Басты  /  мақалалар  /  АТА ДӘСТҮРДЕН АЖЫРАМАЙЫҚ

АТА ДӘСТҮРДЕН АЖЫРАМАЙЫҚ

Айқын-ақпарат
1535
АТА ДӘСТҮРДЕН АЖЫРАМАЙЫҚ Біздің еліміздегі жағдайға келетін болсақ, Алаш баласының сан ғасырлық сенім-нанымы мен салт-дәстүрін теріске шығарушы бұл қарадүрсін қозғалыс ә дегеннен-ақ ұлт жанашырла­рының қатаң сынына ұшырады.

Теологиялық негіздері Тәңір-Тағаланы тіршілік иелеріне ұқ­сатушы Мүшаббаһия-Мүжасси­миядан (ІХ ғ) бастау алатын, ал канондық ұстындары діннің мақсатын тек сыртқы пішіннен іздеген Хашауия-Захирия (Х ғ) іліміне барып тірелетін уаһаб­шылдық ілімді ХІІІ ғасырда теолог Ибн Таймия доктриналдық тұрғыда жетілдірсе, одан әрі қарай ибн Каюм әл-Жаузия, ибнул Уәзир, Шәукани секілді теологтар жан-жақты дамытты.
Хақ діннің өзегі саналатын әһлу-сунна іліміне мүлде қарама-қайшы келетін осы жалаң іліммен ХVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген шейх Мұхаммед Әбдулуаһаб және оның ізбасары Мұхаммед Сууд қарулана отырып, Осман билігіне қарсы тұрды. Ағылшын алпауыттарынан қол­дау тауып, әуелгі «таза исламды» көзбояу етіп ұрандатқан уаһаб­шылдық қозғалыстың дінмен қатар саяси дітінің болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Оның ең бастысы да Нәжит айма­ғындағы уаһабшылдық идеоло­гияның негізінде арабтардың саяси дербестігін құруды көз­дегені белгілі.
Әдепкіде өз мақсаттарына иек арта алмағанмен, ХХ ғасырдың басындағы І Дүниежүзілік со­ғыста Осман империясының күйреуімен Нәжит арабтары уаһабшылдық идеологияның негізінде өз тәуелсіз иелігін құр­ды. Жоғары саяси ұйымға айнал­ғаннан кейін уаһабшылдық ілім Араб түбегінен шығып, өзге мұсылман мемлекеттерінің кеңістігіне де жылыстай бастады. Егемендіктен кейін сыртқа есік ашылған сәтте Сауд-Арабиясына барып, діни білім алған жастар елге оралғаннан соң, Қазақстанда уаһабшылдықтың кең өріс алуы­на қызу жұмыс жасады. Бұл кезде уаһабшылдық ілім елімізге Сурурия және Мадхалия тарма­ғымен таралды. Задында, бұл діни тармақтар Сауд Арабиясында 1990 жылдары пайда болды.
Олардың тарих сахнасына шығуының себебі, тоқсаныншы жылдары Ирак билеушісі Саддам Хусейн Кувейтті окупациялаған­нан кейін, Сауд Арабиясы Бағдат­тың әскери әрекетінен қауіптеніп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Яғни, Ирак Хизаж аймағына әскери шапқыншылық жасар болса, АҚШ Саудияны қорғайтын болып келісім жасалды. Осының нәтижесінде қасиетті Қағбаға иелік еткен ел Протестанттық алпауыт мемлекетке (АҚШ) протекторат ретінде бағынышты болды. Саудия үкіметінің бұл шешіміне наразы болған Ахмет Сурури бастаған діни азшылық топ король билігін «кәпірге» шығарды. Олардың пайымынша, мұсылман мемлекеті өзге дін өкілдерімен ауыз жаласпай, өзіндік мұсылмандық мүддені қорғауға тиісті-тін. Ал биліктің саясатын жақтаған Мұхаммед Радиғ Мадхали бастаған тобы Сурурияның ұстанымын терістеп, оларды «Үмбеттің Хауариждері» деп атады.
Біздің еліміздегі жағдайға келетін болсақ, Алаш баласының сан ғасырлық сенім-нанымы мен салт-дәстүрін теріске шығарушы бұл қарадүрсін қозғалыс ә дегеннен-ақ ұлт жанашырла­рының қатаң сынына ұшырады. Дегенмен, еліміздегі уаһабшыл­дық ілімнің технологтары қиыннан жол табуға кірісті. Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге орсақ тістерін көр­сетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына иек артқанға дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уаһабшылдар «қалыпты салафиттер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырым­мен жұмыс жасауға көшті.
