Басты  /  мақалалар  /  Гөзел Құлжабаева: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ – ШАҒЫН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДА

Гөзел Құлжабаева: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ – ШАҒЫН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДА

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
2577
Гөзел Құлжабаева: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ – ШАҒЫН ШАРУАШЫЛЫҚТАРДА Белгілі өсімдіктанушы, «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева жаңа іс бастап кетіпті.

Гөзел апай Қазақстанда агротуризмді дамытатын сәт туды деп есептейді. Өзі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тәшкенсаз ауылдық округының аумағынан 40 гектарға жуық жер алып, түрлі жемістер мен дақылдар, жидектер егіп, оазис жасауға белсене кіріскен. Ізденімпаз, бастамашыл жанмен  біз осы жаңа шаруашылықтың басына арнайы іздеп барып жолықтық.

– Қазақстанда агротуризмді дамыту туралы ой мені көптен бері мазалап жүрді десем, артық айтқан болар ем, – дейді Гөзел Әліпбекқызы. – Кезінде гүлдер мен өсімдіктерді күтіп-баптаудың әлемдік тәжірибесін жіті зерттеп, Батыс Еуропаны араладым. Сондағы жекеменшік бақтардан шағын шаруашылықтарды байқап қалатынмын. Ол кезде менің ойымда агротуризм деген ұғым жоқ. Англияда бір баққа ақша төлеп кірдік. «Алма жеңіздер, жеуге рұқсат. Ал теріп алатын болсаңыздар, ақша төлейсіздер» дейді иесі. Польшада бір бақта жеміс-жидектер тұнып тұр. Құлпынайды биіктетіп өсіреді екен. Тегін емес, сатып аласың. Мұндай бақтардың аумақтары аса үлкен де емес. Бірақ иесіне жеткілікті пайда әкеліп отыр. Қазір неге елімізде ауыл шаруашылығы дамымай жатыр? Өйткені дамытуға тиіс азаматтардың басым көпшілігі қалаға безген. Қалаға келеді, 100 мың теңге табыс табады, оның 50-60 мыңы пәтерақыға кетеді. Тіпті балалары есейгенше пәтер жалдап тұруы мүмкін. Ауылдан ет, картоп көтеріп келеді – сол өмір ме? Қызмет бабымен қалада жүрген болса, түсінікті ғой. Көпшілігі әншейін қара жұмыс, құрылыс үшін қала жағалайды. Тапқан ақшасы тамақтан артылмайды. Отбасы ауылда қалып, берекесі қашып жатқандар да аз емес. Сол азаматтар жерді игерсе, ақырындап табыс тапса жаман болмас еді ғой. Қазақта жер жеткілікті. Технологиясын білмейміз, жерді игеруге қиналамыз.
– Сіздің ойыңызша, осындай шағын шаруа­шылықтар арқылы-ақ ауыл шаруашы­лығын дамытуға болады ғой?
– Әрине. Тек құлық пен еңбек керек. Мұндағы ой – неге біздің азаматтар ауыл шаруашылығына бармайды? Сол саланың маманы болып шықса да, жастар қалада қалғанды құп көреді. Қазір жеке жұмысты дамыту керек. Бұл – халыққа керек бастама. «Жерімізді Қытайға жалға бергелі жатыр» деп бәріміз шуладық қой. Енді сөйтіп қорықпас үшін әрқайсымыз жерді игеріп үйренуіміз керек. Ата-баба жеріне өзіміз ие болуымыз керек. Иесіз жатқан жерге әркімнің көзі түседі.
– Өзіңіз бұл іске қалай тәуекел еттіңіз?
– Осы жайлардың бәрін ойластыра келе, іс бастауға шешім қабылдадым. Елге, жұртқа «мынаны істе» демес бұрын өзім неге үлгі көрсетпеске? Мұндай тәжірибем бұрыннан бар. «Гүлстан» орталығында гүл мен ағаш егуді жұртқа насихаттап, студенттер мен оқушыларды тәжірибеден өткізіп, «Гүлстан» журналы арқылы да пайдасын көрсетіп келемін. Осы мақсатта Тәшкенсаз ауылдық округы аумағынан жер сатып алдым. Тау бөктерін алғым келіп еді, бұйырғаны осы болды. Ауыл шаруа­шы­лығында техника болмаса, табыс табу қиын. Маған дейінгі жер иелерінің тех­никасы болмаған екен. Мен жер игеруге қажетті құрылғыларымен қосып бір трактор сатып алдым. Содан тәуекел деп кірісіп кеттік. Біраз жыл игерілмеген жер болған­дықтан, қоқыстан тазарту, қамыс, суданка өсімдіктерінен арылту қиынға соқты. 
