Басты  /  мақалалар  /  Инновацияларға қарапайым адамдар атсалысады

Инновацияларға қарапайым адамдар атсалысады

Гүлнар ТӘЖИЕВА
1806
Инновацияларға қарапайым адамдар атсалысады Инновация – жаңалықтар енгізу.

Бұл сөздің мағынасына тереңірек үңілер болсақ, инновация – қазіргі ойлау үлгісі мен дәстүрлі таным ерекшелігіне ұқсамайтын жаңа ойлау жүйесін тауып шығару, кезектегі білім мен материалдық мүмкіндіктерді пайдалана отырып көнені өңдеу, бар нәрсені тіпті де жақсарту, кем нәрсені толықтыру, тың нәрсені байқау, жаңа зат, жаңа әдіс, жаңа жол, жаңа орта жаңалығымен өмірді жаңарту. Міне, осы инновациялардың жаңа басымдықтары жайлы Білім және ғылым министрлігі ҒК Экономика институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Фархат Дінішев мырзаны әңгімеге тарқан едік. 

– Фархат Мұсаұлы, соңғы жылда­ры инновациялар Қазақстан экономикасы өрлеуінің маңызды басымдықтарына айналды. Бұл туралы айтылған сөз де көп, жасалынған істер де аз емес. Қазір еліміз жаңа экономикалық шындық жағдайында даму үстінде. Осыған байланысты инно­вация саясаты қандай өзгерістерді талап етеді?   
– Иә, Қазақстан дамудың жаңа стратегиясын жасауда. Экономикалық саясаттың мәні – экономикалық прагма­тизм.Егер экономикалық прагматизмді инновация саласына қарай қарастыратын болсақ, ол инновацияның даму негізіне шындық тұрғысындағы және эко­номикалық амалдар кіретіндігін білдіреді. Атап айтқанда, инклюзивті дамыту принциптері үлкен маңызға ие болады. Инклюзивтік инновациялар маңызды басымдыққа айналуы қажет, яғни инновациялық шешімдер халықтың қалың жігі үшін қолжетімді болуы керек. Мұндай тәсіл мәселен, Үндістанда қалыптасып жатыр. Ал біздің елге келетін болсақ, шешімнің қарапайымдылығына және инновацияларды жүзеге асырудағы үнем­ділікке ерекше көңіл аударады. Табысы ең төмен адамдарға ғана қол­жетімді жаңа тауар­лар мен қызметтер шығарылады. Бұл ретте, құны шамамен 2500 АҚШ долларын құрайтын, халықтың қалың бұқара топ­тарына қолжетімді, тым арзан «Нано»  авто­көлігін шығаратын  «Tata Motors» үнді компаниясының тәжірибесі кеңінен танымал. 
– Инклюзивтік инновациялардың ерекшеліктері бар ма? Қандай артықшы­лықтарын атап өтуге болады? 
– Инклюзивтік инновациялар халық­тың тұрмысы төмен жіктерін қоса алғанда, бұқара топтарына бағдар жасау, оны айтарлықтай қамтуды қамтамасыз ететін тауарлар мен қызмет көрсетулердің қолжетімділігі, орнықты өндірілуі сынды ерекше қасиеттері бар. Аталған инно­вациялар олардың әлеуметтік қорын ұлғайтады, бейресми секторда инно­вациялық қызметтің өркендеуіне ықпал етеді, халықтың қалың жігі үшін оны «қарапайым» жағдайға айналдырады. Қысқаша айтқанда, инклюзивтік инно­вациялар – бәріне арналған инновациялар. Олар көбіне жоғары технологияларға емес, орта және онша күрделі емес деңгейдегі технологияларға негізделеді. Әсіресе арнайы ғылыми зерттеулерге емес, бұрын­нан келе жатқан қарапайым техноло­гияларға негізделеді. Бұл аз ғана ауқымды өнім өндіруге арнал­ған және қоршаған ортаға барынша аз ықпал ететін, қызмет көрсету мен жөндеуде күрделі емес еңбек сыйымды технологиялар. Әрине, олар радикалды емес, бірақ дәстүрлі әдістермен салыс­тырғанда еңбек өнімділі­гін айтар­лықтай арттыруға жол ашады. Олардың басты артықшылығы – олар маңызды ин­вес­тициялар мен жоғары білікті кадрларға мұқтаж емес, күрделі емес өндіріске арналған, жергілікті ресурстарды тартып, жергілікті қажеттіліктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 
Инклюзивтік инновациялардың Қазақстан үшін орны бөлек, өйткені ол әлі де деңгейі төмен болып тұрған иннова­циялық белсенділікті арттырудың қосымша мүмкіндікерін ашады. Олар капитал сыйымдылығының төмендігімен өзге­шеленеді, үлкен мемлекеттік шығыс­тармен байланысты емес, қарқынды зерттеулер мен зерттемелерсіз-ақ мүмкін. Олар өз технологияларымыздың кем­шіліктерін өтеуге мүмкіндік береді, дәстүрлі тәжіри­бені қолдануға жол ашады. 
– Қазақстанда қай салаларда инклю­зивтік инновациялар дами алады? 
– Біздің елімізде инклюзивтік инно­вациялар ауылшаруашылығы, қолөнер өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, күн және жел энергетикасы сынды салаларда үлкен перспективаға ие бола алады. 
Инклюзивтілік өлшемі ауылды жерлерде басым өндірістерді дамыту үшін маңызды. Бұл жерде Қазақстан халқының 45 пайызы өмір сүреді, бірақ ол оның нәтижелеріне қолжетімділік тұрғысынан да, бұл үдеріске жаңа технологиялар жасауды тарту, жаңа бизнестерді ұйым­дастыру тұрғысынан да индустриалдық даму үдерістерімен айтарлықтай деңгейде қамтылмаған.  Нәтижесінде ауыл халқы табыстарының өсімі тежеліп, көптеген әлеуметтік мәселелер шешілмей қалуда. Қала халқына қарағанда, ауыл халқының ақшалай табыстары 1,5 есе төмен. 
Инклюзивтік даму мүдделеріне сәйкес келетін өндірісті дамыту жөніндегі нақты жобалар ауылды жерлерде өнеркәсіптің еңбек сыйымды салалары кәсіпорын­дарының еншілес бөлімшелерін ашудан бастап, дәстүрлі қолөнер мен экологиялық туризмді дамытуға дейінгі әр түрлі бағыттарды қамтуы мүмкін.  Сонымен қатар, жергілікті ресурстарды игеру жөніндегі өзгеше шешімдерді ынта­ландыру қажет. Ұсақ тауарлы өндірістер, туристік балық аулау, биоқарашірік, органикалық тыңайтқыштар өндірісі дами алады. Мұның барлығы ауылды жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.  
Көпшілігі инновацияны – жоғары технологиялар, олар саясаткерлердің, ғалымдардың, бизнесмендердің міндеті деп ойлайды. Алайда, инклюзивтік инно­вациялар бұл ойды жоққа шығарады. Себебі, олардың жасалуына да, нәти­желерін пайдалануға да ең қарапайым адамдар атсалыса алады.  
– Әңгімеңізге рақмет.