Уаһабшылардың бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады. Яғни олардың бұл әнжі әдісінен елімізде уаһабшылдықтың «тахия­шылар» атты тармағы ортаға шықты. Ішкі қалауы айпарадай айқын көрінбегенімен, осы тахияшылар уаһабшылдық қозғалыстың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені тахияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып, дәстүрге дәрмен, пәктікке пәрмен бер­генсіп, көпшіліктің сеніміне кіріп, сәті соққанда өз идеоло­гияларын тықпалауға тырысып бағады. Өкінішке қарай, Қазақ қоғамы уаһабшылдық ілімді біршама терістегенмен, оның көлеңкесі осы тахияшылдыққа қарсы тұратын иммунитет қа­лыптастыра алмады. Осының әсе­рінен оның уыты тұтас қо­ғамды шарпи бастады. Жалпы, «тахияшылардың» технологтары бұқаралық сипатқа ие болу үшін Қазақ қоғамының барлық өкілдеріне тиімді шарттардың негізінде өз идеологиясын наси­хаттауды ойластыра білді.
Нәтижесінде айналдырған бес-он жылдың ішінде ағым мүшелерінің саны күрт артып, оттай қаулап өсіп, көбейген үстіне көбейе түсті. Дәл қазір уаһаб­шылдық қозғалыстың өкілдері қоғамның барлық саласында кездеседі десек, асыра айтқандық емес. Әсіресе, қара халыққа екпінді ықпал ете алатын көптеген өнер иелерін, спортшыларды, журналистерді, ақын-жазушы­ларды, ірі кәсіпкерлерді, кейбір молдаларды да осы ағымның сапынан көруге болады. Тіпті, уаһабшылдық қозғалысқа қормал болып жүрген базбір мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерле­ріміз де баршылық. Тахияшылар саны мен сапасын одан ары қарай арттыра түсу үшін күндік, айлық, тоқсандық, жылдық жоспармен, бір сөзбен айтқанда алдын-ала жан-жақты сараланған кешенді механизммен қызу әрекет етуде. Осы екпінмен қарасын қалыңдата түссе, алдағы он-жиырма жыл­дықтағы Алаш баласының денін осы тахияшылар тармағы құрай­тыны айтпаса да түсінікті жайт. Ал бұл бізге не береді? Көсегемізді көгерте ме, жоқ әлде заузатымыз түп-тұқиянымен өзгеріп, «Мұсыл­ман Қазақ еліміз» деген құр атымыз ғана қала ма?
Бізден бұрын бұл індет таралған посткеңестік мемле­кеттердің тәжірибесіне көз жү­гіртсек, уаһабшылдық қозғалыс Солтүстік Кавказдағы Шешен­станды мелдегінен қанға бөктірді. Тәжікстан мен Дағыстан тәрізді елдердің тынышын алып, тұны­ғын лайлады. Бұл елдер әлі күнге дейін ес жия алмай, қазіргі шақта соның салдарымен күресіп, сарсаңға түсуде. Өзбекстан билігі дүмпулерді тасқұрсау тәртіптің арқасында күшпен басып, уа­һабшылдықты дер кезінде ауыз­дықтай алды. Уаһабшы содырлар қоңсы Қырғызстанның оңтүсті­гінде оқтын-оқтын қарулы қақ­тығыс жасады. Өткен жылдары Татарстанда өздеріне қарсы келген талай жанның ғұмырын қиды. Уағында уаһабшылдықтың канондарын ұстанбақ болған «талибандар» Ауған мәдениетінің күлін көкке ұшыра жаздады. Ал уаһабшылдық іліммен уланған «Әл-Қаида» ұйымы әлемде теракт жасаудан өзге ешкімге жүлде берген емес. Ендеше, жаһанда бүлік ұйымдастырудан алдына қара салдырмаған уаһабшылдық қозғалыс Қазақияны қайтіп жарылқамақ?!