– Сіздің агробағыңыз несімен ерекше болады?
– Мұнда Батыстың бақ өсіру мәдениеті өзіміздің ұлттық мәдениетпен қабысады. Сәуір айында іске кірісіп кеттік. Күн жауынды болып, ойымыздағыны бірден іске асыру қиындау болды. Сонда да екі жарым ай ішінде атқарған шаруамыз аз емес. Қазір 18 түрлі жеміс-жидек өсіріп отырмыз. Қарақат, алма, шетен, қарлыған, шабдалы, шие, таңқурай, құлпынай, қызылжидек, шатут бар. Алды өнім бере бастады. Баққа кірген адам бірден 18 түрлі жеміс-жидекті көреді. Әрқайсысының тұсына атауын латынша, қазақша жазып қоямыз. Келушілер қарақаттан, алмадан, басқа да пісіп тұрған өнімдерден дәм тата алады, теріп алғысы келсе – ақылы. Биылдың өзінде қарбыз, қауынымыздың түсімі жаман емес. Он шақты гектар жерге жүгерінің поп-корн жасайтын түрін ектік. Қызанақ, қиярлар да өнім беріп тұр. Ең бастысы, біз ешқандай химия пайдалан­баймыз. 
– Мұнда сіз «ақылды бақша» өсіріп жатыр екенсіз. Біз үшін таңсық нәрсе ғой, ерекшелігі қандай?
– Ол тәжірибені Англиядан көргенмін, ғаламтордан қарап отырып жетілдірдім. Ең тиімді тәсіл осы екен. Орыс тілінде оны «теплые грядки» деп атайды. Мен өз ұғы­мымызға сай «ақылды бақша» деп атадым. Жер 70 сантиметр тереңдікте қазылады. Ас­тына тез шіритiн картон сияқты нәрсе­лер­ді тастадық. Біз алған жерде көп терең­демей-ақ суға жолығасың. Ал су көтерілсе, жаңағы картон сияқты нәрселер бөгейді. Сосынғы бір қабатқа ағаштар, үгінділер, шөп тастадық, арасына жауын­құрт өсіріп, арнайы жібердік. Бактерия да арнайы салынады. Үстіне көң мен топырақ төгіп,  егетін нәрсені егіп, мульча жасадық. Мульча деген – топырақты үстінен жабатын кез келген жабынды. Күзде арпа егеміз де, қылтиған кезде шауып тастаймыз. Сонда арпаның тамыры шіріп, топырақ тыңая түседі. 
Оны жылда қазудың, химиялық қоректік зат берудің қажеті жоқ. Өзім де ауылды өстім ғой. Қызанақ, қияр – бәрін өсіреміз, бірақ көктемде еккен өнімін тамыз айында бір-ақ жейміз. Ал «ақылды бақшада» өнімді мамырдың алғашқы онкүндігінде болмаса да, соңына қарай ала­мыз деп ойлаймын. Мұндай экспериментті осы жерде және Алматы облысы  Кербұлақ ауданы Басши ауылында жасап көріп жатырмын. Еш қиындығы жоқ. Бірте-бірте «ақылды бақшаның» көлемі үлкейе түседі.
– Агробақ болғандықтан, мұнда тек жеміс-жидек, көкөністер ғана емес, мал мен құс өсіруді де қолға алатын ойыңыз бар екен.
