ақпарат  кеңістігін 100 пайыз өзіне қаратып алу. Біз еліміздің егемендігін қорғаймыз десек, бізге ұлттық қауіпсіздік қымбат болатын болса, бұған жол берілмеуі керек. Қазақстандағы Ресей телеарналарының бір-екеуін қалдырып, қалғандарын ығыстырып шығара  алсақ,  жарадық. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің үлесін арттыра отырып, Қазақстандағы орыстілді телеарналарды, орыстілді ақпарат көздерін барынша азайту керек деп есептеймін. Кім ақпаратқа қожа, сол жағдайға ие болып шығады. Бұл – қандай қа­ре­кетпен болмасын, ақпарат кеңістігін ортақ етеміз деген сөз, бұл – бәрін Ресейлік ету деген сөз. Тасқа жапа­лақ­ты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалаққа тасты ұрсаң да жапалақ өледі. Бұдан таяқ жейтін, ұтылатын – Қазақстан ғана.

Айдос Сарым, саясаттанушы: 

Ақпараттық кеңістік  – елдің басты ресурсы
Біздің оқырмандарымыз, тыңдармандарымыз, көрермендеріміз Қазақстанда шығып жатқан қай тілде болмасын газеттерді, сайттарды оқып, телеарналарды  көру керек. Осылайша  Ресейдің ақпараттық интервенциясына, шапқыншылығына төтеп беріп, үлес салмағын азайта аламыз. Неге қырғыздың, қытайдың, өзбектің, түркіменнің арналары жоқ? Ресей  арналары  бізде  жұмыс  істей  ме,  демек    өзге де  көршілеріміздің ең құрымағанда  бір- бір арнасы болуы керек.  Соған қол жеткізуге тиіспіз. Қытайда үш қазақ арнасы бар. Неге  тек Ресейдің арналарын жапа-тармағай көре беруіміз қажет? Біз Ресейге тәуелді емеспіз. Бұл – ең бірінші шешілетін мәселелердің бірі.  Екінші  бір  мәселе,  идеологиялық бірлік болуы үшін, барлығы бір тілде сөйлеуі керек және бір нәрсені айтуы керек. Байқап қарасаңыз қазақ аудиториясы мен  орыс аудиториясына айтылатын нәрсе екі бөлек. Дұрыс ақпараттық саясат жүруі үшін бұл бөлектік жойылғаны дұрыс. Әр ел өзінің ұлттық құндылығын, мәдениетін, тарихи санасын өзі қалыптастырады. Біреудің қолына ұстату – оның барлық кілтипанын, бар мүмкіндігін, ықпал етудің механизмдерін бос қоя беру деген сөз. Ақпараттық кеңістік – елдің басты ресурсы. Ақпараттық кеңістікті қорғау үшін ашықтық болуы керек, Ресейдің ақпараттық экспансиясына төтеп беретін  дүниелерді жасау керек. Өзіміздің  нарықтағы журналистиканы дамыту керек. Ең  бастысы,  БАҚ-ғы  бәсекелестікті дамыту.

 

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Айжан  Мөңкебаева, Айнұр Маханбетова.