Бүгінгі күні құт-берекесі қашып отырған Мысыр билігі де уақытында «тахияшы» уаһабтар­дың әрекетін нәрегей іске балап келді. Мемлекеттік қадағалаудың жібі босап, биліктің бір сәт мүлгіп кеткенін қалт жібермеген уаһаб­шылар қысқа мерзімнің ішінде-ақ өз жақтастарының санын ай­тарлықтай арттырып, мемле­кетке ықпал ете алатын зор саяси күшке айналып үлгерді.
Атап айтар болсақ, уаһаб­шылар құрған «Хизб-Нұр» пар­тиясы өткен жылғы сайлауда жалпы халықтың 24 пайыз да­уысын иеленді. Қазіргі мемле­кеттік кеңесте 20 пайыздық орын иеленіп, «Ихуан-Мүслимин» партиясынан кейінгі екінші саяси ұйымға айналып отыр. «Хизб-Нұр» партиясы мемлекеттік билікке араласа бастағаннан «перғауындар» патшалығының басына қою қара бұлт үйірілді. Уақыптар уәзірлігінің орынтағына өз адамын әкелді. Тіпті, мың­жылдық тарихы бар әйгілі «Әл-Азһар» университетінің жүйесін өзгертуге барын салып жатыр. Барлық мешіттерде уаһабшылдық ілімнің насихатталуына заңдық тұрғыдан жол ашылды. Кайр мешіттеріндегі 5000 имамды қызметінен кетіріп, орнына өз кадрларын әкелуді ұйғарып отыр. Сонау қияндағы Мысырдан мысал берудегі айтпағымыз, біздің билік те «қалыпты сала­физм» деген сандыраққа ила­нып, тахияшылдық қозға­лысқа көз­жұмбайлықпен қарауын жал­ғас­тыра берсе, түптің түбінде Қа­зақстанда да «Мысыр син­дромы» қайталануы бек мүмкін. Ал Мысырдың таз кепешін киген жағдайда, көрер күніміз не болмақ? Бақ-берекеміз арта ма, жоқ әлде сорымыз қайнай ма?
Егер Қазақ қоғамында уа­һабшылдық қозғалыс үстем­дікке ие бола қалса (Құдайым оның бетін ары қылсын), халқымыздың мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі сүнниттік ба­ғыттағы Ханафия мазхабының канондық қағидалары күйреуге ұшырап, Ханафия-Матурудия сенім-наным негіздері күпірлікке баланады. Алаш қауымының сан ғасырлық мәдениеті мансұқ­талып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы «ширкке» теңес­тіріледі. Тек илаһи абсолюттік үкімдер (нақл) басшылыққа алынып, заманауи құндылық­тарды қорғауға бағытталған мемлекеттік низам жүйесіне мойынсұну күпірлік саналады. Діни бостандықты паш етуші мемлекеттің зайырлық тұрпаты терістеліп, оның орнына жалаң теократиялық сипаттағы ти­рандық билік орнайды. Демокра­тия, жариялық, адам құқығы т.б. құндылықтар аяқасты етіліп, Қазақияның боз бетеге, сұр соқпағы қанға бөктіріледі. Ең бастысы, ұлт және мемлекет ретінде ішкі мәнінен айырылған араби сипаттағы әйтеуір бір қауым болып күн кешуіміз ғажап емес. Ендеше, Алаш баласын алдағы уақытта зор қасіретке ұшыратар уаһабшылдық ілім бізге соншалықты несімен құнды болып отыр? Неге пышақ кесті тыйым салмаймыз?
Түптеп келгенде айтпағымыз, ұлтымыздың жаназасын шыға­рып, мемлекеттілігімізді жарға жы­ғатын уаһабшылдық қозға­лысқа мемлекеттік тұрғыда дереу тыйым жасалуы тиіс. Уаһабшыл­дықтың радикалды тармақтарына ғана емес, саяси-әлеуметтік ме­ханизмі жетілген «тахияшылар» тармағына да қатаң тоқтам жасалуы шарт. Егер көзге түскен тентегі мен тебізін ғана тыйып, момақан, жуас болып көрініп, тасада тұрып талматұсымызға тас ататын «тахияшыларды» ауыз­дықтай алмасақ, ұлттық мүдде­мізге төнген қауіпті бәрібір біржо­лата сейілте алмаймыз. Сон­дықтан, діни ұстанымы бо­йынша методологиялық әр-алуандыққа боялған уаһаб­шыл­дық іліммен тәжірибелік тұрғыда жан-жақты ымырасыз күресу үшін мемлекеттік кешенді бағдарлама қабылдауымыз қажет. Алаш баласын қарақұйын пәлекеттен аман алып қалудың жалғыз ғана жолы – осы!

 

Мұхан Исахан, 
дінтанушы