– Иә. Бірақ мал аса көп болмайды. Ешкі, сиыр, түйе, қой – бәрі болады, бірақ аз ғана. Баққа келген бала қозымен ойнағысы келсе, ойнайды, лаққа су бергісе келсе, береді. Ал бөдене өсіруді біраз уақыт оқып зерттедім. Ол білігімді енді неге жерге тастауым керек? Бөдене тауық сияқты ауырмайды. Көп орын да алмайды. Еті, жұмыртқасы қымбат. Көбеюі тез. Қазір екі мыңға жуық бөденеміз бар. Өнімін күнделікті өзіміз пайдаланып отырмыз. Бөденеге арнайы қора салуды бастап кеттік. Арнайы инкубатор да сатып алдық. Бөдене өсіруге қызығатын адамдар болып жатса, жәшігімен жасап беру тәжірибесін де қолданбақпыз. Сондай-ақ, декоративті тауықтар өсіре бастадық. Келген қонақтар бұрын көрмеген тауықтарды көреді, жұмыртқасын, етін сатып алады. Әр түрі жеке шарбақта бағылып, көруге ыңғайлы орналасады. Тауысты да өсірмекпіз. Оның бір тал жұмыртқасы 10 мың теңге тұрады. Өзінің құны 60-70 мың теңге. Ал шындығында, тауыс деген тауық қой. Оны тауықты күткендей күту керек, ерекше ештеңе де қажет емес. Қысқаша айтқанда, біздің агробақ пысық әйелдің ауласындай болады, бірақ көлемі ғана үлкен. 
– Балалар мен үлкендер демалатын арнайы орындар бола ма?
– Әлбетте. Мысалы, бір алаңқайдың айналасына түгелдей көк терек ектік. Олар бой алып, әдемі боп өскен кезде, ортасындағы көгалда демалуға әбден болады. Ал балалар үшін арнайы ойын алаңқайы салынады. Баққа кіргеннен-ақ жолдың екі шеті лаванда гүлзары болады. Біздің бақ отбасылық демалыс үшін өте қолайлы да пайдалы болатынына сенім­дімін. Қонақтарға тек өз өнімдерімізден жасалатын тағамдар ұсынамыз. Тауық, үйрек, қаз, бөдене етінен тамақ жасаймыз. Өз қызанақ, қиярларымыздан салат береміз. Өз алмамыздың шырынын сығып береміз. Тандыр алып қойдық, нанды да өзіміз жабамыз. Егер бәрі көңілдегідей болып жатса, қонақтар қонып шығуға ыңғайлы шағын үйлер салу да жос­парымызда бар. Аспан астындағы шағын мұражайларды Еуропадан көріп қатты қызығып едім, сондай үлгіні осы бақта жасап қоюдың алғышарттарына кірісіп те кеттім. Келушілер қазақтың бұрын тұтынған тұрмыстық заттарын көре алады. Сандықтар, шамдардың түрлері, қырықтық, шоқпен ыситын үтіктер, арбалар, мосылар, қышқаш, қалақ, құмған алып қойдым. Бір жер ұстахана сияқты болады. Көрік, балта, шот сияқты нәрселер тұрады. Оларды бақтың әр бұрышына, көзге түсетін жерлерге үйлесіммен қоямыз. Ауылдың шағын бейнесін жасап қойғым келеді. Қазір диірмендерге де тапсырыс бердік. Тірі гүлдерден беседкаларымыз да болады. Аспан астындағы шахмат үшін де орын дайындап қойдық. Оның каркасына қажет қарағаш та өзімізде өсіріліп жатыр. Біздің аумақтың жанындағы шағын көлдің құжатын реттей алсақ, балықтар өсіріп, қонақтардың аулауына мүмкіндік те жасаймыз. Мұнда бәрі әдемі болады. Мал, құс өсіретін қоралардың өзін керемет сәндейміз. 
– Бұл бастамаңыздың сәтті бола­тынына сенесіз бе? Адамдар арнайы келіп ақы төлеп, тамашалап шығатынына қандай сеніміңіз бар?
– Адамдар қазір қаладан жалыға бастады. Бұрын мейрамханаларда суретке түсуді мәртебе көретін еді, бұл әдет азайып келеді. Адамдарға кеңістік, табиғаттың аясы қажет. Осы Алматы облысындағы патшабалық, түйеқұс, жылқы шаруашы­лықтарын да арнайы барып тамаша­лаушылар да бар ғой. Сол сияқты, біздің бағымызға да келушілер аз болмас деп ойлаймын. Тіпті ешкім келмей жатса да салымызды суға кетіретін ештеңе жоқ. Өзім осыған дейін гүлдер мен ағаштарды өсіру жайын студенттер мен жастарға қалай үйретсем, осында да сол тәжірибемді жалғастыра беремін. Оларға бөдене өсірудің, «ақылды бақша» егудің жолдарын көрсетемін. Жоспарымыз өте көп. «Бұл іс алға баспайды» деп жатқандар бар. Бәрі өзімізге байланысты. Мысалы, мен өз ауылыма парк жасап қойдым. Балалар келеді. 100-200 теңге төлеп кіреді. Паркпен бірге ауылға мәдениет келді. Бірнеше жыл болды, ешкім сондағы бір шыбықты сындырған жоқ. Алла қаласа, біздің агробақ та бес-алты жыл ішінде керемет әдемі жер болады. Дүниенің бәрі ақшамен есептелмейді ғой. Келесі ұрпақ қызығын көрсін. Өзім де қартайып тұрғаным жоқ. Үлгі көрсеткім келеді. Басқа жерлерде де осындай бақтар болса деймін. Осында келіп көріп кеткен балалардың жермен айналысуға құштарлығы оянатын болар, бәлкім... Осындай ортақ бастаманың іргетасын қалаймын деп ойлаймын. Ал тіпті болмаса, мұндағы еңбеккерлер еккен өнімді сатып табыс табады. Бәріне күдікпен қарасақ, ештеңе болмайды. 
– Шамамен қай уақытта агробағыңыз алғаш­қы келушілерді қабылдай бастайды?
– Алдағы тамыз айында қонақ­тардың алғашқы легіне дайын боламыз. Қарбыз піскенде біздің бақтың түпкі келбеті болмаса да, жалпы көрінісі дайын болады деп ойлаймын. Әзірше жерді толық игергенге дейін жоңышқа, жүгері, арпа да егіп қойдық. Таңқурайдың алты түрін алты қатарға ектік. Құлпынай да сондай. Жүзім егуге де дайындалып жатырмыз. Оның қыр-сырын білетін адаммен келісіп қойдым. Барлығына уақыт керек. Сұраныс болып жатса, кез келген өнімнің алқабы кеңейеді. Келген адамдарға көрсетіп, дәмін татқызып қана қоймай, өнімді қалай егу, күту, баптау қажеттілігін үйретеміз. Ұнаған нәрсесінен өсіруге алғысы келсе, түбекте дайын көшеті тұрады. Жыланқияқ та егіп қойдым. Шатут бой алып өседі. Қазірдің өзінде жеміс беріп тұр. Бұрыштар, шие, стендли деген қара өрік, бәрі егілді. Оларды тамшылатып суару әдісімен суарып жүрміз. Алманың түрлерін көбейту үшін екпелерді (подвой) арнайы өсіріп жатырмыз. Мұнда алманың барлық түрі болады. Таңқурай тез көбейеді. Бейберекет өсіп кетпес үшін жанына қаңылтыр қойып, жәшіктерге өсіреміз. Көктемде еккен жоңышқа жақсы шықты. Ол жылына үш рет орылады. 4,5 га жерден бір орғанда 1 мың қаттаулы шөп шығады екен. Айтып өткенімдей, бұл бұрын қорыс болған жер. Айнала теректер, тиалдар мен бұталар егіп жатырмын. 
– Бұрын мұндай бастама біздің елде болмаған ба?
– Бірді-екілі бастамалар бар. Бірақ біздің бағытымыз бөлектеу. Қазақстанда әр жерде осындай ұсақ шаруашылықтардың дамыған жақсы. Бізде керісінше, бәрі іріге арналған. Мысалы, 300 сиыр алсаңыз, соның 40 пайызы тегін болады екен. Ал алма өсіргіңіз келсе, кемі 5 га жерге егуіңіз керек. Оны тамшылатып суаруыңыз керек. Ал қазір оған ниеттенген адамдарда 5 га жер жоқ. 
– Сұхбатыңызға рақмет!
 

Әңгімелескен Есей Жеңісұлы